ҚР Ұлттық экономика министрлігі такси тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгеріс енгізді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі, – деп хабарлайды KAZINFORM
Енді тасымалдаушы такси қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті. Сонымен қатар, жаңартылған нысанда көлік құралы ауыстырылғанда және жаңадан көлік қосылғанда, яғни автопаркті жаңарту кезінде өзгеріс енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
Бұрынғы тәртіп бойынша, тасымалдаушы белгілі бір көлік құралына байланбайтын. Бұл жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушыларға немесе үшінші тұлғаға зиян келтірілген жағдайда жауапты адамды анықтауды қиындататын.
Осыған байланысты хабарлама нысаны көлік құралының маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін және шығарылған жылын көрсететін мәліметпен толықтырылды.
-Бұл шара жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне жауапты такси тасымалдаушысын жедел сәйкестендіруге, сондай-ақ нарыққа заңсыз қатысушылардың үлесін қысқартуға мүмкіндік береді,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, аталған өзгерістер «Мемлекеттік органдардың хабарламалар нысандарын және хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрыққа енгізілді.
Осыған дейін сенатор Бибігүл Жексенбай таксиде жұмыс істейтіндердің құқығын қорғауды күшейту керектігін айтқан болатын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
