Сенбі, 20 сәуiр, 19:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

КІМГЕ НЕ ҚЫМБАТ?

30.11.2021

1058 0

«Өмір дегенің бір жарық сәуле екен ғой» деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, фәниде әркімнің өзіндік өмір жолы әртүрлі болып келеді. Менімен көптен таныс Бақытжан есімді жігіт бірде мені жолықтырып: «Сен журналист жігітсің ғой, мен жақында мынадай жағдайды көзбен көріп, жан дүнием алай-дүлей болып кетті. Соны сенімен бөлісейін деп едім», – деп бастады әңгімесін.

Әр сөзін анықтап, байыппен сөйлейтін оның сабырлы кейпіне мен шыдамсызданып не жағдай болды екен деп ертерек білгім келіп, сұраулы кейіппен қарағанымды ол сезген болуы керек: «Сен асықпай тыңда. Бұл ұзақ әңгіме», – деп мені сабырға шақырып, әңгімесін баяндады.

– Осыдан біршама күн бұрын жол жүру қамымен теміржол бекетіне барғанмын. Ішіне кіріп, өзіме оңтайлы орын іздеп, көзіммен адамдар арасын шолып өтіп едім. Кенеттен өзім қатарлы арудың егіліп жылап отырғанын көріп, көңілім елжіреп кетті. Жайлап жанына жайғасып, жағдайын білмекші болып едім. «Анашым-ау, мені кімге тастап кете барасың?» деп егіліп қоя берді. Абыр-сабыр көпшілік ішінен тысқа алып шығып, анықтап сұрасам, Арал ауданынан екен. Анасының қазасын есітіп, соған бара жатыр. Қоштасар сәтінде әлгі бейтаныс бойжеткен: – Рахмет, аға! Бүгінде адамдардан мұндай мейірімділік күте бермейсің. Бәрінен де ана қымбат екен, – деп тебірене сөйлеп теміржол бойымен теңселе басып кете барды. Осы оқиға әлі күнге есімнен кетпей, мені үлкен ойға жетелеумен келеді, – деді ол әңгімесін аяқтап. Досымның сол әңгімесінен соң мынадай ой түйіндедім.

Бүгінгідей талас-тартысы көп, алмағайып заманда әрбіріміз әр нәрсені қымбат көретін тәріздіміз. Мәселен, көлік жүргізушісіне тәуір көлік, спортшыға жеңіс тұғыры, біреуге дос пен туыстан жалақысы мен қызметі қымбат болып көрінер. Жасыратыны жоқ, соңғысы басым болып барады бүгінде. Оның салқынын сезіпте жүрміз.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 10 айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 7 сыртқы талдау жүргізіп, нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында 69 ұсыным енгізілді.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра отырып, парасат қағидаларын ілгерілету мақсатында жыл басынан бері онлайн және офлайн форматта 495 іс-шара өткізіліпті. Сонымен қатар «Адал көмек» жобасы аясында тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру науқаны жүйелі жүргізіліп келеді. Осы мақсатта Қызылорда облыстық департаментінің ұйымдастыруымен «Антикор орталығы ғимаратында «Адал көмек» жобасы аясында адвокаттар мен заңгерлер тегін құқықтық кеңес беріп жүр. Бұл да өз кезегінде  халықтың заңдылықты жетік меңгеріп, өз құқықтарын жоғары ұстауға үндейді.

Мына ақпарат пендешілік пейілдің пайымын таразылайды. Есепті мерзімде 48 қылмыс анықталып, оның 30-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты болған. Бұл көрсеқызарлықтың көрінісі емес пе?! Әсілінде адамзат баласының алған үстіне ала түссем деген менмендігі кейді ауыздық бермес асаудай асқақтап кететіні бар. Оған Ескендір Зұлқарнайдың қолы табыттан шығып бара жатқаны сөзімізді жандандыра түскендей. Бұл бір ғана мысал.  

Алайда, адамға адамнан қымбат ештеңе жоқ. Солай болып қала береді де… Өкініштісі оны түсініп жатқандар аз. Ауруханада жатқан науқас үшін дертінің дауасы – ем қымбат. Ата-ана мен бала қымбат. Бабалар аманаттаған дархан дала қымбат. Әркімге туған жері қымбат. Бағалағанға ердің абыройы мен елдің бейбітшілігі қымбат. Ұлттық құндылықтардан асқан байлық жоқ. Сананы тұрмыс билеген қоғамда кейбір замандастарымыз ақшаға бәрін сатып алуға болады деген тар түсініктің аясынан аспайды. Шындығында, ақшаға сатылмайтын баға жетпес байлықтар бар. Ол елдің амандығы, жердің тыныштығы. Азаттық аса қымбат.

Сөзімді қорытындылай келе қарғаның қадымындай қысқа ғұмырда көңілдің көйлегін кірлетпей, жүрек жылуларымызбен бөлісе білгенге не жетсін. Өйткені, тұлпардың тұяғы қатты болғанымен белі бос, сұңқардың қанаты қатты болғанымен мойны бос, ал адамның мінезі қатты болғанымен көңілі бос дейді данагөй қарияларымыз. Арамыздағы ынтымақты берік ұстай білсек ғана бағындырар белестеріміз бәсеңдемек емес. Себебі береке – бірлік – тату тірліктің ұйытқысы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Түркі Әлемі Жазушылар Одағының мүшесі

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

«Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: