Жұма, 26 сәуiр, 20:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Курск үшін шайқасқан

07.05.2023

669 0

Ұлы Отан соғысының отты жылдары еліміз үшін де өте ауыр қасірет әкелді. Сұм соғыстан біреу­дің жары, біреудің жалғыз ұлы, тағы біреудің әкесі қайта оралмай, ұрыс даласында мерт болды.  Бүгінде елге оралып, Ұлы жеңісті туған жерде тойлап, бақытқа бөленген қанды көйлек жауынгерлерден де санаулысының ғана көзі тірі.

Соның бірі – Әбдірахман Бәйтіков. Мереке қарсаңында Отан үшін от кешкен майдангерге сәлем беріп, өткен күннің естелігін айтып беруін өтіндік.  

1943 жылдың жазында болған Курск түбіндегі майдан тарихта  ең қанды шайқас ретінде есте қалды. Сан мыңдаған адам оққа ұшты. Тек Курск иініндегі шайқастағы ерлігі үшін 123 қазақстандық Ұлы Отан соғысы Батыры атағына ие болды. Курск майданында қызылордалық Әбдірахман Бәйтіков те жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып, Отан қорғауда алғы шептен көрінді.

Ұлы Отан соғысының ардагері  қан майданға  18 жасында аттанды. 1942 жылы Ашхабад жеріне әскерге аттанған сарбаз алдымен офицерлер дайындайтын курстан өтеді. 1943 Курск шайқасына қатысады. Жас сарбаз майдандастарымен бірге неміс басқыншыларына қарсы шабуылға аттанады. Неміс­тердің атқан оғы қанды жорықтағы қаруластарды баудай түсіріп ажал оғын себелеп жатты. Қадам басса жараланып, ыңырсыған дауыстар шығып жатты. Оған қарауға ешкімнің шамасы келмей жатты. Өйткені жау тұтқиылдан шабуыл жасады.

– Таң енді атып келеді айнала тып-тыныш. Жаудың қарасы кө­рінбейді деп бейқам жатқан ты­ныштығымызды тағы да жаудың шабуылы бұзды.  Оқ жауып тұр. Ажалың жетсе бір өлім ғой деп,  Отан үшін басымызды бәйгеге тігіп, дұшпанды тізе бүктіруді мақсат еттік.  Бір кезде қаңғыған оқтың бірі менің қолыма тиді. Қан судай ағып жатыр. Жауынгерлердің қатарынан шығып, госпитальға жат­тым.  Сүйегім аман екен, тек та­мырлары қиылып кеткен. Содан қолыма ота жасалды, – деді қарт майдангер.

Қаншама қасірет пен қайғы әкелген сұм соғыс тоқтаусыз жүріп жатты. Госпитальдан шыққаннан кейін мені Новосібір қаласына жіберді. 1943 жылдың желтоқсан айында комиссияға түсірді. II топ мүгедектігін алып елге қайтарды. Ауыр жарақаттан жазылу оңайға соқпады. Ұзақ емделдім. 1944 жылы елге оралдым. Туған жерде бейбіт еңбекке араластым. Соғыс жылдары елде де өте қиын, ауыр жылдар болды. Сол тауқыметті жас кезімізде біз де көтердік. Біздің бар арманымыз жеңіске жетіп, фашистердің күлін көкке ұшыру еді. Қаруластарымыздың бірталайы сол соғыстың құрбаны болып, ажал құшты. Біздің көретін жарығымыз бар екен. Елге оралып, бейбіт еңбекке араластық.

Биыл Ұлы Жеңістің 78 жылдығын қарсы алайын деп отырмыз. Маған осындай бақ бұйырғанына Аллаға ризамын. Мамыражай өмірдің қы­зығын көріп жатырмыз. Ең бастысы, соғыс болмасын. Біздің көрген қиындығымызды кейінгі ұрпақ көрмесін. Ұрпақтарға бақытты өмір бұйырсын, – лейді соғыс ардагері.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: