Бейсенбі, 02 мамыр, 17:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Нанның салмағы стандартқа сай ма?

13.01.2024

720 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Соңғы жылдары елімізде азық-түлік бағасы өсті. Оған нарық заңы деп көнбістік танытып, айта-айта шаршап қойдық. Табан ет, маңдай тер еңбегіңмен алған жалақыны ең бірінші ырымдап, нан алуға жұмсайсың. Сол бөлке нан әр сауда орнында, жеке дүкенде түрлі бағада сатылып жатыр. Несін жасырамыз, бір нанды қарны ашса ыстықтай 2 адам жеп қояды. Ол қомағайлықтан емес, нанның салмағы азайғаннан деп топшыладық. Кеңес үкіметінің тұсында өмірге келген біздер бір нанды бір отбасына бір шайға жететінін көзбен көрдік. Сол себепті де сатылып жатқан нан бағасын бағамдау үшін журналистік зерттеу жүргіздік.

Алдымен «SMALL» супермаркетіне бардық. Халық көп алатын әлеуметтік нанды 77 теңгеге сатып алдық. Ал «Оптомаркет-Қызылорда» дүкенінен бір бөлкені 90 теңгеге, «Сәлем» дүкенінен 85 теңгеден алдық. «SMALL» супермаркеті түбіртек берді, «Оптомаркет-Қызылорда» мен «Сәлем» дүкендері түбіртекті бермеді. Өзімізді мазалаған сұрақтардың жауабын білу мақсатында әр дүкеннен алған нанды жеке-жеке таразыға тартып, өлшедік. «Сәлемнен» алған бөлкеміздің көлемі – 365 грамм, «Оптомаркет-Қызылордадан» алған нан – 395 граммды көрсетті, «SMALL» супермаркетінен алған нанымыз 485 грамм болып шықты. Салмағы көп тартқан нанымыздың бағасы арзанға түсті. «Сәлем» дүкенінен басқа екі дүкенде нан өз наубайханасында пісіріледі екен. Нанның стандарт бойынша салмағы қанша болуы керегін білу үшін мәселеге жауапты тиісті мекеме техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Бауыржан Қарсақбаевқа хабарластық.
– Қазақстан Республикасында нан өнімдері мемлекеттік стандарт ҚР СТ984-2008 бидай ұнынан жасалған нан. Жалпы техникалық шарттар нормативтік құжаты бойынша дайындалады. Осы стандарттың 3.1 тармағында нан белгіленген тәртіппен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды, рецептуралар мен технологиялық құжаттарды сақтай отырып, осы стандарттың талаптарына сәйкес дайындалуы тиіс деп көрсетілген. Стандарттың 3.2.1 тармағында «нан табада немесе қалыпта салмақпен немесе дана түрінде дайындалады. Бидай ұнынан жасалған ұн қалыпта кемінде 200 грамнан кем емес, бидай ұнынан жасалған нан табада 300 грамнан кем емес өндірілуі керек» деп көрсетілген. Сонымен қатар елімізде нан өнімдері міндетті сәйкестігі декларациялауға жататын өнім түріне кіреді. Ал сатылып жатқан нан өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты бақылауды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мен басқармалар жүргізеді. Өнімнің сапасына күмән пайда болған жағдайда тұрғындар осы мекемеге шағымдана алады, – деді департамент басшысы.
Ал 2018 жылы жарық көрген, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары шығарған «Нан өндірісінің технологиясы» атты әдістемелік құралда 1 бөлке нанның стандарт бойынша салмағы 400 грамм тарту керек деп жазылған.
Біз өз кезегінде қала тұрғындарын да әңгімеге тартқан едік.
Анар Әбілдаева, көпбалалы ана:
– Мен көпбалалы анамын. Шүкір баланың басы болғасын нан көп желінеді. Көбінде ұн сатып алып, нан көмемін. Ал кейде ұн таусылып, дүкеннен нан сатып алсам 5-6 бөлке 1 күнде желініп кетеді. Арасында келетін қонағымыз бар. Ең болмаса нанның көлемін көбейтсе болады ғой. Алатын нанымыз Алла асылық қылмасын жеп-жеңіл 2 адам бір нанды түскі тамақта тауысып қояды. Халық өзімен-өзі айтып, шулап-шулап қояды. Нәтиже жоқ.
Қанзагүл Ысқақова, қала тұрғыны:
– Нанға қатысты соңғы жылдары көпшіліктің арасында теріс пікірлер айтылып жатыр. Мен Әл-Фараби көшесінде тұрамын. Жақын дүкеннен аламыз. Шынын айтсам, ол нанға көңілім толмайды. Кәсіп иелері жеке нан зауытын ашып алып, білгенін істеп отыр. Шағымды кімге айтарымызды білмейміз. Сол нан үшін жұмыс істеп жүрген жоқпыз ба? Ең болмағанда балаларымыз нанды тойып жей алмағасын басқа не айтамыз. Шындап келгенде нанның салмағы баяғыдан әлдеқайда жеңіл тартатын сияқты. Ата-аналарымыз «жерге тастама кепиеті ұрады» деген нанның салмағынан жымқырсақ бар сауаптан айырылмаймыз ба? Мұсылман халқы мұндай жүгенсіздікке бармау керек деп ойлаймын.
Раушан Отарбаева, сатушы:
– Нанға қатысты айтып шаршадық. Шынында, салмағы азайып бара жатыр. Сапасы да төмен. Тұрғындар бізге шағым айтады. Біз наубайхана басшыларына жеткіземіз. Келіскендей сыңай танытады да қайтадан сол жағдай қайталана береді. Сол грамнан жегеннен қандай пайда? Шариғатта да «кісі ақысын жеме» деп айтылмай ма? Қазір қымбаттамаса болды деп отырмыз. Себебі қаңтардан бастап жәрдемақы, зейнетақы шамалы өсті. Осындай кезде тағам құнының өсетіні бар ғой. Меніңше, салмақты азайту деген таразыдан жеумен бірдей, – дейді дүкен иесі.
«Нанның қиқымында береке бар» деп тәрбиелеген ата-бабаларымыздың өсиеті бар еді ғой.
Басқадан үнемдесек те наннан үнемдемейікші. Қайта мүмкіндік болса салмағын арттырып, тығыздығы мен дәміне ден қою керек дер едім. Бұл – менің сөзім емес, көптің тілегі.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: