Сәрсенбі, 24 сәуiр, 19:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Аймақ әлеуетін көтеретін жоба

14.12.2021

1277 0

Аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуды ілгерілету үшін жол инфрақұрылымын дамытудың мәні зор. Осы орайда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асатын «Бозой-Бейнеу» және «Шалқар-Бозой-Өзбекстан шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолын салу және жобалау-іздестіру ерекше назар аударуды талап етеді. Себебі «Бейнеу-Шалқар» жолының құрылысы бойынша мүдделі органдар тиісті рәсімдер жүргізуде. Бұл жобалардың тиімділігін анықтау үшін тиісті техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп, бірнеше бағыттағы жолдардың ең тиімді бағытын таңдау міндеті тұр. Осыған байланысты, салынатын жолдын бағытын қарастыру барысында «Самара-Шымкент-Сексеуіл-Бозой-Бейнеу» автомобиль жолының әлеуеті ескерілу қажет.

Бұл мәселе бойынша техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисеновпен бірлесе бірқатар ұсыныс жасадық. Аталған автомобиль жолы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомобиль жолына 1337 шақырымынан қосылса және «Бозой-Бейнеу-Қараөзек» газ құбырының жағалауындағы техникалық жолды құрылыс материалдарын тасуға пайдалана отырып салынса, 530 шақырым құрайды. Ал, Шалқар арқылы жол салынған жағдайда 800 шақырымдай жолды құрайды.

Сонымен бірге, Қызылорда облысы мен көршілес Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары мен Маңғыстау облысы арасындағы автокөлік қатынасындағы арақашықтық біршама қысқарып, сауда айналымының көлемі бірнеше рет өседі. Арал ауданының Сексеуіл кенті, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты, Құланды елді мекендерінің 20 мыңнан астам халықтың тұрмыс тіршілігіне оң әсерін тигізері сөзсіз.

Сексеуіл кенті – «Жезқазған-Бейнеу» темір-жолы, «Батыс-Қытай-Батыс Еуропа» тасжолы, «Бозой-Бейнеу-Шымкент» газ құбыры, «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбыры, «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры өтетін және келешекте ауқымды тораптық теміржол станция салынатын келешегі кемел іргелі елді мекен.

Сондықтан, бұл өңір жол инфрақұрылымы тұрғысынан одан әрі дамытуды керек етеді. Оған қоса «Самара-Шымкент-Сексеуіл-Бозой-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын салу Қызылорда облысы үшін де қаржылық және перспективалық тұрғыда тиімді болары анық.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: