Жұма, 26 сәуiр, 11:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Гуманизм игілігі: «қаңтар қателігі» кешіріледі

01.11.2022

603 0

Бұл – қоғамдағы түйткілді мәселе­нің бірі. Қаңтар оқиғасы уақыт өте келе ұмытыла бастаған секілді болғанымен, жүректегі жара жазылған жоқ. Қара жа­мылған отбасы, жазық­сыз жапа шеккендер және тағысын тағы.

Өткен аптада Сенат қабырғасында «Рақым­шылық жасау туралы» заңның қабылдануы талайдың үміт отын оятты. Бұл – Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы тапсыр­ма­сына орай қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік ра­қымшылық жасау мақсатында әзір­ленген заң.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, бұл заң тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманизм қадамы.

– Заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қандай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұдан былай осындай оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.

 Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен «Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1600-ге жуық адамды анықтап, оларды жауапқа тартты. Оның ішінде 1112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады», – дейді.

Сондай-ақ бұл заңның өз ерекшелігі бар. Атап айтар болсақ, бұрын болған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шы­­ғынды өтеуге тиіс еді. Бұл жолы мұндай талап қойыл­майды. Бірақ мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы. Бұған дейін­­гі қалыптасқан тә­жі­­­рибе бойынша бас бос­­­тандығынан айыру ме­кеме­сінде жазасын өтеп жат­қан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның тәртібі ескерілетін. Бұл заңда мұндай талап жоқ екені сенаторлар тарапынан айтылды.

Сенат қабырғасында заң жобасы туралы баяндама жасаған сенат депутаты Ләззат Сүлеймен заңдағы негізгі ережлерді атап өтті. Жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға жаза мерзімін азайту көзделген. Ауыр қылмыстарға қатысты сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша мерзімінің жартысы қысқарады. Сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол жазаны өтеуден босатылады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі», – дейді ол.

Айта кетелік, бұл заңда қазақстандықтарды қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босатуды көздейтін нормалар жазылған. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар бойынша: ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзім төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстылар үшін жартысына қысқарады. Мұнан бөлек босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру, жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көр­сету, құжаттарды рәсімдеу шаралары қарастырылған. Бұл ретте азаптаумен айналысқандар, террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар рақымшылыққа жатпайтыны заңда көрсетілген.

Заң жобасы туралы белгілі заңгер Абзал Құспан inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында былай деді: «Amanat» қоғамдық комис­сиясының жұмысына бар уақытымды арнадым. Адвокат болсам да, іс алып, белсенділігімді басқа арнаға бұрып жатқаным жоқ. Тек қана осы комиссия жұмысы басты назарда. «Рақымшылық туралы» заңның бірде-бір инициаторы ретінде, әрине, біз оны Мәжілістегі жұмыс тобының талқылауына да араластық. Алдағы аптада Президент қол қойса, комиссия «Рақымшылық туралы» заңның іс жүзінде қолданылуына да араласамыз.

Қазір қамауда отырған, болмаса, ісі қаралып, тергеуде жатқан адамдарға рақымшылыққа іліну үшін құжат дайындаудың қажеті жоқ. Яғни іс тергеуде болса, онда тергеуші тағылған айыбын жеңілдету я толықтай рақымшылық жасау бойынша ұсынады. Ондай жағдайда азамат өзі өтініш білдіріп, рақымшылық заңын қолдануға келісімін береді, – дейді.

Заң күшіне енген соң 1500-ден аса адамға рақымшылық жасалады деп күтілуде.

Гүлмира Мағлұмқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: