Қазіргі кезде ресми некеде тіркелмеген, бірақ бірге тұратын жұпты көру таңғаларлық жайт емес. Бірге тұрудың мұндай түріне халық өзі «Азаматтық неке» деген атау берген. Алайда Қазақстан Республикасының заңнамасында мұндай тіркес те, ұғым да жоқ. Ал шариғатта ол некесіздікке жатады, – деп хабарлайды Massaget.kz
«Азаматтық некенің» шариғатқа қайшылығы мынадай:
1. Азаматтық некеде неке қиылмай ер мен әйел төсек қатынасына барады. Ал неке қиылмай төсек қатынасына бару шариғи тұрғыдан зинаға жатады. Зина шариғатта үлкен күнә болып есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде зинаға мүлде жоламауды қатаң ескерткен: «Зинаға мүлде жоламаңдар. Шын мәнінде, ол – анық арсыздық әрі ең жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят).
2. Азаматтық некенің салдарынан дүниеге келген бала ойнастан туған болып есептеледі.
3. Дүниеге келген сәби шариғи тұрғыдан мұрагерлік, қамқорлық құқықтарынан айырылады.
4. Сәбидің ата-анасы шариғат бойынша зинақор деген атауға ие болып, Алланың құзырында ауыр есепке тартылады.
5. Отбасылық жауапкершілік сақталмайды. Негізінде, ер-азаматқа отбасын асырап-бағу, нәпақа табу міндеті жүктеледі. Ұрпақ тәрбиесі, үй шаруашылығы әйелдің еншісінде. Ал азаматтық некеде мұндай жауапкершілік мүлде сақталмайды. Олар бар болғаны бір-бірін сынау, тәжірибе мақсатымен ғана бірге тұрады.
6. Жетесіз нәсілдің қалыптасуына септігін тигізеді. Себебі, қазақ жұрты өзінің тегін, ұлтын білмейтін ұрпақты, жеті атасын білмегенді «жетесіз» деп атаған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!