Жиынға облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова, облыстық Әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, облыстық дін істері басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Замира Сайғондыққызы және облыстық басқармалардың қызметкерлері қатысты.
Семинарды Әдеп жөніндегі уәкіл Бағдат Әбдіқадыр ашып, мемлекеттік қызметтегі әйелдерге қатысты статистикалық мәліметтермен таныстырып, қызметте кез-келген кемсітушілікке және жыныстық қудалауға жол берілмеу керектігін жеткізді.
Облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова комиссия жұмысына тоқталып, гендерлік саясат пен отбасы институтын дамыту бойынша атқарылған шараларды баяндады.
Өз кезегінде облыстық Әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова «Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында баяндама жасап, әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге қатысу белсенділігін арттыруға, әйелдердің көшбасшылық мектебін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Мира Қазбекова отбасы құндылықтары, мемлекеттік қызметтің маңыздылығы және отбасы мен қызметті қатар алып жүрудің ерекшеліктеріне тоқталды.
Сондай-ақ, семинарда Замира Сайғондыққызы отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық құқық бұзушылықтары туралы құқықтық түсіндірме берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
