Атыраудағы №3 мектеп-гимназиясының мұғаліміне жарылыс туралы хабарлама келіп, 80 миллион теңге талап етілді. Мұғалімнің шақыруына полиция қызметкерлері жедел әрекет етті. Олар мектепті толық тексеріп, жарылғыш зат таппады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырау облыстық білім басқармасы қазіргі уақытта мектептің екінші ауысым оқушылары қалыпты жағдайда оқып жатқанын мәлімдеді.
6 ақпанда шамамен 11:30-да Атыраудағы №3 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғаліміне шетелдік телефон нөмірінен (+380 коды) орыс тілінде хабарлама келді. Онда 14:00-де мектепте жарылыс болатыны жазылған. Сонымен бірге хабарлама жіберуші 80 миллион теңге талап етіп, өз банк картасының нөмірін қалдырған. Мұғалім бұл хабарламаны алған бойда бірден 102 нөміріне қоңырау шалған.
«Қазір жағдай тұрақты, оқу процесі әдеттегідей жүріп жатыр. Жағдай облыстық білім басқармасының бақылауында», – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша «Терроризм актісі туралы жалған хабар беру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, терроризм туралы жалған хабарлама таратқан адамға 5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл, сол мөлшерде түзету жұмыстары, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!