Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 12:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Бұл – экономикалық терроризм»: Кәсіпкерлер жұмыс берушінің 5%-дық міндетті зейнетақы жарнасына қарсылықтарын білдірді

03.08.2022

1455 0

Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы енгізіледі. Яғни кәсіпкер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қызметкер жалақысының 5%-ын аударып отыруы керек. Алайда кәсіпкерлер мен бухгалтерлер зейнетақы жүйесіндегі жаңашылдыққа қарсы шығып, заң жобасын қайта қарауды сұрады. Сөздерінше, міндетті жарнаның жұмыс беруші мен қызметкер үшін де тиімсіз екен. Stan.kz ақпарат агенттігі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасына қатысты кәсіпкерлер мен экономистердің пікірін біліп көрді.

2023 жылы міндетті зейнетақы жарнасы 1,5% болады. Ал 2025 жылға бірте-бірте 5%-ға дейін көтеру көзделіп отыр. БЖЗҚ мәліметіне сәйкес, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын зейнет жасына толған тұлғалармен қатар мерзімсіз уақытқа белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар алуға құқылы.

Елде көлеңкелі бизнес көбейеді

Кәсіпкер, «Учёт» компаниясының негізін салушы Максим Барышев алғашқылардың бірі болып жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасына қарсылық білдірген. Барышев келтірген мәліметтерге сәйкес, егер 5%-дық жарна қосылатын болса, жалақы қорына түсетін ауыртпалық 41%-ға жетеді екен. Ал бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен де көп, дейді кәсіпкер. Салдарынан кәсібін адал жүргізіп отырған бизнесмен жалақыны «көлеңкелі» жолдармен төлеуге мәжбүр болады. 

«Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу кәсіпкерді жалақыны «конвертке салып» беруге мәжбүрлейді. Тиісінше зейнетақы қорына түсетін пайда төмендейді. Қазір кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау керек. Себебі бизнес дамыса, тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсарады. Бюджетке түсетін салық пен бюджеттік емес қорлардың пайдасы артады», – деп түсіндірді Максим Барышев. 

Кәсіпкер аталмыш жарнаның болашағына сенімсіздікпен қарайтынын сөз етті. 

«Алайда жинақтау жүйесінен айырмашылығы аталмыш жарнаға сақтандыру бойынша кепілдік берілмейді. Жинақтың келешекте күдікті инвестицияға айналып кетпеуіне кепілдік берілмейді деген сөз. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде тұрғындар зейнетақы жүйесіне сенбейді. Сондықтан 4 миллионға жуық азамат ресми түрде жұмысқа қабылданбай қызмет етіп жүр, яғни ешқандай салық  төлемейді. 

Қорыта келе, зейнетақы жүйесінде реформа қажет. Қазіргі өзгерістер зейнетақы жарналарын барынша көбейтуге бағытталған. Бізге халықаралық тәжірибеге емес, халықтың жағдайы, жергілікті реттеу мен кәсіп жүргізу ерекшеліктеріне арқа сүйеген жөн», – деді Барышев. 

Ал Қостанай облысы құрылысшылар ассоциациясының жауапты маманы Ирина Викулова шешімнің тым асығыс қабылданғанын мәлімдеді. Сөзінше, кәсіпкерлерге пандемиядан кейін қалпына келу үшін қосымша уақыт керек.

«Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының құрамында аталған жарна туралы өзгерістерді тыңдап, талқыладық. Министрліктің тұжырымын тыңдай келе мұның асығыс шешім екенін ұқтық. Пандемия, “қаңтар” оқиғаларынан кейін кәсіпке қайта қалпына келуі үшін уақыт керек, қосымша жарнаның еш керегі жоқ. 2025 жылдан бастап зейнетақының қалыптасуына тек мемлекет қана емес, кәсіпкерлер де қатысады. Яғни жарна осы кезеңде 5%-ға жетеді», – деді Ирина Викулова.

Кәсіпкер де елде көлеңкелі кәсіп көбейеді деген пікірмен келіседі. Ал жарнаны уақытылы төлеу үшін кәсіпкерлер тіпті кей әлеуметтік пакеттерді де қысқартуы мүмкін.

«2017 жылы зейнетақы жинағын Әзірбайжан банкіне салған. Алайда банк банкротқа ұшыраған соң, қордағы миллардтаған теңге желге ұшты. Осындай қателік үшін кәсіп зардап шегуі керек пе? Ал Әзірбайжан бұл қаржыны тек 2034 жылға қарай қайтарады. Меніңше, кәсіпті қыспаққа алуды емес, осы қаржыны елге қайтаруды ойластыру керек. Екінші мәселе – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы енгізілген соң әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттайды. Себебі кеткен шығынды өтеу үшін әркім өз қызметін қымбатқа сататыны сөзсіз”, – деді ол. 

“Бұл – экономикалық терроризм…”

Мәселеге қатысты пікір білдірген экономист Арман Бейсембаев зейнетақы жинақтарына қатысты жаңашылдықтың тек жұмыс берушіге ғана емес, жұмысшылардың өздеріне де кері әсерін тигізетінін айтады. 

«Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы – кәсіпкерлерге жасалған қаскүнемдік. Мұны «экономикалық терроризм» деп атайды. Жұмысшы үшін де, жұмыс беруші үшін де тиімсіз. Неліктен? Себебі жарнаны аудару үшін жұмыскердің жалақысы 5%-ға қысқарады деген сөз. Дәл қазір кәсіпкерлер жұмысшы үшін қосымша 5% төлеуге дайын емес. Ал басшылықтағылар зейнетақы жинағын дұрыс басқара алмағаны үшін кәсіпкерлерге қосымша салық салып отыр», – дейді ол. 

Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігі жоқ. Бұл – дұрыс басқармау салдарынан болған үлкен кемшілік. Сәйкесінше шенділер қордағы қаражат жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен толықтыруға тырысып бағуда, дейді сарапшы 

«Қорда «үлкен саңылау» пайда болған. Сондай-ақ алдағы уақытта зейнетке шығатындар саны бірден көбейеді. Өйткені Ұлы Отан соғысынан кейін елде бала туу көрсеткіші артты. Қазір бұл азаматтар еңбекке қабілетті халықтың негізгі бөлігін құрайды. Ал қор барлығына зейнетақы төлей алмайды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер арқасында елде өмір сүру жасы ұзарып келеді. Яғни қор кем дегенде 20 жыл зейнетақы төлеп отыруы қажет. Дәл қазір мен БЖЗҚ табысы жақсы деп айта алмаймын. Түсетін пайда инфляцияны әрең жабады. Сондықтан басқаруда жіберілген қателіктерді кәсіпкерлер арқылы жапқысы келіп отыр”. – деп түйіндеді ол. 

Экономист, GSB UIB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық міндетті зейнетақы жарнасының кәсіпкерлердің қалтасына ауыр тиетінін айтады. Себебі кәсіпкерлер онсыз да 6 салық түрін төлеуге мәжбүр. 

«Бұл шешімнен жұмысшы да зардап шегуі мүмкін. Жұмыс беруші 5% жарнаны жалақыдан ұстап қаламын демесіне кім кепіл?! Сәйкесінше жақсы мамандар жұмыстан кетеді. Жұмысшыны сақтап қалу үшін кәсіпкер жалақыны көбейтуі керек», – дейді ол. 

Мақсат Халық жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы енгізілген соң қызметкерлердің еңбекақысы да көтерілуі керек екенін мәлімдеді. Сонда ғана бұл жаңашылдық жұмысшыларға пайдасын тигізеді. 

«Алайда барлық кәсіпкерлер жалақыны бірден көтеруге дайын емес. Қосымша алымды енгізу үшін халықтың табысын арттыруымыз керек. Бұлай болмаған жағдайда бұл әлеуметтік шиеленіске алып келеді. Осы себепті қазір қосымша жарналар керек емес», – деп аяқтады экономист.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: