Сенбі, 04 мамыр, 17:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Газ келетін күн алыс емес

17.01.2023

761 0

«Әкімге алты сауал» айдарының бүгінгі қонағы – Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев.

– Ауылдық округтің бүгінгі қоғамдық-саяси ахуалы қандай?

– Ақсуат ауылдық округіне 1 елді мекен Жақыпбек Маханбетов ауылы кіреді. Ауылдық округтің бүгінгі қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Ауылда атқарылған айшықты істер бар. Ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін қолға алынған ауқымды жобалардың арқасында округтің келбеті ажарланып, абаттандырылды. Таза ауылға айналды.

– Жыл сайынғы әкім есебі сіз үшін несімен маңызды?

– Халық көкейіндегі жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алып, ұсыныс, пікірлерін білдіре алады. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаймыз. Сол бойынша жұмыстарды қолға аламыз. Есеп беру мен үшін халықпен кездесіп, атқарылған жұмыстарды көрсетуімен маңызды. Елді мекендегі мәселелердің шешілу жолдары тұрғындармен бірге қарастырылады.

– Көптен күткен газ өткен жылы да берілмеді? Себеп қандай?

–  Қолға алған іс – үлкен жоба. Сондықтан жауапкершілік қажет. Ауылдық округті газбен қамту жобасы 2021-2023 жылдарға жоспарланып, 2021 жылы құрылысын бас­тауға  500 млн теңге бөлінсе, 2022 жылға 2 млрд 439 млн теңге қаржы бөлініп, 16,5 шақырым болатын жоғары қысымды, 9,6 шақырым болатын орта қысымды газ құбыры мен автоматты газ тарату станциясына (АГТС -1-  ГГТП -1) кеңейту жұмыстары жүргізіліп,  қазіргі таңда, 123 шақырым болатын  төменгі қысымды газ құбырын тарту жұмыстары  мен үйлерге түтік шығару жұмыстары жүргізілуде. Жоба­ның жалпы құны –  4 млрд 775 млн теңгені құрап отыр. Халықтың игілігі үшін тиісті жұмыс атқарылып, газды қосу  бағытында тиянақты тірліктер жасалды. Ауыл тұрғындарының сүйіншілейтін күні алыс емес.

– Ақсуат ауылдық округіндегі өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көлік екені белгілі. Бұл мәселе қашан шешіледі?

– Тұрғындарды қоғамдық көлік мәселесі алаңдатып отырғаны рас. Бұл жөнінде қала әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуде де айтылды. Ауылға қатынайтын қоғамдық көліктер уақыты реттелсе деген талаптары орынды. Қазіргі уақытта тұрғындарға №12 және №2 қоғамдық көліктер қызмет көрсетуде. Жаңа жылдан бастап №12 маршрут қосымша маршруттармен толық­тырылып қызмет көрсетуде.

– Елді мекендегі қылмыстық ахуал қандай деңгейде?

– Ауылда ең маңыздысы қоғамның ты­ныштығы, тұрғындардың қауіпсіздігі. Сондықтан да қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмыстарды ашуға бағытталған жұмыс­тарды дер кезінде жүзеге асырып келеміз. Соның нәтижесінде 2022 жылы 9 қылмыс орын алған. Оның ішінде  мал ұрлығы бойынша 3, пәтер ұрлығы бойынша 1, ин­тернет алаяқтарға алданған 5 қылмыс тіркелген. Оның 7-і ашылған.

–       Өзіңізге «мен не тындырдым?» де­ген сұрақ қойып көрдіңіз бе?

– Иә, «мен не тындырдым?» деген сұрақ, әрбір азаматтың атында тұрады. Алға қойған мақсатына жетуге ұмтылады деп ойлаймын. Ауылға әкім болғаннан кейін елді мекенді дамытуға арналған өзіндік жоспарларым кезең-кезеңімен орындалуда.

Мәселен, ауылдық округті газдандыру мәселесі болса, қазіргі таңда құрылыс жұ­мыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Ауызсу мәселесі бойынша, ауылдың жаңадан қоныстанушы тұрғындарын ауызсумен қамтудың 2019-2020 жылдарға арналған жоспарына  сәйкес, бюджеттен  қаражат бөлініп, «Мелиоратор» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындары ауызсумен 100 пайызға қамтылды.

1982 жылы 624 орындық типтік жоба­да салынған №143 мектептің жылу қазандықтарының ескіруіне байланысты, 2019 жылы қатты отын түрінен, сұйық отын түріне ауыстырылса, 2020 жылы  «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2013 жылы 300 орындық №268 мектеп-лицейінде оқушылар санының жылдан-жылға артуына байланысты  2021 жылы 200 орындық қосымша ғимарат құрылысы  пайдалануға берілді.

Сонымен қатар мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жасап жатқан қолдауының арқасында  мемлекеттік бағдарламалар аясында 2020 жылы жеке кәсіпкердің «Аңсар – Каусар – 2020» жеке бастауыш мектебі ашылып, мемлекеттік бағдарлама аясында  93 бала білім алып, қосымша  65 бала әртүрлі үйірмелермен, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 

1983 жылы салынып пайдалануға берілген балабақша ғимараты 1994 жыл­дарға дейін жұмыс істеп,  2013 жылдан бастап   пайдаланылмай тұрған балабақша  ғи­маратына  2019 жылы  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  2021 жылы 130 бала­мен қамтылып жұмыс жасауда.   

2021 жылы спорттық көше тренажерын орнату үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп пайдалануға берілді.

«Samruk – Kazyna Trust» корпоративтік қоры  ауыл орталығынан 239 млн теңгеге 720 м² болатын спорт кешені құрылысын салуды жоспарлап, қазіргі таңда жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар «Балалар жылы» ая­сында демеушілердің қаражаты есебінен ауылдық округтен екі спорттық ойын алаңдары құрылысын салу жоспарланып 20 х 40 кіші футбол алаңы мен тренажерлық құрылғылары орнатылып 1 спорт, ойын алаңы пайдалануға берілсе, екіншісінің құ­рылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ауылдық округте 2017 жылдан осы кезеңге дейінгі аралықта 60,7 км болатын 55 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, соның ішінде «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы аясында 4 көшеге асфальт жұ­мыстары жүргізіліп, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 17 көшенің 5-і асфальт, 12-не тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

2017 жылы кәсіпкерлердің демеуші­лігімен «Наурыз» саяжайы көшесінің бір шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер жолы салынса, 2018 жылы орталық алаң, 2021 жылы Адыран Найзағараев, Үміт Тоқмағанбетова көшелеріне және №143 мектеп алдына ұзындығы 1,6 шақырым болатын қала көшелерінен ауыстырылған брусчаткалардан жаяу жүргіншілер жолы салынды. 2021 жылы Ақсуат ауылдық округіндегі жаңадан қоныстанушы тұр­ғындарды электр желілерімен қамтамасыз ету мақсатында, облыстық бюджеттен 184,9 млн теңге қаржы бөлініп,  28 көшеге электр желілері тартылып, 5 дана трансформатор орнатылса, 2022 жылы  22,5 шақырым болатын 32 көшені электр желілерімен қамту мақсатында  қалалық бюджеттен бө­лінген 4 млн 849 мың теңгеге жоба сметалық құжаттары әзірленіп, 1 млрд 65 млн теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.

2022 жылы маусымдық аяқ сумен қамту мақсатында республикалық бюджеттен  29 млн 599 мың 600 теңге қаржы бөлініп,  №16-ТС техникалық 2 су  тарту ұңғымасы пайдалануға берілді.

«Береке басы бірлікте» демекші, елдің бірлігінің, ынтымағының арқасында ауыл­дық округіміз 2018 жылдың қоры­тындысымен облыс бойынша 264 елді мекеннің ішінен «Үлгілі ауыл» бай­қауының жеңімпазы атанып, қоғамдық рейтинг қорытындысымен «Жаппай кәсіп­керлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына ие болса, 2019 жылдың қорытындысымен Ақсуат ауылдық округі  Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып, өз саласындағы үздік жетістіктері үшін «Өркенді ауыл» номинациясымен марапатталды.

Сондай-ақ 2022 жылы Ақсуат ауылдық округі «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациямен марапатталды.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: