Жұма, 19 сәуiр, 17:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Отбасы бақытының сыры неде?

07.05.2023

1501 0

Ұлағатты келін алып, ұлық­ты ұрпақ өсіру кім-кімнің де арманы. Жақсы әулеттің шаңырағын көтеріп, түтінін түтету үшін келін мен ене тату-тәтті болу керек.  Ер азаматтар – түздің адамы.  Үйдің берекесін кіргізіп, алтын ұяны ынтымаққа бөлейтін сол үйдегі әйел заты, яғни ене мен келін. Келісіммен, сыйластықпен  жасалған тірлік  отбасын бақытқа бөлеп, шаттыққа кенелтеді. Әйел үйдің шырақшысындай мейірімді, бойында адамгершілік қасиеттер молынан болса, сол үйдің дастарханынан нан, өмірлерінен сән кетпей, берекелі болады. Бақытты отбасы болу үшін ауызбіршілік, отбасы мүшелерінде адалдық және жасы үлкенге сыпайылық, жасы кішіге қамқорлық керек. Кейбір  отбасыларда  барлығы жеткілікті, бай болса да, оларда бір-біріне сыйластық пен кішіпейілділік жетпей жатады. Салтанатты сарайдай үй салған қалтасы қалың адамдарда бір-біріне бауырмалдық жетпей, зәулім үйге сыймай, бөлек кетіп жатады. Бұрын киіз үйде немесе тамдарда қаншама отбасы бірге тұрған. Ол күндер сағымға айналды. Ондай сәттерді тек көркем шығармалардан оқимыз. Отбасы – ынтымақ пен берекенің алтын қазығы. Өркені жайылып, өрісі кеңейіп, өз отауының сүттей ұйыған мызғымас тыныштығын сақтап жүрген отбасылар аз емес. Ұрпақ өсіріп отырған алтын құрсақты аналарымыз бен шаңырақтың айбарындай ақылы кемел аталарымызды көргенде бір марқайып қаламыз. Әулеттің бағына қарай келіндері инабатты, қыздары ибалы, бір-бірімен әзілі жарасып тұрса, сол үйдің түтіні түзу шығады. Мұндай отбасының ауызбіршілігі жарасқан тату-тәтті тірлігіне сүйсінесің.

Отбасылық өмірде проблема мен келіс­пеушіліктер орын алып тұруы заңдылық. Ал бұл келіспеушіліктің қайталана беруінің бірден бір себебі –ерлі-зайыптылардың ол мәселе жайлы ашық сөйлесіп, оның шешімін бірігіп таппастан, жылы жауып қоюында. Нәтижесінде арада жақтырмау, жек көру сезімі туады. Мұны шешудің жолы – келіспеушілік орын алған уақытты суытпай, рет-ретімен әр тақырыпты талдай отырып, ұрыс-керіссіз диалог түрінде өзара түсіністікке қол жеткізу.

Ертеде бір жас жігіт отбасында  қалай бақыт пен ты­ныштық орна­ту­ға бола­тынын іздейді. Адамдар оған «Пәлен ауылда бір шал мен кемпір бар, білсе солар біледі бақытты тұрмыстың сырын, өйткені олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін әлі ешкім көрген емес» дейді. Жас жігіт әлгі айтылған үйге барып, амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі қонақты төріне шығарады. Кемпірі дастарханға бір қауын әкеледі. Отағасы қауынға бір қарайды да, кемпіріне «Бұл қауын онша піскенге ұқсамайды, ауыстырып әкелесің бе?» дейді. Әйелі «жарайды» деп қауынды кері әкетіп, тағы бір қауын әкеледі. Күйеуі «Бұл да болмады, тағы басқасын көрші» дейді. Әйелі «жарайды» деп, тағы алып кетеді. Қарт кісі келген қонаққа «Әйелім онша таңдай алмаса керек, жүр бірге барып таңдайық» деп екеуі бірге асүйге кіреді. Онда бір ғана қауын тұрады. Қарт кісі қонаққа қарап, «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе?» – деп сұрайды. Жас жігіт: «түсінбедім» – деп жауап береді. «Балам, үйде бір ғана қауын бар еді. Мен оны менің білетінімді әйелім де біледі. Мен қауынды алып кетіп басқасын әкел дегенімде, «жарайды» деп әкетіп, дәл соны қайта әкелді. «Ей, шал, сен алжығанбысың, үйде бір ғана қауын бар, не айтып тұрсың» демеді. Мен бір нәрсе айтқанымда әйелім қарсы шықпайды, дереу айтқанымды орындайды. Ол да бір нәрсе айтқанда мен де оның көңілін қалдырмаймын. Сол себепті ұрыс-керіс те болмайды. Отбасы бақытының сыры осы» дейді.

Бақыт,  қайда барасың?

Ата-анасын сыйлаған,

Ұйымшылдық ойлаған,

Тату жанға барамын.

Бақыт, қайда барасың?

Өсірген жақсы баласын,

Сыйлаған ата-анасын,

Көргенді ұлға барамын.

Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық, отбасының бірлігі, Отанның берік­тігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы ұлттық тәрбиенің адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Мінеки, бақыт – береке мен ізгіліктің тұрағы, бақытты болу әр адамның мұраты.  Бақыт қонақтайтын, сенім мен сезім ұялайтын шаңы­рақ болайық.

Г. АСҚАРҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: