Жұма, 26 сәуiр, 14:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бізге отанымыздың тыныштығы қымбат

15.01.2022

879 0

Бейбіт күннің әр сәті баға жет­пес байлық. Ел елеңдеген, көңілге кірбің түсірген кешегі жағдай тыныштықтан асқан бақыт жоқ екенін тағы бір ұғындыра түсті. Өз талабымызды айтып, бейбіт шеруге шығамыз деген халықтың бастамасы берекетсіздікке,  лаң­кестік әрекетке ұласып, қаланың көркі қашып, ең қиыны азаматтар қыршыннан қиылды. Тұтқиылда болған бұл жағдайдан ел абдырап, жылдар бойы алаңсыз, жайлы өмірге үйренген жұрт қалыпты тіршілігінен жаңылды.

Осындай күрделі сәтте Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшілікті сабырға шақырып, нақты ше­шім­дер қабылдауы елдің ер­теңге деген сенімін нығайтты. Отандық телеарналар арқылы Ел Президентінің жолдаған Үн­деуі елордадан бастап, шал­ғайдағы ауыл жұртына дейін жетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жағдайды тұрақтандыру бағытында ауқымды жұмыс жүр­­гізіліп жатқанынан ел тегіс ха­бардар болып отырды. Бұл ша­ралар көпшіліктің күрделі жағдайды тез бағамдап, қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қатаң сақ­тауына үлкен ықпал етті. Өйт­кені ахуал тым күрделі еді. Ел аумағында террористік қауіптің «шекті қызыл» деңгейі енгізіліп, антитеррорлық операциялар бас­талды. Халық пен билік арасын ушықтырып, тұрақтылықты бұз­ғысы келгендерді анықтау, тұр­ғындарға төнген қауіпті сейілту басты мақсатқа айналды.

Облыста орын алған жағдай кезінде оң-солын танып үлгер­меген  жастардың теріс ниеттегі адамдардың сөзіне сеніп, бұза­қы­лық жасамауы, өмірі мен ден­саулықтарына қауіп төнбеуі үшін бақылауды күшейттік. Ең бастысы, тәртіпсіздікке барған адамдар арасында біздің оқу орнында оқитын білім алушылар болған жоқ. Жатақханада тұратын студенттердің қысқы демалыста түгелдей ауыл-аймақтарына қай­туына жағдай жасалды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің тап­сырмасына сәйкес, студент­тердің қысқы демалысы 24 қаң­тарға дейін ұзартылды. Ал­дағы уақытта академиялық күн­­тізбеге сәйкес екінші семестр жал­ға­сатын болады. Төтенше жағ­дайға байланысты профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жұмыс режиміне өзгеріс енгізіліп, барынша қо­лайлы жағдай жасалуда.

Елдегі әрбір адамды алаң­датқан бұл ахуал кезінде Мемлекет басшысының «біз жұ­мыла отырып, сын сағатты бірге еңсереміз» деп әрбір қазақстандыққа жігер, алдағы атқарылар жұмыстарға серпін берді.

Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін са­ралап, оның салдарына нақты баға беру керегін айтты. Ел үшін аса маңызды жиында барлық саланың алдағы даму бағыттары мен атқарылар жұмыстар сараланып, Президент сапалы білімге қол­жетімділікті арттыру бүкіл қоғам дамуының ең маңызды факторы екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңа экономиканы құру үшін уни­верситеттердің бәсекеге қабі­леттілігін арттыру маңызды екеніне де ерекше тоқталды. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел­дік университеттердің фи­лиалдарын ашу сұранысқа сай, сапалы кадр даярлау ісіне үлкен ықпал ететіні анық.

Заман талабына сай гумани­тарлық салаға қарағанда техника­лық мамандықтарға деген сұраныс күшейіп келеді. Бұл орайда Мемлекет басшысы білімге деген көзқарасты өзгерту керегін айтып, білім мен ғылым саласының ал­дындағы ендігі бағытты айқындап берді.

Егемендіктің әрбір таңын қуа­нышпен қарсы алып, тәуелсіздікті бағалау әрі тұғырлы етуге күш салу – баршамыздың міндетіміз. Тарихқа шолу жасасақ, қай кез­де де дана халқымыз бірлікті бәрінен биік қойып, жанжал мен қақтығысты болдырмауға күш салғаны, мәселені байыппен, саралап шешкені белгілі. Эконо­микалық жағдайларға байланысты түрлі жағдайлар орын алғанымен, қандай мәселенің де шешімі бар. Өзара алауыздықты көздеген сыртқы күштердің қандай бо­ла­тынын өткен аптадағы ахуал айқын аңғартты. Қандай жағ­дай болсын, бізге ортақ Отаны­мыздың тыныштығы қымбат.

Еліміздегі кез келген тұрғын өзінің күш-қуаты, білімі мен қабілеті арқылы сала жұмыстарын жандандырып, елдікті нығайта алатынына, біріміз бәріміз үшін деп жұмылғанда ғана азаттық рухы әрқашан асқақ болатынына сенімдімін.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры, қалалық

мәслихат депутаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: