Жұма, 29 наурыз, 07:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Чернобыль & Фукусима: Қазақстанға АЭС керек пе?

22.02.2022

1924 0

Осыдан біршама уақыт бұрын елде атом электр стансасын (АЭС) салу туралы мәселе көтерілді. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ел алдында жасаған кезекті Жолдауында айтты. Бірақ оған жұрт үзілді-кесілді қарсы да болды. Әйткенмен Мемлекет басшысы оның қажет екенін, келешекте керек екенін тілге тиек етті. «2030 жылдан кейін елімізде электр энергияcының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеде тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес.

Сол себепті бұл мәселені ұтымды шеше білуіміз қажет, сан түрлі болжам мен эмоцияға жол бермейік», – деді Президент. АЭС салынса қаупі де аз емес.

Қалай болмақ дейсің ішіңнен.

Атом электр стансасы дегеніміз түсінікті тілмен айтқанда, электр энергиясын өндіретін үлкен станса. Бірақ отыны жанар-жағар май емес. Оған отын ретінде уран, плутоний қолданылады. Бұлардың жылу шығару қабілеті күнделікті өмірде қолданып жүрген газ, мұнай мен көмірге қарағанда бірнеше миллион есе артық. Ал АЭС салу үшін біраз жыл кетуі мүмкін. Бүгінгі құнымен қарасақ, 1 реактордың өзі 5 млрд долларға жобалас екен. Оған қоса, мұндай үлкен құрылысқа осы саланы білетін білікті мамандар қажет. Бір білеріміз, біздің елдің бұл бағытта тәжірибесі жоқ. Сондықтан білікті мамандар жоқ десек те қате болмас. Егер мұндай құрылыс салатын болсақ, бірінші үлкен қаржы жұмсайтынымызды да есептеу керек. Шетелден алдыртқан жұмыс күшінің қаржысы аз болмасы анық. Ақпараттарды сүзіп отырып, мынадай бір дерекпен ұшырастық. Мәселен, бір елде АЭС салынатын болса, ол 40 жылдай өнімді жұмыс істеп, 15 жыл демалу қажет екен. Содан соң оны қайтадан зардабы болмайтындай етіп бұзу қажет. Оған бастапқы салғандай мол қаражат жұмсалады. Әрине, ауаны ластамай электр энергиясын алу шынында жақсы нәрсе. Дегенмен бұл құрылыстың зияны мен келер қаупі де аз емес. Радиоактивті қалдықтар шығады, оны қайда тастаймыз? Осы сұрақтың өзі тыныштық бермейді. АЭС-тің пайдасы қандай болса, зияны да сондай болып тұр ғой.

Жалпы АЭС бар елдерді ойландыратын бір мәселе бар. Ол ядролық қалдықты залалсыздандыру жайы. Мұның шешімін әлі күнге дейін бірде-бір ғалым таппады. Кезінде ғалымдар ядролық қалдықтарды ғарышқа шығарып тастау, Антарктидаға апарып тастау керек деген сияқты бірнеше идеялар айтқан. Бірақ олардың тиімсіз тұстары көп болып шықты. Сол себепті бұл ойлар жүзеге аспаған. Кейін жерүсті бункерінде сақтауға болады деген ой айтылды. Бірақ ол идея да ұзаққа бармады. Қазіргі таңда озық мемлекеттер терең ор қазып, соған сақтау тәсілін қолданады. Ғалымдардың айтуынша, ядролық қалдықты жер астына мәңгілік сақтау үшін саз, гранит және құм қажет. Бұл мәселе елімізде қалай шешімін таппақ? Бізге шынында АЭС қажет пе өзі? Әріге бармай-ақ өзіміздегі тұз өндіретін Аралды, ғарышқа зымыран ұшыратын Байқоңырды, уран шығаратын Шиеліні алсақ та жетіп жатыр. Қазақстанның бұдан өзге де ластанған жері аз емес. Бір ғана Семейдің өзі неге тұрады? АЭС салына қалса, әлемнің озық елдеріндегідей технология келе ме? Қалдықтарды залалсыздандыра аламыз ба? Мамандар мәселесі ше? Ойланарлық жайттар аз емес.

Қазақстанның атом және ядролық энергетикада тәіжірибесі бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ақтау қаласында 1972 жылы салынған АЭС әлі бар. Ол 25 жыл жұмыс істеген соң 1997 жылы үкімет реакторлық құрылғының жұмысын тоқтатқан. Жалпы халқымыз көп жылдар ядролық сынақтан зардап шекті. Радиоактивті қалдықтардың зияны әлі де жойылған жоқ. Сондықтан бұл мәселе әлі де біржақты сияқты.

Ғалымжан ҚҰРМАНБАЕВ, техника ғылымдарының кандидаты, Қоркыт ата атындағы Кызылорда университетінің электр энергетика және өмір тіршілік кафедрасының аға оқытушысы:

– Қазақстанда АЭС салу неге көтерілді? Өйткені қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстік бөліктерінде, атап айтқанда Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы электр энергия тапшылығы 1500МВт құрап жатыр деп еліміздің энергетикалық жүйемізді басқаратын операторымыз «КЕГОК» компаниясы айтқан болатын. Ол тапшылықты солтүстіктегі қуатты Екібастұз ГРЭС-1 және 2 энергия жүйесі және Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің энергетикалық

жүйесі арқылы жауып отырмыз. Бізде Кеңес дәуірінен қалған біріккен энергетикалық жүйе болғандықтан, энергия тапшылығын шартты түрде жабуға, сонымен қатар энергетикалық тұрақтылыққа қол жеткізе аламыз. Бірақ бұл Қазақстанды энергетикалық тәуелділіктен құтқара алмайды. Болашақта көршілес мемлекеттер бізге энергия беруден бас тартса, онда қиын жағдайға тап боламыз. Бәрімізге мәлім, энергия тұтыну жылдан-жылға артып отыр. Сонымен қатар Президентіміз соңғы 5 жылдықта жаңадан ондаған ірі машина жасау, мұнай-химиялық кешендері сынды басқа да кішігірім зауыт-фабрикалар салынатынын айтты. Осының өзі елімізде электр энергиясы тапшылығын тағы да туғызады.

Сондықтан Қазақтанда қуатты электр стансалар салу керек. Елде АЭС салу мәселесі ұзақ жылдар көлемінде көтеріліп келеді. Оны салу немесе салмау жан жақты зерттеліп барып, қабылдағаны жөн. Қазір дамыған елдердің бәрінде АЭС бар. Олар өткен ғасырдың 80-90 жылдарынан бастап сала бастады. Менің жеке ойым Қазақстанда АЭС салу керек деп ойлаймын.

Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің ел уран қоры бойынша әлемде бірінші орында, өндіру бойынша екінші орында тұр. Яғни арзан ресурс – арзан электр энергия алу мүмкіндігі. Екіншіден, экологиялық тұрғыдан одан келетін зиян көмір электр стансасынан екі есеге аз. Үшіншіден, аз аумаққа орналастыруға болады. Бірақ санитарлы-қорғаныс зонасы ондаған шақырымды алып жатады. Төртіншіден, қуатты станса салуға жететін жер де, қор да бар деп ойлаймын. Ал енді халықтың қорқатыны оның экологиялық апатқа әкеле ме деп алаңдауында және елімізде атом саласында жұмыс істейтін мамандардың тапшылығы немесе жоқтығы десе де болады. Меніңше, бұл мәселелерді де шешуге болады. Еуропаның халқы тығыз орналасқан жерлеріне атом стансаларын салғанда, ол кезде де мамандар аз болды, бірте-бірте үйренді, қалыптасты.

Расында, АЭС-тің артықшылығы біздің өзге мемлекеттерге тәуелділігімізді азайтады. Өткен ғасырда ядролық энергияны әзірлеушілер АЭС-тің артықшылықтарына назар аудара бастаған. Мәселен, онда электр энергиясын өндіру арзан, көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларына қарағанда зиянды түтін аз шығарады, қолданылған отын екінші рет қайта пайдаланылады әрі АЭС-тің қуаты өте жоғары. Бірақ соған сай кемшіліктері де бар. Мысалы, сәулеленген отынды қайта өңдеу мен сақтау өте қауіпті. Әрі оған айтарлықтай шығын кетеді. АЭС-ке мол су қоры қажет, ураннан үлкен көлемде қалдықтар қалады, апат орын алса, оның алдын алу мен радияцияны жою мүмкін емес. Елді алаңдататыны да – осы. Апат. Тарихқа үңілсеңіз, АЭС-тің зардабын тартқан елдер баршылық. Атом электр станциясындағы алғашқы апат 1979 жылы АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Три-Майл-Айленд стансасында орын алды. Апат салдарын жою үшін бір млрд доллар қаржы мен 14 жыл уақыт кеткен. Тарихта екі апат қана үлкен зардап әкелген. Бірі – Чернобыль, екіншісі – Фукусима апаты.

Жалпы айтқанда, «АЭС Қазақстан үшін тиімді ме, тиімсіз бе?» деген сауалға жауап беру өте қиын. Елімізде уран қоры жетерлік. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, АЭС салудың қаупі де зор. Апат бола қалған жағдайда, радиация салдарынан бүкіл елмен қоса, әлем де зардабын тартады. Сол себепті кейде электр энергиясын өндірудің жанама түрін қолданған да дұрыс па деп ойлайсың.

Бүгінде электр энергиясын өндірудің жанама түрін әлемнің озық елдері қолданып келеді. Соның бірі – жел және су энергетикасы. Мамандардың айтуынша, еліміздің шығыс, оңтүстік аймақтарында су электр стансалары мен жел электр стансаларын біріктіріп, электр энергиясын өндіру өте тиімді. Әсіресе, қыс мезгілінде жел күші көбейсе, жаз мезгілінде азая-ды. Су болса, керісінше, қыста азайса, жазда көбейеді. Осылайша энергия өндіруді біршама тұрақтандыруға болады. Қазақстанның барлық өңірінде күшті желдер жиі болып тұрады, оның максимумы қыс пен көктем және күзде болады. Дамыған, алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінде су мен жел энергетикасын белсенді қолданады. Алайда Қазақстан үшін айтарлықтай қымбат. Ал енді күн энергетикасының жөні бөлек. Қазақстан территориясы бұл энергетикадан кенде болмасы анық. Аптап ыстық бізде ғой нағыз. Күн энергетикасын қолдансақ, экологиялық тұрғыда таза, қауіпсіз әрі пайдалануға да ыңғайлы. Артықшылығы сол, қолжетімді, сарқылмайды әрі қоршаған ортаға қауіпсіз. Кемшілігі енді ауа райы мен тәуліктің уақытына тәуелділігінде. Соңғы он жылдықта әлем осы бағытты қолға алды.

Осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов электр энергиясының тапшылығы туралы айтқан болатын.

«Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға әлеуеті жеткілікті. Біз өндірілетін табиғи уран бойынша әлемде бірінші орындамыз. Бізде ядролық отынның құрамдас бөліктерінің өндірісі бар, сонымен қатар біздің елде уран изотоптарын байыту қызметтеріне қол жетімді»,– деді ол.

Энергетика министрі 2021 жылға дейін жүргізілген статистикалық талдауға сәйкес елімізде электр энергиясын тұтыну жылына орта есеппен 2%-ке өскенін, ал өткен жылы тұтыну өсімі өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 6,1%-ке артқанын атап өтті. Бұл ретте Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағында бұл көрсеткіш 12% -ті құраған.

Иә, мәселенің жайын мәлімдемеден түсіндік. АЭС қажеттігі түбі туындайды-мыс. Бүгінге дейін елімізде электр қуаты жылу электр станциялары мен су электр стансаларынан алып келеді. Біз қолданып жүрген электр қуатының 90 процентке жуығы жылу электр стансасынан алынған. Елімізде электр энергиясының 70 проценті көмірден, 14 проценті су электр стансаларынан, 10 проценті газдан және 5 проценті мұнайдан алынып отыр. Алайда электр энергиясының жеткіліксіздігі қазірдің өзінде байқалады. Сондықтан Қазақстан электр энергиясын көрші елдерден импорттайды.

Чернобыльде болған жағдайдан кейін Италия Атом электр станциясы құрылысына тыйым салған. Ал Фукусима апатынан кейін Жапония елдегі көптеген стансаның жұмысын тоқтатты. Германия да атомнан бас тартты.

Ал бірақ Ресей, Қытай, Франция, АҚШ елдері әлі күнге дейін атом электр стансаларының құрылысын қарқынды дамыту үстінде. Ресейдің бізге ұсынып отырғаны да сондықтан. Бірақ көршілес елдің бұл «қамқорлығына» сарапшылар басқа көзқараста.

Темірғали КӨКЕТАЕВ, физик, ғалым, профессор:

– Физик ретінде атом электр стансасының салынуына қарсы емеспін, бірақ оны Ресейге жасатайын деп отырғандарына қарсымын. Ресей атом электр стансасын салудан баяғыда артта қалған. Егер де Жапония немесе Германия, Швеция, АҚШ салатын болса бір жөн, онда қарсылығым жоқ. Оларда жаңа технология бар.

Бірақ қазір Ресейге тапсырыс бергісі келіп жатыр. Ертең олар ең нашар атом электростансасын салып береді, сосын біз оларға кіріптар болып қалуымыз мүмкін. Мен ұрпағымның біреуге кіріптар болғанын қаламаймын.

Өзімізде бұл салада тәжірибе де, қажетті мамандар да жоқ, сол себепті маманның барлығын тағы Ресейден алуға мәжбүр боламыз. Ал олар қазақтарға үйретпейді де, теориясын айтпайды да. Бір шегесі дұрыс болмай қалса, оны түзеу үшін қаншама миллиард ақша сұрауы мүмкін. Жапондарға салдыртсақ, олар өз мамандарымызды үйретеді. Жапонияда 5-6 рет болдым, қазақ халқын қатты құрметтейді.

Жалпы жақсы АЭС салу үшін миллиардтаған қаражат кетеді. Халық онсыз да пандемияның зардабын тартып отырғанда, мұның дәл қазір қажеті жоқ, – дейді ғалым.

Сөз соңы. Сонымен халық АЭС салуға наразы, ал билік түптеп келгенде бүкіл әлемнің осы үрдіске көшетінін және бізде де электр энергиясының тапшылығы болатынын алға тартады. Біздіңше, билік елімізге салынатын АЭС-ның қауіпсіздігіне кепіл бермесе, халық өз наразылығын қоймайтын іспетті. Өйткені бір қателігінен опық жеген. Зардабын тартқан. Тартып келеді. Күдігі де, үміті де бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жыр болған АЭС-ның келешегі кемел дегенмен, зиянды тұстары қарапайым халықты алаңдатуда. Енді оның салынып, салынбауы уақыт еншісінде.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: