Сейсенбі, 21 мамыр, 21:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40-2050
21.05.2024
PDF мұрағаты

Ер адам басын ойып, өзіне чип орнатқан

21.07.2023

403 0

Алматыда Михаил Радуга есімді ер адам миына чип орнатып алған. Ол бұрғы және басқа құралдар көмегімен өзінің басын ойып, ота жасаған. Ер адам YouTube-тен нейрохирургтердің жұмысы туралы бейнероликтерді сағаттап зерттеген. Massaget.kz тілшісі өз бетінше ота жасаудың қаупі туралы нейрохирург Сұлтан Асхатұлымен сұхбаттасты. 

Дәрігердің айтуынша, үй жағдайында мүлдем ота жасауға болмайды. Маман оның салдарын түсіндірді. 

«Нейрохирургиялық отаны үйде жасау қауіпті. Мұндай жағдайда, біріншіден, асептика (стерилизация) ережелері бұзылады. Екіншіден, отаға қажет нақты құралдар болмайды. Үшіншіден, мұндай күрделі ота үшін дәрігерлердің жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі қажет. Мұндай манипуляция кезінде қате жіберілсе, болашақта сал ауруына әкелуі мүмкін, себебі ота жасағанда абай болмаса, маңызды бөлікке тиіп кетуі ғажап емес. Ер адам артерияға тиіп, көп қан жоғалтып өліп кетер еді. Немесе мұндай манипуляциялардан денесі құрысып қалуы мүмкін еді. Одан есінен танып, өзін жарақаттап алуы ғажап емес», – дейді дәрігер. 

Нейрохирург бұрын осыған ұқсас жағдай болғанын айтты. Алайда ол жағдайда екі адам арасында жанжал шыққан. Дәрігер өзінің басын әдейі тескен адамды бірінші рет көріп тұрғанын бөлісті. 

«Бұрын осыған ұқсас жағдай болған. Бірнеше адам ішімдік ішіп отырған кезде араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің басына пышақ сұғып алған. Мас әйел басынан пышақты шығармақ болады, алайда оған дер кезде көмек көрсетілген. Кейін оған ота жасалды, осылайша әйел аман қалды», – дейді Сұлтан Асхатұлы. 

Михаил Радуганың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Нейрохирург «ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін бе» деген сұраққа жауап берді.

«Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы мүмкін. Алдымен ол психологиялық ауытқуларға шалдыққан ба, соны тексеріп алу керек. Ал егер ер адамның психологиялық ауруға шалдыққаны расталса, оны арнайы емдеу мекемелеріне жібереді», – дейді дәрігер. 

Дәрігер бұл ота жайлы өз пікірін білдірді. 

«Мұнда санитарлық-гигиеналық нормалар бұзылған, ота түсініксіз құралдармен жасалған және түсініксіз электрод орнатылған, сонымен қатар, бұл кісінің парақшасын қарап отырып, ол басына электродтарды не үшін орнатқанын түсінбедім. Негізінен миға электродтар орнатылады. Мұндай ота DBS (миды терең ынталандыру – еск.) деп аталады. Бұл ота Паркинсон, талма ауруы, Туретт синдромы кезінде жасалады. Бірақ бұл үшін дәрігердің көрсеткіші қажет. Ал ер адам жасаған ота өлімге әкелуі мүмкін», – деп түсіндірді дәрігер.

Михаил Радуганың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Сұлтан Асхатұлы дәрігер ретінде кеңес берді. 

«Мен нейрохирург ретінде үй жағдайында ота жасамақ түгіл, диагноз қоюға кеңес бермеймін. Қазір медицина бір орында тұрған жоқ. Ал Қазақстандағы медицинаның деңгейі өсіп келеді. Дәрігерлердің оған электродтарды орнатудан бас тартқаны орынды деп ойлаймын. Өйткені әрбір ота қатаң көрсеткіштер бойынша жасалуы керек. Ота қандай да бір тәжірибе үшін жасалмауға тиіс», – деді ол. 

«Қайталамаңыз!» Алматыда басын ойып, өзіне чип салып алған ер адам туралы не белгілі?

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам бұрғының көмегімен басына ота жасағаны хабарланған еді.

Ол YouTube-тан нейрохирургтердің жұмысы туралы бейнероликтерді сағаттап зерттеп, тіпті бес қойға тәжірибе жасап көрген. Кейін ер адам құрылыс дүкенінен бұрғы сатып алып, ойын іске асырған. Ол басын бұрғылап, терісін қағаз қыстырғыштармен бекітіп, миына электродты енгізген. Ер адамның айтуынша, операция кезінде хирургиялық тәжірибенің жоқтығынан бір литрге жуық қан жоғалтып, ғажайып түрде аман қалған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: