Бейсенбі, 28 наурыз, 14:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қарны аш па, көңілі аш па?

02.10.2021

887 0

Қаланың қақ ортасында «қарттар үйі» орналасқан. Бұл жерде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Осыдан үш жыл бұрын орталықтан қызмет алушы Ағайша Оспанова туралы жазған едік. Сондағы ол кісінің айтқан әттеген-айы әлі күнге дейін ойыма орала береді. Тіпті орталықтың жанынан өткен сайын сол сөзі еске түседі.

Биыл да осы орталыққа жол түсті. Мұнда қарттар мерекесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Қызмет алушылардың көбі далада таза ауада серуендеп жүр. Бәрі де ой үстінде жүргендей көрінді. Бұл жерге келген әрбір бейтаныс жанға балаша жәутеңдей қараған қамкөңіл қариялардың тағдыры жан қинайды. Әлде менің аяушылық сезімім оларды көзіме солай көрсетті ме? Кім білсін… Есік алдында жүрген қазақтың қазыналарын көргенде іштей қынжылдым. Жүрегім ауырды. Ғимараттың іші тап-таза, жанға жайлы болғанымен көңілге кірбің түсіреді. Еріксіз мұңаясың. Неге осынша қатігез болды екен деген ойға қаласың. Орталыққа кірген бойда жан-жағымнан Ағайша апаны іздедім. Арбада отыр екен. Қасына барып, жағдайын білдім. Осы тұста айта кетерлігі, орталықтағы қарттардың «қарны аш» дегенді бір емес, бірнеше рет естіген едік. Тіпті бұл мәселені өздері де жасырмайды. Сол себепті Ағайша апайдан «тамағына көңіліңіз тола ма?» деп қайта сұрадым. Басын изеп, болады дегендей кейіпте біраз үнсіз отырды. Содан соң «Тамағы сол баяғы ғой. Көңіл толсын, толмасын беретіні сол бір тамақ» деді…

1 қазан – халықаралық қарттар күні. Бұл мереке елімізде жыл сайын тойланып, қарттарға құрмет көрсетіледі. Осы күні аз қамтамасыз етілген қарт адамға, жалғызбасты қарт зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі қарттарға көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек көрсетеді.

Қариясын сыйлаған елде қасиет бар. Біздің елде үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу сонау ерте заманнан келе жатқан игі дәстүр. Тіпті жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел едік. Алайда заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, қазір үй көбейді. Тағдыр тоғыстырған жетімдер үйі, аналар үйі, қарттар үйі… Қазаққа жат бұл үйлерде қуаныш емес, қамығу, шаттану емес, жабығу басым. Бірақ жат та болса, көпшілігі уақытша жылулықты осы үйден тапқан. Қасірет. Қазақтың қасіреті.

Ата сақалың аузыңа түскенде еліңе абыройлы, ағайын-туысқа сыйлы болу, ұрпағыңның ортасында отырып, солардың қуанышын көру қарттық келгенде бар адамның арманы ғой. Бірақ сол арман шынымен «арманға» айналса ше? Өзегіңді жарып шыққан өз балаң керексіз қылып, өзгенің босағасына апарып тастаса қайтпексің?..

Қазір кез келген қалада «Қарттар үйі» бар. Мереке қарсаңында қаладағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына бас сұқтық. Былайша айтқанда, кәдімгі қарттар үйі. Ең алғаш «Мейірімділік үйі» болып ашылған бұл орталықта баласынан бақыт таппай осы үйді паналап келген қариялар мен тұрақты күтім мен медициналық көмекке мұқтаж 1-2-топтағы мүгедектер тұрады. Бүгінде олардың саны 140-тан асады. Бір шаңырақ астында жеті ұлт өкілі тоғысқан. Бір өкініштісі, соның ішінде жүзден астамы өзіміздің қаракөз қазақтар екен.

– Соңғы жылдары біздің орталықтың ас мәзірін сынаушылар көбейді. Бір жыл болды осы тамақтың мәселесін май шаммен қараудамыз. Әрбір қызметкерді кезекшілікке қойдық. Олар айына бір рет таңғы бесте келіп, асхана жұмысын қадағалайды. Аспазшының тамаққа неше келі ет, май, сүт, қант салғанын бақылайды. Бұрын да тамақ сапасыз болды деп айта алмаймын. Мұндағы қызмет алушылардың неге көңілі толмайтынын түсіне алмадық. Орталық қызметкерлері жабыққан жандардың жанын жадырату үшін қызметін аямайды. Осында суға түсіріп, таза киім кигізіп, жұмсақ төсекке жатқызып, ыстық тамақ беріледі. Қазіргі кезде орталықтың ас мәзірінің тізімі мен күнделікті тамақты видеоға түсіріп, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру, және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына тікелей «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы жіберіп отырамыз. Қазіргі кезде «WhatsApp»-тан арнайы чат ашылған. Сонда барлығын салып отырамыз. Осылайша жан-жақтан бізді жіті қадағалайды. Сондықтан дәл қазіргі кезде тамақтың сапасында мәселе бар деген сөз шындыққа жанаспайды, – деді Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Лариса Кәрібаева.

Қазіргі кезде бұл орталықта тазалық цехы, монша, шаштараз жұмыс істейді. Физиоемдеу, емдік денешынықтыру кабинеттері түрлі аппараттармен жабдықталған. Сондай-ақ қарияларды еңбекке тарту мақсатында ағаш өңдеу цехы, кілем тоқу, тігін шеберханалары да іске қосылған.

Рас, мұнда келген қария «не ішем, не кием?» демейді. Төрт уақыт тамақ, киім-кешек тегін. Денсаулығы осындағы дәрігердің үнемі бақылауында. Ал кітапхана, теледидар, концерттік зал қарттардың ұдайы бас қосатын орнына айналған. Талабы басқа болғанымен, тағдыры ортақ бәрінің. Қариялардан хал сұрай қалсаң, бәрі де «жағдайымыз жақсы» деумен ғана шектелді. Әркімнің өз шындығы бар. Бір-екеуін әңгімеге тартып көргеніммен ашып ештеңе айтпады. Әрине, оларға бітеу жараның аузын тырнап, өткенді қайта қозғау оңай емес. Әлеуметтік қызметкер Айгүл апайдың қасында отырғанымда жанымызға Жұмабай Сәдірбаев деген ақсақал келді. Жасы 70-ке таяп қалса да тың көрінеді. Темір көтерердей күші бар екені көрініп-ақ тұр. Көңіл-күйі де жап-жақсы.

– Мұнда түскендердің бақыт іздеп келмейтіні белгілі ғой. Балалары болса да, осында жүргендер бар ғой. Тағдыры әртүрлі. Бізге қызмет көрсетіп жүргендерге айтар өкпем жоқ. Қызметі адал бәрінің. Төрт мезгіл тамақ береді, төсек-жабдығымызды ауыстырып тұрады. Ауырып қалсақ, дәрігеріміз бар. Замандас, қатарластарымызбен отырып, әңгіме-дүкен құрамыз. Өткен-кеткенді айтамыз. Тараз қаласында бауырымдай болып кеткен досым тұрады. Жылына екі-үш рет айлап сол жаққа барып келемін. Ол да көңілге медеу. Айтар өтінішім жоқ. Ал өкінішім… өкінішім – соңымда ұрпағымның қалмауы, – деді терең күрсініп.

Әрине, бұл жер «өз үйі, өлең төсегіне» қайдан жете қойсын? Кезінде ата-анамыз аузы дуалы ақсақалдардың батасын, ақ жаулықты аналардың алғысын алуды құрмет санайтын. Соған балаша қуанып, мәз болатын. Алыста келе жатқан қарияға жол беріп, алдын кесе өтпеуші еді. Біз соны көріп өстік. Қазір ше? Қазіргі қоғамда сол қарттардың көбі қариялар үйін паналап отыр. Бұрынғы қауқар кеткен. Аз күндік өмірін өзінің емес, өзгенің босағасына байлап берген өмірде не қызық, не мән бар дейсің?! Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен қазақ десе сөз өзімізге тиеді. Өз туған жерінде, ағайын-туыстың ортасында жүріп, қарттар үйінен сая тапқан қазақты көріп, ертеңгі күннің қандай боларына күмәнмен қарайсың.

Ойлап қарасаңыз, ақтық демің шығарда аузыңа бір жұтым су тамызар туғаныңның, балаңның жаныңда болмауы қорқынышты-ақ. Осылайша ой үстінде келе жатқанда «Мінесіз бе?» деген кондуктор даусынан қайта есімді жидым. Сөйтіп, артыма қарайлай-қарайлай қоғамдық көлікке отырдым.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: