Бүгін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келген Уалихан Ибраевты ұжым жаңа қызметке шығарып салды.
Уалихан Серікұлы ендігі кезекте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалды.
Жиын барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов әріптесінің қоғамдық даму саласындағы еселі еңбегіне жоғары баға беріп, ізгі лебізін жеткізді.
«Уалихан Серікұлы қоғамдық даму саласында нәтижелі еңбек етіп, өңірдің рухани-идеологиялық бағыттағы жұмыстарының жүйелі жүзеге асуына сүбелі үлес қосты. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман, іскер ұйымдастырушы ретінде ұжым арасында зор құрметке ие болды. Жаңа қызметіңізге толағай табыс, абырой мен биік белестер тілеймін», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Уалихан Ибраев басқарма басшысының орынбасары ретінде «Тілдерді дамыту және ономастика», «Мониторинг және талдау», «Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс және жастар» салаларына жетекшілік жасап, аталған бағыттар бойынша маңызды жобалар мен бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болды.
Жиын соңында әріптестері де жылы лебіздерін білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Басқарма ұжымы қазақы дәстүрге сай Уалихан Серікұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Өз кезегінде Уалихан Ибраев көрсетілген құрмет үшін әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
