Жұлдызнамаға сену-сенбеу әркімнің өз еркінде. Бірақ қазір астрологияның кең қанат жайып, әлеуметтік желіге өтіп, онлайн-кеңістікті жаулап алып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Осындайда астрологияны шынайы ғылым ретінде қабылдай аламыз ба әлде жоқ па деген сауал туады. Әрі адамның астрономиялық денелердің қозғалысына сенгені қаншалықты дұрыс?
Бұл сауалдарға жауап бермес үшін астрологияның не екенін ұғынып алайық. Астрология дегеніміз – ғарыштағы жұлдыздың, оның қозғалысы, Меркурийдің ретроградты орналасуы сынды астрономиялық құбылыстар адамның күнделікті жүріс-тұрысына, өмір ағысы мен мінез-құлқына әсер етеді деген сенім. Бұл ұғымды астрономиямен шатастыруға болмайды. Астрономия – ғаламдық галактика мен аспан нысандарының, ғарыш пен физиканың арасындағы байланысты ғылыми тұрғыдан зерттейтін сала.
Астрология бір қарағанда астрономияға жақын болуы мүмкін. Ғарыш нысандары туралы ғылыми деректерді, жұлдыздың орналасу картасын, ғылыми зондтау құралдарын қолданатын ілім деп ойлауымыз ықтимал. Алайда олай емес. Ал кей адамдар «астрология – ол ғылым, өйткені оның айтқаны дәл келеді, тағдырмен сәйкес, оған адамның өзі куә» деуі мүмкін. Алайда астрологияда ешқандай ғылыми негіз жоқ.
Оның негізгі құралы – тек жалпы, нақты емес, сұйық деректер мен болжамды ұсыну. Бұған мысал ретінде келесідей тәжірибелік жұмыстарды негізге аламыз.
1948 жылы психология профессоры Бертрам Форер студенттеріне арнайы тест жүргізген. Әрі студенттерге тестінің жауабы мен өзінің мінез-құлқының арасындағы сәйкестіктің қаншалық жақын екенін де шкаламен белгілеуі тиіс еді. Берілгені бес балдық шкала. Шкаланың орташа балы 4,26 болып шыққан. Яғни, студенттердің бәрі тестіде көрсетілген болжамның өзіне өте жақын екенін атап өткен. Ең қызығы сол – профессор оларға бірдей болжам берген-тұғын. Ал болжамды ғалым жергілікті газетте жазылған жұлдызнамадан алған. Жұлдызнамада бәріне ортақ, жалпылай тұжырымдар берілген: «сіздің ашылмаған қырларыңыз көп», «сіз тұрақтылықты жақсы көресіз», «сіздің мақсатыңыз – жетістікке қол жеткізу» сынды бұлдыр болжамдар айтылған.
Ал 2003 жылы Саскачеван университетінің (Канада) ғалымдары астролог Джеффри Дин мен профессор Иван Келли «егіздерді», яғни, бір уақытта туған адамдардың мінез-құлқын салыстырып көру үшін талдау жүргізген. «Уақытша егіздердің» саны 2000-нан аса. Астрологияға сенсек, бір уақытта туған адамдардың мінезі бір-біріне ұқсас болуы тиіс. Бірдей натальды карта көрініс табуы керек еді. Яғни, мінез-құлқы, отбасы жағдайы, таңдаған мамандығы, зияткерлік деңгейі, спорт пен өнерге деген қабілеті, т.б. белгілері ұқсас болады деп тұжырымдайды. Алайда ғалымдар мұндай ұқсастықты таба алмаған.
Осыған ұқсас тағы бір зерттеуде ғалымдар 4 мың адамды бақылауға алып, ұқсастығын тауып көруге тырысқан екен. Бұл жолы да зерттеушілер тобы туған күн мен адамның мінез-құлқының арасында еш байланыстың жоқ екеніне көз жеткізген.
Онда неге астрологиялық жорамал дәл келеді?
Бұл сұрақтың жауабы оңай. Негізгі фактор – адамның өзі. 1948 жылғы зерттеуге бұл құбылысқа «өзіндік пайғамбар» деген ұғым берілген. Яғни, адам оқыған, естіген болжам мен жорамалға өзі де сеніп (шын мәнінде өтірік), сол болжамның орындалуына қарай «жұмыс істейді». Яғни, сіз «жақын маңда үйлі боласыз» жеген сәуегей болжамды естіген жан үй сатып алудың қамына өзімен-өзі кірісе бастайды. Немесе «сіз бүгін болашақ адамыңызды кездестіресіз» дегенді де жақын қабылдап, сол күні кездескен қыз-жігітті өзіңіздің бақытыңызға балап жүре бересіз.
Жорамалдың сәуегейлігі сол ғана.
massaget.kz
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!