Жексенбі, 28 сәуiр, 03:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Астанада мүгедектігі бар жандар Яндекс таксимен тегін сапарлай алады

21.07.2023

220 0

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елорда әкімдігімен бірлесіп «Яндекс Go. Инватакси» пилот жобасын іске қосты. Мақсат – өз бетінше жүріп тұруы қиын мүгедектігі бар жандарға көмек көрсету. Жаңа жобаның ерекшелігі қандай? Қызметті кімдер қолдана алады? Қауіпсіздік қалай сақталған? Осы және өзге де сауалдардың жауабын ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік жобалар және объектілерге қолжетімділік бөлімінің басшысы Айнұр Әубәкіровадан сұрап көрген еді.

 Алдымен инватакси жобасы туралы айтып өтсеңіз.

 «Яндекс Go. Инватакси» пилоттық жобасы 10 шілдеде іске қосылды. Қазіргі уақытта такси қызметін 22 астаналық қолданып жүр. Қызмет мүгедек арбасын қолданатын жандарға ұсынылады.

Пилоттық жоба әзірге 2 айға жоспарланып отыр, егер оң нәтиже көрсетсе, ол ұзартылады. Жобаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 2 млн теңге бөлінді. Әзірге бір ғана, яғни «Астана қалалық мүгедек балалар қоғамдық бірлестігі» атынан іске асырылып жатыр.

Осы орайда жобаға қатысқысы келетін мүгедектігі бар адамдардың басқа да қоғамдық бірлестіктерінен өтініш түсіп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта пилоттық жобаға қатысатын қоғамдық ұйымдар санын арттыру жоспарда бар.

Уақыт өткен сайын инватакси қолданушылар саны арта түседі деп болжанып отыр.

– Инватаксиді қолдану үшін қайда өтініш беру керек?

– Қазіргі талап бойынша қолданушы «Астана қалалық мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінде» тіркеуде тұруы керек. Қызмет алғысы келетін ерекше жаннан жеке куәлігі, мүгедектігін растайтын анықтама және дәрігердің қорытындысы (№026 У) талап етіледі.

Инватакси қызметін қолдануға рұқсат дәрігердің қорытындысына қарай беріледі. Жалпы қызмет жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар жандарға арналған.

Инватакси қызметін кімдер қолдана алады, қандай да бір шектеулер бар ма?

– Негізі инватакси 5 бағыттан тұрады. Оның екеуі балаларға арналған. Келесі үш бағыт бойынша, алдымен мүгедек арбасын қолданатын жасы 18-ге толған азаматтар, көру қабілеті нашар жандар және арба қолданбайтын, бірақ мүгедектігі бар жандарға арналған.

Бір адам күніне 2 рет инватакси шақыра алады. Такси қызметі бойынша жұмыс күні немесе демалыс деген түсінік жоқ. Тағы бір айта кететін жайт, инватакси тек қала ішінде ғана қызмет көрсетеді.

– Такси қолданушының қайда және қандай мақсатпен бара жатқаны қадағалана ма, сұрау бар ма?

– «Яндекс Go. Инватакси» мобильді қосымшасымен такси шақырғанда қай жерге, не үшін бара жатырсыз деген сұрақ шығады. Яғни қолданушы мекенжайды, қандай мекеме екенін көрсетуі керек. Жалпы алғанда инватакси шақыру бойынша қандай да бір шектеу жоқ, тек күніне екі реттен аспауы тиіс.

Әзірге бір бағытқа таксидің ең жоғары құны 2000 теңге болып тұр. Демек барып-келу шамамен 4 мың теңгеге шығады. Жалпы инватакси қызметі бойынша біз күніне үш рет, таңертең, түсте және кешке есеп әзірлейміз.

Бір күнде қанша адам қолданды, қайда барды және қанша ақша жұмсалды деген секілді. Сол сияқты бүкіл ақпарат қосымшада көрсетіліп тұрады.

– Инватакси қызметі бойынша өтініш, арыз-шағым болса қайда жүгіну қажет?

– Қолданушы инватакси шақырған уақытта бос машина болмай қалуы мүмкін. Ондай сәттер болып тұрады. Кейбір қолданушы инватакси шақырып, кейін бас тартуы мүмкін. Әр жағдайдың себебі жеке анықталады.

Егер қолданушы инватакси қызметіне шағым түсіргісі келсе, алдымен жеткізуші мекемеге хабарласады. Одан әрі істің мән-жайын біз Яндекс компаниясымен бірлесіп қарастырып, шешім шығарамыз.

Инватакси қызметін Яндекс қосымшасында рейтингі жоғары жүргізушілер ғана көрсетеді. Егер жүргізушінің атына шағымдар болса, ол жұмысқа алынбайды.

– Мүгедектігі бар жандардың таксидегі қауіпсіздігі қалай қорғалған?

– Инватаксиде жүргізушіден бөлек, медициналық жұмысшы және механик міндетті түрде болуы керек. Жұмысқа арнайы рұқсаты бар қызметшілер алынады.

Қауіпсіздікке қатысты тағы бір жайт, егер қолданушы бірге жүретін адам керек десе, қасындағы кісі такси қызметін тегін пайдаланады.

Одан бөлек, кейде ерекше қажеттілігі бар жандардың жеке көмекшісі немесе мекеме атынан тағайындалған әлеуметтік жұмысшы болуы мүмкін.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: