Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Болашақ» – ел бренді

20.04.2021

2413 0

30 жылға жуық тарихы бар «Болашақ» бағдарламасы – Тәуелсіздік жылдары қол еншілеген ең маңызды жетістік. Себебі мемлекет қолдауымен шетел асып, білім алған жастар халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайының жақсаруына өз септігін тигізуде. Соңғы есеп бойынша бағдарлама шеңберінде 13 мыңнан астам қазақстандық білім алып, әр саладан орнықты орын иеленген. Тіпті түлектер қатарында вице-министрлер мен түрлі деңгейдегі әкімдер де кездеседі.

«Болашақ» стипендиясы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 1993 жылдың 5 қарашадағы №1394 қаулысына сәйкес құрылған. Аталған халықаралық бағдарлама Қазақстанның ғана емес, Орта Азияның ілгері басуына ықпал етіп келеді. Олай дейтініміз, дамыған елдерде білім алған жастар легі ғаламдық озық технологиялар мен соңғы жаңалықтарды игеріп, өз тәжірибесін көрші елдермен де бөлісуде. Бүгінде құны қымбат оталар мен тек дамыған мемлекетте кездесетін қолжетімді қызметтерді «болашақтықтар» Қазақстанға әкелді.

Жыл сайын мыңдаған жасты шетелде тегін оқыту үкі­метке де оңайға соқпаған. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Ақша тапшы, экономика әлсіз тұста мұндай қарқынды қадам үлкен тәуекел-тұғын. Қарымы қайтатынын білгенімен, сырттағы әрбір шәкіртке толық мүмкіндік жасау аз қаржыны қажет етпейтін. Алайда ізденіс жолындағы жастың меселін қайтармай, білімге құштар отандастарды қолдау бір сәтке де тоқтаған емес. Осы аралықтағы қиындықты Елбасы Н.Назарбаев былайша еске алады:

«Біздің «Болашақ» бағдарламасын бекіткеніміздің дұрыс болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Еліміз үшін ең күрделі болған 1993 жылы қарттарға зейнетақысын бере алмай жатқан кезде, мұғалімдер мен дәрігерлерге, әскерилерге айлығын төлей алмай жатқан тұста жастарымызды әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарына жібердік. Мемлекет әрбір жас үшін жыл сайын 30 мыңнан 50 мың АҚШ долларына дейін төлеп отырды. Бүгінде «Болашақ» стипендиясымен оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр».

Расында бағдарламаға кеткен шығын өз-өзін ақтады. Тіпті мемлекет дамуына пайда тигізіп, ел «тайқазанын» толтырды десек болады. Оның мысалын медицина саласынан аңғаруға болады. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген 790 маман денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Олар жыл сайын 200 мыңнан астам науқасқа операция жасайды. Қазіргі таңда «Болашақ» түлектері жасайтын күрделі оталар шетелде 50 мың долларға дейін бағаланады. Бұл алысқа сабылмай, сапалы отаны елде жасауға мүмкіндік туды деген сөз. Оған қоса, қымбат құрылғының тілін тауып, үздіксіз қызмет жасауда түлектердің білім-білігі орасан көмек көрсетуде.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы заман ағымына сай түрленіп, көптеген өзгерістерді өткерді. Мәселен, 1994-2004 жылдары 13 мемлекетте 785 қазақстандық білім алу мүмкіндігіне ие болса, кейін стипендия саны 3 мың­ға дейін артты. Уақыт өте стипендиаттарды оқыту және «Болашақ» түлектерін жұмысқа орналастыру үшін ар­найы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құ­рылып, жастардың тұрақты кеңес алуы мен жұмыссыз қалмауына жағдай жасалған. Сонымен қатар ауыл жастары, мемлекеттік қызметкерлер, педагог мамандар мен медицина және техника салаларының қызметкерлеріне жеңілдіктер енгізілді. Нәтижесінде сала мамандарына 12 айға дейін шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ бағдарламаны насихаттау мақсатында «Қазақстан-2050», «Болашақ», «ҚазАльянс» секілді қо­ғамдық және студенттік қозғалыс-қауымдастықтар құры­лып, жүйелі жұмыс істеуде.

Тағы бір айта кетерлігі, бағдарлама қаншама ауыл бала­сының қиялына қанат бітіріп, заман талабына сай білім алуына жол ашты. Ел жетістігінің ең ұтымды тұсы да осы болар, бәлкім.

Алайда, бұл «Болашақ» бағдарламасымен кез келген азаматтың ел асып білім алуына болады дегенді білдірмейді. Талапкерлерді ағылшын тілін меңгеру, интеллектуалды қабілетін дәлелдеу, қосымша халықаралық емтихан тапсыру секілді сынақ күтеді. Оған қоса жыл сайын бағдарлама ережесі мен іріктеу жүйесі қатаңдап, талап күшейген.

Білім беру ісін жетілдіру – ел дамуының басты көрсеткіші. Қоғамдағы ғылым-білімге құштар жастардың қатары артуы экономикалық ілгерілеумен шектелмей, мемлекеттің саяси аренадағы салмағын еселей түседі. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасы мыңдаған шәкірттің ғылым кеңістігіне енуімен қатар, Қазақстанның беделінің артуына мүмкіндік сыйлады. Сондықтан «Болашақ» ел бренді ғана емес, ел бедеріне де айнала білді.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: