Сейсенбі, 07 мамыр, 06:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Мемлекетке 9,5 млн гектар жер қайтарылды

09.12.2023

285 0

Сурет: egemen.kz

Пайдаланылмай жатқан, заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтару мәселесінің күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанынан да хабардармыз. Осы уақытқа дейін қанша жер қайтарылды?

Премьер-Министр баспасөз қызметінің ақпаратында Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі комиссияның отырысы өткені баяндалған. Осы жиында пайдаланылмай жатқан, заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтару мәселесі бойынша атқарылған жұмыстың алдын ала қорытындысы мәлім етілді.

– Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін жалпы ауданы 10 млн гектарды құрайтын заң бұзушылықтармен берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер бойынша нақты шешімдер қабылдау міндетін қойды. Президенттің тапсырмасы орындалуда, оның 9,5 млн гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар жер пайдаланушылар қосымша 3,2 млн гектарды айналымға енгізуге мәжбүр болды. Қазір барлығы 12,7 млн гектар жер пайдалануда. Алдыңғы қатарлы өңірлер есебінен нәтижеге қол жеткізілді, алайда белгіленген көрсеткіштерден 30%-дан 50%-ға дейін артта қалған аймақтар бар. Біз жұмысты келесі жылы жалғастырамыз, бірақ біз жерді игеруге баса назар аударамыз. Ол үшін қажетті критерийлер әзірленетін болады, – деді Серік Жұманғарин.

Деректерге сүйенсек, жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері мыңнан аса тексеру жүргізген. Сот органдарының қарауында да екі жүзден аса материал бар көрінеді.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жер пайдаланушыларға қатысты (жалпы алаңы 2,1 млн га) жоспардан тыс 1174 тексеру жүргізді. Нәтижесінде жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1,45 млн га алаңға 852 ұйғарым шығарылды, – делінген Премьер-Министр баспасөз қызметінің ақпаратында.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді беру мәселесінде  әкімдіктердің заңсыз шешімдері де бар екен. 2022 жылдың басынан бері 566 заңсыз шешім анықталған. Оның ішінде 153 шешімнің күші жойылса, қалған 413 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: