Сәрсенбі, 24 сәуiр, 07:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Келіннің жалақысын кім ұстайды?

13.08.2022

1654 0

Бұл – бүгінде келіні бар үйдің өзекті мәселесі. Отбасындағылардың бірі табыс ортақ болуы керек десе, енді бірі кереғар көзқараста. Алайда бір шаңырақ астында тұратын жандар үшін ортақ шешімге келу маңызды.

Жаңадан шаңырақ көтерген екі жас отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына төзіп, қызығын да шыжығын да бірге көруге бел буатыны белгілі. Жалпы қазақ отбасында келіннің өзіндік міндеті бар. Ал отбасын асырау ер азаматтың мін­деті саналған. Содан да болар әйел үй шаруасында, бала тәрбиесінде, отағасының жағдайын жасауда маңызды рөл атқарған. Қалыптасқан бұл үрдіс әлі де бар. Бірақ тең құқылы қоғамда өзгеріс алған тұсы басымдырақ.

Иә, қазір ер баламен қатар қыз баласы да білім алып, арман қуып, мақсатына жету жолында еңбек етуі қалыпты. Әрбір қыз бала­ны болашақ ана ретінде тәрбиелеу керек дегенімен, оның да заман талабына сай бол­ғанын құптаймыз. Ал отбасы мен қызметін қатар алып, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сын­дырмай» жүрген қыз-келіншектердің ісін құп көресің. Ал оның тапқан табысын қайтпек керек?

Шариғат заңы бойынша үйдің отағасы от­басына барлық жағдайды жасауға міндетті екен. Ал әйел адамның жұмыс істеп тапқан табысы өзінің қақысы балып табылады. Сондық­тан оны кімге және қайда жұмсайтынын өзі шешеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с,) хадисінде: «Бір-бірлеріңізге сыйлық жасаңыздар ол арала­рыңыздағы өшпенділікті жойып, сыйластықта­рыңызды арттырады» деген өсиет айтылады. Дін өкілдері мұны табыстың бір бөлігін ортақ қазынаға құю деп түсіндіреді. Яғни келін жалақысының бір бөлігін енесіне не жолдасына бергенде тұрған ештеңе жоқ.

– Отбасы болған соң «келін», «ене», «күйеу» деп бөлінудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бір шаңырақ астында бірге күн кешкесін, бір қазаннан ас ішкесін табыс та, басқа да ортақ болғаны дұрыс. Әркім қара басын күйттейтін болса, ол отбасында береке бол­майды, – дейді Жақсыбике Сембіқызы есімді әз-ана.

Үлкендердің бұл пікірі дұрыс-ақ. Отбасы құн­дылығы да осы ауызбірлікпен өлшенетін болар. Мұндай талапқа бас иіп, тапқан қаржысының бір бөлі­гін, тіпті толықтай енесіне не жолдасына беретіндер де бар. Керісінше, тапқаны өзінен, бала-шағасынан артылмайтын келіншектер де кездеседі.

– Өзім 4 ұл тәрбиелеп өсірдім. Үлкен ұлым үйленгенде еншісін беріп, бөлек шығардық. Одан кейінгі балам ұзақ жыл қолымда тұрды. Ол уақытта өзімнің де енем болатын. Келінім екеуміз табысымызды енемізге беретін едік. Кейін ол кісі марқұм болды. Қолдағы ұл мен келінді де бөлек шығардық. Қазір үшінші ұлымның қолында тұрамын. Олар екеуі де сауда істейтін. Тапқан табыстарын маған берді. Күнделікті тұрмысқа қажеттіге бөлек, той-томалақ, басқа да керегіңе бөлек бөліп қоясың. Мұндай да ақшаны жинай білген жақсы. Көзің қызыққан, керексіз дүниеге жарата берсең су сияқты ағып кетеді ғой.  Қазір енді олардың да өздері де ата-әже болды. Табыстарын бұрынғыдай мен ұстамаймын. Зейнетақым бар. Жетпес жерін балалар тауып береді, – дейді Жақсыбике апа бізбен әңгімесінде.

Бұрын «Келіннің табысын кім ұстайды?» деген сұрақ қозғалмайтын. Себебі, келіндік өмірге қадам басқан әрбір қыз жалақысын енесіне беретінін білетін. Мұны үйдегі анасы да санасына сіңірсе керек. Соңғы уақытта әлеуметтік желінің жылдам дамуы, батысқа еліктеу, табыс арттырушы түрлі мамандардың кеңесі қоғамға жаңа леп әкелуде. Соның әсерінен отбасының ішкі сыры жарияға жар бола бастаған.

Жуырда әлеуметтік желіде бір психологтың жарнамасы көз­ге ілінді. Онда отбасын сақтау, күйеудің көңілін табу, енемен қарым-қатынас құруда қажетті тех­никалармен бөлісетіні айтылған. Мән беріп қарасаң айтқанын жөн дерсің. Себебі ажырасу көбейген тұста отбасын сақтауға шақырып, тығырықтан шығар жолды көрсету басы қатқан жанға керек-ақ. От­басылық мәселе көбіне ене мен келін ренішінен туындап, екі ортада басы қатқан күйеудің жайы, берекесіз тір­лікті көрген баланың болашағы сынға түсіп жатады. Бұл көп шаңырақта бол­атын жайт. Өкініштісі, салдарынан қан­шама  жан жапа шегеді.  Осындай жағ­дайда жүрген келіншектер әлеуметтік желі­дегі психологтардың курсынан өтіп, көме­гіне жүгінеді. Пайдасына жараса игі дейсің.

Психологтар әйел адам табысын өзіне жарату керек деген қағиданы ұстанады. Оның жалақысына енесі ортақтасуға тиіс емес. Оны оқытқан да, тоқытқан да ата-анасы. Ал күйеуіне берер болса, оның табысы азаяды-мыс. Өз табысынан бөлек әйелінің табысын алған ер-азамат, соңғысын да өзі тапқандай әсер алады екен. Солай сонша ақшаны мен тауып жатырмын деген ой қалыптасып, әрі қарай қосымша еңбек етуге, мақсат қойып, соған жетуге талпынбайды. Әйелдер қауымы бар тапқанын отағасына беріп, өздері жолын жауып тастайды. Кім білген екен мұны? Мақсаты жоқ адам ақшаны берсе де, бермесе де талпынбайды деп ойлаймыз ғой. Осы орайда жас буынның да пікірін білгенді жөн көрдік. Ата-енемен бірге тұратын Әсем есімді келіншек қазақы түсінікті де, психолог кеңесін де құп көреді.

 – Бір үйдің жалғыз баласына тұрмысқа шықтым. Отау құрғанымызға 10 жыл болады. Бастапқы кезде айлық жалақымды енеме беретінмін. О баста енем: «маған бересің» деп ескерткен. Кейін бала күтімімен демалыста отырдым. Менде табыс көзі болған жоқ. 1 жасқа дейінгі жәрдемақы балаға керекті заттан ауыспайтын. Сондықтан ол табысты өзім жараттым. Солай 1 баладан кейін 2-інші баланы дүниеге әкеліп, ұзақ уақыт жұмысқа шықпадым. Сондай сәтте өзімде табыс болмағаны қынжылтатын. Қажетіңді алу үшін не күйеуіңнен, не енеңнен ақша сұрай берген ыңғайсыз. Қазір жұмыстамын. Табысымды өзім ұстаймын. Ақшаны босқа шашпай, азық-түлік, тұрмыстық заттарға, баланың қажетіне жаратамын. Артылып жатса жинаған дұрыс. Енем әуелгі де табысыңды бермедің деп ренжитін. Қазір басылды. Егер отбасының игілігіне жұмсалса, ақшаны кімнің ұстағаны маңызды емес деп ойлаймын. Қыз баласы болғасын бәрін ойлап тұрасың ғой. Ата-анаңа сыйлық жасағың келеді немесе ұнатқан затыңды алғың келеді. Ондай да енеңнең ақша сұрай алмайсың. Негізі үйде ер адам табыскер болуы керек, – дейді өз ойын білдірген ол.

Қанша адам болса, сонша көзқарас, сонша пікір болатыны анық. Мүмкін ер азаматтың бәрінен көбірек табыс тапқаны дұрыс шығар. Әйел адам отбасының да, отағасының да міндетін мойнына алмай,  өз-өзіне қарап, құлпырып жүрсе жақсы емес пе?! Бәлкім, бар ашуын баласынан алмайтын сабырлы кейіптегі келіншектер көп болар ма еді?! Бір жағынан өзім дей бермей, ортақ қазынаға салғаны да жөн сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: