Қармақшы ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл аудан бойынша автомобиль жолдарын жаңғырту, көше желілерін жақсарту және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар ірі жобалар қолға алынды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Жандос Еркінбектің айтуынша, 2026 жылы аудан көлеміндегі автомобиль жолдары, көше жарықтандыру желілері мен жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.Бүгінде жалпы бес көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» автомобиль жолының Қызылтам елді мекені тұсындағы теміржол арқылы өтетін көпірі де күрделі жөндеуден өтуде.
– Жол сапасын жақсарту тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан ауданның көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Алдағы жылдары елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу ауқымы кеңейіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауына барлық мүмкіндік жасалады. Алдағы жылдарға да ауқымды жоспарлар белгіленген. Демеушілердің қолдауымен 38 көшені жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін жұмыстар 2026-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Сондай-ақ, Жосалы кентіндегі Мырзағалиева көшесі тұсынан теміржол өткелін салу жобасы бойынша қажетті құжаттар толық рәсімделіп, уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімдері алынған. Қазіргі уақытта жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайтын жобаны қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауданның көлік қатынасы жақсарып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қозғалыс қолайлылығы арта түседі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
