Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов пен мәслихат депутаттары Тереңөзек кентіндегі «Сырдария аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК-ның Жұқпалы аурулар бөлімшесінде болды.
Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары аудан әкімі Б.Сәрменбаевпен, облыстық экономика және қаржы басқармасының тиісті сала мамандарымен бірге бөлімшенің қазіргі жай-күйімен танысты.
Кездесуде ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу сапасы, су, кәріз және жылу жүйелерін жаңарту, сондай-ақ, медицина қызметкерлері мен пациенттерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланды.
Жұқпалы аурулар бөлімшесі – аса қауіпті инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсететін маңызды нысан болғандықтан, ғимараттың санитариялық-гигиеналық жағдайы мен инженерлік инфрақұрылымының талапқа сай болуы аса маңызды екені айтылды.
Ғимаратты аралау кезінде мәслихат төрағасы мен депутаттар өңір тұрғындары үшін маңызы жоғары әлеуметтік нысандардың сапалы әрі заманауи талаптарға сай болуы басты назарда екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Жұқпалы аурулар бөлімшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары алдағы уақытта облыстық мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
