Соңғы екі жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына шамамен 605 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы қаражат есебінен 12,3 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, соның нәтижесінде инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 6,2 пайыздық тармаққа төмендеді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, – деп хабарлайды KAZINFORM
Жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру желілерін кешенді жаңғырту мақсатында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Жобаның негізгі мақсаты — ел бойынша жабдықтар мен инженерлік желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету, сондай-ақ апаттық деңгейді 20%-ға қысқарту. Жобаны жүзеге асыруға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 13 трлн теңге.
Коммуналдық секторды жаңғырту аясында 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңартуға 6,8 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның ішінде:
77,6 мың шақырым электр желісі;
4,7 мың шақырым сумен жабдықтау желісі;
2,6 мың шақырым су бұру желісі;
1,6 мың шақырым жылу желісі.
2025 жылы Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында активтерінің тозу деңгейі жоғары 17 пилоттық жобаға шамамен 31,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жаңғыртудың тарифтерге әсерін азайту мақсатында қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды көздейтін түзетулер қабылданды. Ал халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды өтеуге атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған.
Тағы 6,2 трлн теңге белгіленген қуатты 32,6 ГВт-қа дейін арттыру үшін жаңа электр энергиясын өндіру қуаттарын жаңғыртуға және салуға жұмсалады. Бұл ретте Үкімет отандық өндірушілерге басымдық береді: 2,24 трлн теңгеге 2 786 тауар позициясы айқындалды, 220 қазақстандық зауыттан және өңірлерде 669 білікті EP-мердігерлерден пул қалыптастырылды.
Айта кетелік Павлодар, Шымкент және Атырау МӨЗ-дерінің қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
