Бейсенбі, 28 наурыз, 21:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Әскерге кім бармайды?

19.04.2022

4531 0

Бүгінде жастардың әскери борышын өтеуден жалтаратыны туралы әңгіме көп. Бәріне  белгілі бір жайт, әскерге шақыру жылына екі-ақ рет келеді. Біріншісі көктемде, екіншісі күз мезгілінде. Ақпарат көздеріне сүйенсек, соңғы кезде әскери науқанда қанша азамат шақырылса да, әскери борышын ерікті өтеушілердің қатары азайған.

Жастардың дені жалтарып, түрлі сылтау мен бармаудың жолын табады. Өйткені борышкерлердің көбі әскерге баруды текке уақыт өткізу деп есептейді-мыс. Сірә, мұны жоққа шығару мүмкін емес. Әйткенмен бәріне бірдей күйе жағуға да болмайды. Өйткені әскерден түрлі себеппен босатылып немесе мүлдем шақырылмайтындар да бар. Бүгінгі мақаламызда «әскерге кім бармайды?» деген сауал төңірегінде әңгіме қаузамақпыз.

Алдымен әскерге шақыру жұмыс барысын айтайық. Қазіргі таңда жылдағы дәстүрмен әскерге шақыру қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергенов мәлімдеді.

– Мемлекеттің шекарасын күзету, халықтың тыныштығын қорғау – үлкен абырой мен сенім екендігін жас ұрпаққа түсіндіру маңызды қадамдардың бірі. Осы орайда, жыл басынан бастап Қызылорда қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен қалаға қарасты 9 ауылдық округ пен 2 кентте, сондай-ақ қала орталығында, жалпы  15 кездесу өтті. Кездесулерде қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов және сала мамандары  ер азаматтардың әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу міндеті туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, қалалық жастар ресурстық орталығымен жыл көлемінде әскери мамандықтарды жастар арасында насихаттау шаралары жалғасын таппақ. Әлеуметтік желілерде осы бағытта тікелей эфирлер де өткізу жоспарланған.

Қызылорда қаласында 18-27 жас аралығындағы азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары 1 наурыздан бастау алып, маусым айының аяғына дейін жалғасады. Бүгінде 1293 ша­қырушыға  «Шақыру парағы» таратылып, әскерге шақыру пункттеріне келуі туралы хабардар етілді, – деді Парасат Жаңабергенов.

Иә, әскерге шақыру жылдағы тәртіппен жүргізіліп келеді. Бірақ соған қарамастан борышын өтеуден қашу көпшілік үшін жаға ұстататын жаңалық болмай қалды. Алайда қазір тәртіп өзгерді. Әскерге шақыртуды елемей, медициналық тексеруден өтуге келмеген жігіттерге 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Кейін қайда барсаң да осы қағаз алдыңнан шығады да тұрады. Шетелге шыға алмайсың. Ол аз десеңіз, денсаулығына қасақана қысым келтіріп, жалған анықтама жасап алатындар айыппұл арқалайды. Ал кейбір жағдайда үстінен қылмыстық іс қозғалып, әскерден қашқан азамат үш жылға абақтыға қамалуы мүмкін. Ал әскерден босатылатындар жайы мүлдем бөлек. Жоғарыдағы қатаңдатылған шаралардың оларға қатысы жоқ. Бұл жайында Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, полковник Алмас Чункуновпен тілдескен едік.

– Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі. Оның ішінде отбасы жағдайлары, білім алу­ды жалғастыру үшін, денсаулық жағдайы, басқа да себептер болуы мүмкін.

Ал әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан босатудың жайы мүлдем бөлек. Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған, жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған, туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткергендер босатылады. Сондай-ақ еліміздің арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер, ғылыми дәрежесi бар азаматтар, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады, – деді Қызылорда қала­сының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Алмас Тілеуқабылұлы.

Ел ішінде осыдан біршама уақыт бұрын кесарь тілігімен туған баланың әскерге шақырылмайтындығы туралы ақпарат тараған еді. Алайда басқарма бастығы бұл ақпарт шындыққа жанаспайтынын айтып отыр. Оның айтуынша, әскерге шақырылған азамат психикалық аурумен тіркеуде тұрмаса, медициа мамандарының анықтамаларына сәйкес борышын өтеуге жарамсыз деп танылмаса, әскерге шақыртылады. Міне, анығы солай.

Мақала басында әскерге шақыртылатын азамат­тардың көбісінің басында несие бар екенін айттық. Полковник «басында несиесі бар азаматтар шақы­рылудан босатыла ма?» деген сауалымызға үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берді. Оның айтуынша, қазір еліміздегі барлық банктермен әскерге шақырылған несиесі бар азаматтардың «әскерде болған бір жылда несиесін уақытша тоқтату» туралы келісім бар. Қазіргі таңда уақытша үзіліс туралы «Каспий банкпен» де келісім-шарт жүргізіліп жатыр екен.

Расында, мемлекет азаматтарға әскерге «қалайда баруың керек» деп міндеттеп отырған жоқ. Егер шынымен жоғарыдағыдай, денсаулығы болмаса, білім алса, темір­дей қатты әскери тәртіп те борышкердің мүм­кіндіктерін ескереді. Жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын студенттер оқуын аяқтағанша әскерге бармайды. Одан кейін міндетті. Әскерге барудан үйленген, 1 баласы бар азаматтар мен денсаулығы жарамсыз азаматтар босатылады. Ал бір жылын әскерге жұмсағысы жоқтарға 40 күндік даярлықтан өтуге мүмкіндік қаралған.

P.S. Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті. Бұл Ата Заңымызда да тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Біздіңше, тепсе темір үзетін қазақтың қара нардай жігіттері бар күшін елді қорғауға жұмсауы керек. Сонда ғана шекарамыздан ешкім аттап өтпейді.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: