Биыл өңірде 185 мың 800 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп жатыр. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдарды азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға дейін төмендетілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында көктемгі Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Даулетбек Абдирасулов баяндады.
Жиында егіс науқанының қазіргі ахуалы, су тапшылығының алдын алу шаралары мен су шаруашылығы жағдайы кеңінен сөз болды.
«Қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін жүгері, майлы және малазықтық дақылдар көлемі ұлғайтылуда. Бұл су үнемдеу мен егісті әртараптандыру бағытындағы маңызды қадам. Қазіргі таңда ерте егілетін дақылдарды егу толық аяқталды. Бүгінде картоптың 230 гектары, көкөністің 3,8 мың гектары және бақшаның 4,9 мың гектары егілді. Ал негізгі дақыл күріштің 49 мың 502 гектары себіліп, оның 41 мың 360 гектары суға бастырылған. Егіс жұмыстарын 1 маусымға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым қоры толық дайындалды. Сонымен қатар, 2026 жылға қажетті 65 мың 600 тонна тыңайтқыштың 97,6 пайызы, гербицидтердің 64,1 пайызы сатып алынды. Егін науқанына қатысатын ауыл шаруашылығы техникалары да толық жөндеуден өткізіліп, жұмысқа кірісті», – деді спикер.
Өңірде су үнемдеу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Биыл күріш алқаптарын лазерлік тегістеу көлемі 65 мың гектарға жеткізілмек. Ал су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 16 мың 700 гектарға дейін ұлғайтылған. Қазіргі таңда жоспарланған меженің 82,2 пайызы орындалған.
«Су тапшылығының алдын алу және агротехнологиялық талаптарды сақтау мақсатында барлық аудандарда арнайы жұмыс топтары құрылды. Олар су лимитінің сақталуын, каналдар арқылы судың тиімді бөлінуін және күріш көлемінің белгіленген межеден аспауын бақылауда ұстап отыр», – деді Даулетбек Жәнібекұлы.
Сондай-ақ, өңірде егін шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу мақсатында 4 ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі швейцариялық Харвест Груп компаниясының техникалық қарасора, жүгері және соя дақылдарын өсіру мен өңдеу жобасы. Бұл жоба аясында егіс көлемі 2028 жылға дейін 32 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.
Бұдан бөлек, «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы 59 шаруашылыққа 8 млрд 800 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Брифингте «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов Сырдария өзеніндегі қазіргі су шаруашылығы жағдайына тоқталды. Оның мәліметінше, бүгінгі күні Шардара су қоймасындағы су көлемі 5 млрд текше метрден асқан. Ал Көксарай су реттегішінде 813,63 млн текше метр су жиналған.
«Қазіргі таңда Шардара мен Көксарайдан төменгі ағысқа секундына 550 текше метр су жіберілуде. Қызылорда облысы аумағына Көктөбе су бекеті арқылы 538 текше метр су келіп жатыр. Жалпы су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда», – деді инспекция басшысы.
Сонымен қатар, Арал теңізіне секундына 48 текше метр су түсіп жатқаны айтылды. Жыл басынан бері теңізге 780 млн текше метр су жеткен. Мамандардың айтуынша, Сырдария бойындағы су жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп, барлық су шаруашылығы нысандарының жұмысы бақылауға алынған.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
