Құрылтай

Дүйсенбі, 27 шiлде, 13:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№55 (2267)
25.07.2026
PDF мұрағаты

Цифрлық теңге деген не және ол әмиянға қалай әсер етеді

27.07.2026

24 0

Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан цифрлық теңгені іс жүзінде қолдану кезеңіне біртіндеп көшіп жатыр. 2026 жылы ол мемлекеттік сатып алу жобаларында қолданылып жатыр. Ұлттық банк сондай-ақ офлайн төлемдерді және бағдарламаланатын ақша технологиясын сынақтан өткізді, – деп хабарлайды  kursiv.media

Цифрлық теңгенің мәні, оны енгізу себептері және оның мемлекетке, бизнес пен азаматтарға беретін мүмкіндіктері жайлы Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова түсіндіріп берді.

Цифрлық теңгенің табиғаты мен мәні

Ұлттық валютаның бұл түрі – қолма-қол және қолма-қолсыз ақшамен қатар өмір сүретін үшінші нысан.

«Цифрлық теңге – бұл қолма-қол және қолма-қолсыз ақшамен қатар ұлттық валютаның үшінші нысаны. Егер қолма-қол ақша банкноттар мен монеталар түрінде болса, ал қолма-қолсыз ақша банктік шоттардағы қаражат түрінде сақталса, цифрлық теңге арнайы электрондық әмиянда сақталатын Ұлттық банктің цифрлық міндеттемесі болып табылады.

Іс жүзінде валютаның өзі емес, оның өмір сүру нысаны өзгереді. Бір цифрлық теңге әрқашан бір қолма-қол немесе қолма-қолсыз теңгеге тең. Сондықтан азаматтар үшін бұл жаңа ақша бірлігі емес, ұлттық валютаны сақтаудың және пайдаланудың қосымша тәсілі», – дейді Саида Тілеуленова.

Ұзақ мерзімді болашақта цифрлық теңге есеп айырысуды жеделдету, төлемдерді жүргізу құнын төмендету, ақша қаражаты қозғалысының ашықтығын арттыру және көлеңкелі экономиканы қысқартуға қосымша мүмкіндік жасайды.

Мемлекет қаржысын бақылау оңай

Сарапшының пікірінше, жаңа технологияның ең үлкен тиімділігі дәл мемлекеттік секторда байқалады.

«Қаражатты тек алдын ала белгіленген мақсатқа ғана пайдаланатындай етіп бағдарламалауға болады. Мысалы, мектеп, жол немесе басқа да инфрақұрылымдық нысан салуға бөлінген ақшаны техникалық тұрғыдан басқа мақсаттарға жұмсау мүмкін болмайды», – деп түсіндіреді ол.

Мұндай тетік мемлекеттік шығыстардың ашықтығын едәуір арттырып, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін төмендетеді.

«Мемлекет бюджет қаражатының қозғалысын іс жүзінде нақты уақыт режимінде бақылап, оның қалай пайдаланылып жатқанын қадағалай алады. Сондықтан цифрлық теңгені алғаш қолдану салалары мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік шығыстар болды», – деп атап өтті қаржыгер.

Сонымен қатар, жоба елдің инвестициялық климатына да оң әсер етпек.

«Егер цифрлық теңге мемлекеттік шығыстардың ашықтығын арттырып, есеп айырысуларды жеделдетсе, бұл инвесторлардың сенімін күшейтетін қосымша факторға айналады», – дейді Саида Тілеуленова.

Азаматтарға арналған мүмкіндіктер

Цифрлық теңгенің артықшылықтары тек мемлекеттік қаржы мен инвестициялық ахуалмен шектелмейді. Болашақта бұл технология қарапайым халықтың күнделікті төлемдерінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.

«Болашақта азаматтар интернет уақытша болмаған жағдайда да тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады. Мысалы, шалғай елді мекендерде немесе байланыс үзілген кезде. Бұл – орталық банктің цифрлық валютасының дәстүрлі қолма-қолсыз төлемдерден негізгі айырмашылықтарының бірі», – дейді сарапшы.

Цифрлық теңгені жаппай пайдалану біртіндеп жүзеге асады. Алғашқы кезеңде ол банктік карталарды, мобильді қосымшаларды немесе қолма-қол ақшаны алмастырмайды, тек есеп айырысудың қосымша тәсілі ретінде қызмет етеді.

Әлемдік тәжірибе қандай

Бұл тәсіл халықаралық тенденцияға толық сай келеді. Бүгінде орталық банктердің цифрлық валюталары (CBDC) бойынша жобалар әлемнің жүзден астам елінде жүзеге асырылып жатыр. Көптеген мемлекеттер де жаңа технологияны пилоттық жобалардан бастап, кейін оның қолданылу аясын біртіндеп кеңейтуде.

Ең танымал жобалар қатарында:

  • Қытайдағы цифрлық юань (e-CNY)
  • Багам аралдарындағы Sand Dollar
  • Нигериядағы eNaira бар.

Осындай жобаларды Еуропалық орталық банк, Ұлыбритания, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және басқа да бірқатар мемлекеттер белсенді дамытып жатыр.

Осы орайда, отандық жобаның деңгейі жоғары бағаланып отыр.

«Халықаралық есеп айырысулар банкі мен Халықаралық валюта қорының бағалауынша, цифрлық теңге жобасы дамушы елдер арасындағы технологиялық тұрғыдан ең жақсы әзірленген пилоттық бастамалардың бірі саналады. Оның басты артықшылықтарының қатарында офлайн төлемдерді жүзгізу мүмкіндігі мен бағдарламаланатын ақша технологиясын қолдану бар», – деп атап өтті Саида Тілеуленова.

Цифрлық теңге 18 шілдеден бастап ресми айналымға енгізілген. Цифрлық теңгені шығару, айналымын ұйымдастыру және өтеу құқығы тек Қазақстан Ұлттық Банкіне тиесілі. Барлық операция Ұлттық банктің арнайы платформасында ашылатын цифрлық шоттар арқылы жүзеге асырылады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, цифрлық теңгені мемлекеттік қаржы саласында пайдалану үшін үкіметпен бірге арнайы жол картасы бекітілген. Қазірдің өзінде айналымға шамамен 340 млрд цифрлық теңге шығарылған. Алдаңф уақытта цифрлық теңге айналымы 1 трлн теңгеге жетуі ықтимал.

Мемлекет сатып алатын қызметтер мен тауарларға қатысты 100 млн теңгеден асатын тендердің ақшасы цирфлық теңгемен төленеді.  

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: