Дүйсенбі, 06 мамыр, 21:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Мизамшуақ

27.08.2022

1039 0

Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмысында арқау етті. Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен қазақ баласы өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең білген. Мәселен, айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасайды. Сондай-ақ жылдың әр айы мен тоқсанында болатын күн қабағындағы және табиғат өзгерістері мен құбылыстарын әркез назарда ұстайды. Оған ат қойып, айдар тағып, баға беріп отырған. Мұндай жайларды үнемі қадағалап, күні бұрын болжайды.

Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын баста­латыны белгілі. Ауа райының мұндай құбылысын үлкендер халқымыздың ертеден қалыптасқан «Мизамшуақ» амалымен байланыстырады. Қазақ ұғымында оның тектен-тек айтыл­мағаны белгілі. Осы кездерде күндізгі шуақты күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ өрмекшінің өрмегі – мизамдар шұ­батылады. Мұндай жыл мезгілдерді «мизамшуақ» деп атайды. Зерттеуші ғалымдардың сөзіне сүйенсек, дәл осы уақытта жаздың ыстығының беті қайтып, күннің жылуы жерге түсіп жетеді. Бұл мезгілді ертеден осылай атаған. Табиғат тылсымының бұл белгісі қыркүйектің екінші онкүндігінде салқын болып, жаңбыр жауып, түнде шөп басына шық түсетін кез. Күз суығы бір үзік жылымық уақытты өзге елдердің халқы қалт жібермей, атау беріп, дүркіретіп мерекеге айналдырған. Мәселен, халықтар арасында мизам уақытына славян халқы көп мән береді.

 Сонымен қатар Орталық Ресейде «бабье лето» немесе «Марфин жазы» деп аталатын бұл амал 1 қыркүйекте басталып, 24 қыркүйекте аяқталады. Болжам бойынша, осы уақытта әйелдер қысқы азығына қам жасайды. Жаз бойы далада жұмыс істеп, еңбек еткен шаруалар айдың алғашқы суығы ұрған­да аздап демалатын болған. Қайтадан күн жылынғанда ер азаматтар егістіктің астығын жинап, отынын қамдап, қысқа дайындалған. Қарбалас тіршілікке кіріскен осы уақытты «бабье лето» деп атаған. Бұл жөнінде әсіресе үлкен кісілер көп айтады. Ал бүгінгі жастардың табиғат құбылыстары мен ерекшеліктері туралы білуі некен-саяқ.

– Айдың туу, тоғысу, аралық шағын байқап, бағамдап оты­ратын қазақ халқының көріпкелдері, жұлдызшылары қай кезде ауа райының қандай болатынын дәл тауып, айтып берген.  Мизамшуақ – суық та емес, ыстық та емес, бірақ күннің көзі ашық, жанға жайлы кезі. Әдетте, қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады. Бұл кезеңді кейбір өңірлерде «кемпіршуақ» (орыс тіліндігі «бабье лето» сөзінің аудармасы болуы керек)деп те атайды. Жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Күндіз жылынып, жаймашуақ күндер болып, далада ұзыннан ұзақ өрмекшінің өрмегі – мизамдар шұбатылады. Осы кездерде күндізгі шуақты күндер де болады, – дейді қала тұрғыны Қозбек Сыздықбаев.

Мизамшуақ екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі 28 тамыздан 11 қыркүйекке дейін, екіншісі  14-24 қыркүйек аралығында. Ескілердің ырымы бойынша, мизамшуақта ауа райы жақсы болса күз суық, қазан, қараша кезі құрғақ болады деп болжаған.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: