Жұма, 26 сәуiр, 18:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Каратист қыз

06.03.2022

2053 0

Каратэден Әлем және Азия чемпионы Мөлдір Жаңбырбай:

«Әйел әлсіз деп кім айтты», – дейді

Көктемнің шуақты мерекесі – әрбір қыз-келіншектің асыға күтер мерейлі сәті. Алғыс пен тосынсый арулардың жанын жадыратып, тек ерекше әсер сыйлап қоймай, ұмытылмас естеліктер де тарту етеді. Сондықтан болар, қай салада болсын, айтулы жетістікке жеткен арулардың қуанышты сәтте айтары мол. Осыған орай әлемдік бәсекеде ел намысын қорғап жүрген батыр қыз каратэден Әлем және Азия чемпионы Мөлдір Жаңбырбаймен ой бөлісудің сәті түсті.

Жерлестері Мөлдірдің спорттағы жетістігімен жақсы таныс. Әсіресе, Токио Олимпиадасында бақ сынаған сәтте барша Сыр елі тілеуін тілеп, жанкүйер болғаны бар. Олимпиадада жүлделі орыннан көрінбесе де спортшының бағындырған белесі де аз емес. Каратэ спорты бойынша Әлем және Азия біріншілігінің сан мәрте жеңімпазы. Мұндай көңіл қуантар нәтиженің барлығы оның тынымсыз еңбегі мен үздіксіз жаттығуының жемісі екені анық.

Спортқа енді қадам басқан жас өренге Мөлдір секілді каратистің кәсіби жолы өнеге боларлық. Ешкім жетектемесе де өмір жолын таңдауға деген батыл қадам спортшыны жаттығу залына бастаған көрінеді. Жанарынан жалын, бойынан күш-жігер тасыған талапкер ойланбастан кәсібі мен хоббиін спорттан табады. Бала кезінен өзге қыз балалардай қуыршаққа үйір болмай, керісінше көрші балалармен төбелесіп, доп теуіп ойнағанды қалаған көрінеді. Тіпті үйдің маңынан спорт мектебінің ашылатынын естіген бойда қашан жұмыс істейтінін білу үшін күнде баруды әдетке айналдырыпты. Жаттығуды қалыс қалдырмау, тыңғылықты дайындалуды да қаперде ұстап, барын салады. Каратэге әпкесі мен інісі де барғанымен соңына дейін қатысқан Мөлдір ғана екен. Оның сөзінше, бүгінде каратэ хоббидан өмірлік кәсібіне айналған.

– Жаттығуды бастағаныма небары 3 ай болғанда алғаш рет Тараз қаласына жарысқа бардым. Додада жолым болып, II орын алғаным есімде. Ал тұңғыш шетелдегі сайысқа 2009 жылы жолым түсіпті. Ол – Пекинде болған Әлем чемпионаты. Байрақты бәсекеде қанжыға майланып, II орын иелендім. Содан бері ешбір сайыстан жүлдесіз оралған емеспін. Тек ересектер бөлігіне ауысқан кезде кішкене қиналдым.

Мен үшін 2021 жыл жетістікке толы болды. Бірнеше халықаралық жарыста топ жардым. Сәуір айында Португалияда II орын алсам, қазанда Мәскеуде I орын иелендім. Маусым айында Париждегі жарыста топ жарып, Олимпиадаға жолдама ұтып алдым. Олимпиада ойындарына қатысып, марқұм жаттықтырушым Рүстем Батырханұлының арманын орындадым. Желтоқсан айында Алматыда өткен ересектер арасында Азия чемпионатында алтыннан алқа тақтым. Жалпы спорттан алған тәжірибем, өмірлік сабағым жетерлік. Денсаулығыма да біршама зиян келді, – дейді каратист.

Бұл – Мөлдірдің кәсіби жетістігінің бір парасы ғана. Ол көптеген республикалық, аймақтық жарыстардың жеңімпазы атанып, туған жердің мерейін үстем етіп келеді. Жаратқан сыйлаған өмірді мәнді де маңызды етіп өткізуді мақсат еткен Мөлдір ұқыптылық пен еңбекті ұран тұтады. Қатарластарына да тілейтіні – дұрыс таңдау, табанды еңбек, шыншылдық. Жерлесіміз жақынын қуантып, ата-анасына мейірімді болудың өзін үлкен жетістік деп білуді ұмытпауды ұсынды.

Өткен жыл спортшы өмірінде тек кәсіби жеңістермен ғана емес, өмірлік өзгерістермен де есте қалған. Каратист қыз өткен жылдың тамыз айында өмірлік серігін кезіктіріп, тұрмысқа шыққан. Таңдауы түскен азамат та каратэден ұлттық құрама мүшесі. Қазіргі таңда жолдасымен Алматы қаласында тұратын жерлесіміз туған жерді бір сәтке де естен шығармайтынын жеткізді. Оған қоса жарыстарға әлі де Қызылорда облысының атынан шығатынын мақта-нышпен жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: