Жұма, 26 сәуiр, 16:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Әскерге барғандар жеңілдікпен оқиды

27.09.2022

1113 0

Соңғы жылдары елімізде әскерге барушылар қатары күрт төмендеп кетті. Бірі қызметін қимаса, өзгесі қинайды деп қорқады. Одан бөлек жас кезінен бірнеше несие алып, банк оның төлем уақытын шегермегендіктен азаматтық борышынан қашып жүр. Сондай-ақ білім мен ақыл маңызды заманда бірнеше мамандықты игерушілер қатары да артты. Әскерде жиілеп кеткен сарбаздар өлімі де «комиссариаттан» бой тасалауға себеп болуда. Дегенмен қорғаныс министрлігі жастардың әскери борышын өтеуі үшін түрлі амал жасап бағуда. Соның бірі − әскерден кейінгі жоғарғы оқу орнында тегін білім алу.

Өткен аптада қорғаныс ми­нистрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева әскерге шақырылған сарбаздар қызметін өтеген соң ҰБТ тапсырмай-ақ Қазақстанның же­текші жоғары оқу орындарына түсе алатынын хабарлаған еді. Әзірге бұл бастаманы тек 30 университет қолдаған. Алдағы уақытта олардың саны 50-ге дейін жетуі мүмкін. Қазіргі кезде әскери борышын өте­ген­дердің қандай мамандықта білім ала алатыны туралы жоба дайын­далуда.

− Еліміздің жоғары оқу орында­ры әскерде ең жақсы нәтиже көр­сеткендерге грант беруге дайын. Әскери академиялар да оларды ем­тихансыз қабылдайды. Ірік­теуді қор­ғаныс министрлігі, шекаралық қызмет және Ұлттық ұлан өкілдері жүргізеді. Бұл тізімге ілікпегендер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өт­пей-ақ ақылы бөлімге түсе алады. Қалғандарға осы мүмкіндікті әскери қыз­метін аяқтаған сәттен бастап екі жыл ішінде пайдалануға рұқсат, – дейді Айгүл Төлембаева.

Ескере кететін жайт, бұл мүмкін­дікті әскери қызметі кезінде жақсы көрсеткіштерге ие болғандар ғана пайдалана алады. Жауапты ведомст­во бұл жаңашылдықты жастарды  әскерге  баруға ынталан­дыру үшін енгізген. Сондай-ақ бұл өзгерісті ен­гізу үшін де ауқымды заңнамалық өзгеріс қажет етілмейді.

Барлық өңірлердегі 40-қа жуық жоғары оқу орны, соның ішінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Satbayev University, Astana IT University бар. Қорғаныс министрлігі ЖОО-лар жылына кемінде 3000 грант бөледі деп болжауда. Нәтижесінде, әскерге шақырылған әрбір оныншы сарбаз оқуға тегін түсуге мүмкіндік алады. Бұл тек Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдерінде ғана емес, басқа да әскери құрылымда, яғни Шекара қызметі, Ұлттық ұлан­да қызмет еткен жауынгерлер де болмақ.

Қорғаныс министрлігі қазірдің өзінде жауынгерлердің дайындық барысында жинаған ұпайларын қо­ры­тындылап, рейтингін анық­тайтын әдістерді әзірлеп жатыр. Бастаманы келесі жылы қолданыс­қа енгізу жоспарланған. Алайда қазіргі уақытта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға да білім бойынша жеңілдіктер қарастырыл­ған. Министрліктің айтуынша, бұл жүйені ғылым және жоғары білім министрлігі, жоғары оқу орын­дарының ректорлары қолдап отыр.

Сондай-ақ министрлік сарбаз­дардың қауіпсіздігі мәселесін де қолға алмақ. Мәселен, аға офицер­лерлердің жауапкершілігін артты­рып, ата-аналар комитетімен тығыз байланыс орнату жоспарда бар. Психо­логтар да жауынгерлермен жиірек кездесіп, моральдық қолдау көр­сетпек.

Жалпы Қазақстанда міндетті әскери борышын кейінге қалдыра алатындар да бар. Қорғаныс ми­нистр­лігінің дерегінше, «Әскери қыз­мет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 35-бабына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азамат­тарға аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың шақыру комиссиясы шешімі бойынша беріледі.

Әскери борышын кейінге қал­­дыру мүмкіндігі азаматтың отба­сылық жағдайына байланысты, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулық жағдайы бойынша беріледі.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: