«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы ауылдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Өткен кезеңде бағдарламаға 177 млрд теңге бөлініп, 800 ауыл жаңғыртылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, – деп хабарлайды KAZINFORM
Өңіраралық айырмашылықты азайту мақсатында 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекет Өңірлік стандарттар жүйесін енгізіп, оның талаптарын бюджеттік жоспарлаумен байланыстырды. Негізгі игіліктермен қамтамасыз етілу деңгейі төмен өңірлер республикалық бюджеттен басым тәртіппен қаржыландырылады. 2025 жылғы жағдай бойынша қалалардағы орташа қамтамасыз етілу деңгейі – 89,1%; ауылдарда – 67,6%. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 96% және 71% деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы ауылдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Өткен кезеңде бағдарламаға 177 млрд теңге бөлініп, 800 ауыл жаңғыртылды. 2025 жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 73 млрд теңге бөлініп, 226 ауылда 255 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 150 әлеуметтік нысан және 67 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны салынып, қайта жаңғыртылды, 180 км жол жаңартылды, 1 мың шақырым ауылдық инженерлік желі жаңартылды.
Ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп ашуға жылдық 2,5%-бен несие ала алады. Несие ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлері үшін 5 жылға дейін, ал АӨК саласында 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Ең жоғары несие сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін, кооперативтер үшін – 8 мың АЕК-ке дейін. 2026 жылы жобаны іске асыруға 5,4 мың жобаға бюджеттік микронесиелер мен лизинг беру үшін 100 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар қазіргі уақыттағы жағдай бойынша бағдарлама аясында жалпы сомасы 33,7 млрд теңгеге 3132 жоба нақты қаржыландырылды.
Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «Дипломмен – ауылға» бастамасы аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және АӨК салаларының жас мамандарына 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға жылдық 1%-бен 15 жылға дейінгі мерзімге бюджеттік несие беріледі. Бұл ретте маман ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.
Шағын қалаларды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы бюджет пен Ұлттық қордан 21 қалада 40 жобаны іске асыруға 11,9 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 42 шақырым жол мен 40 шақырым инженерлік желі жаңғыртылды.
Айта кетелік ауыл халқының 62,1%-ы спорт инфрақұрылымымен қамтылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
