Жексенбі, 08 желтоқсан, 10:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Қатаң қызметтегі нәзік жүрек

06.03.2022

1315 0

Полиция қызметкері Гүлзат Әшімованың ойынша, әйелге нәзіктік те, қайсарлық та жарасады.

Бүгінгі қоғамда нәзік жандар сан түрлі саланың қыр-сырын меңгерген. Соның ішінде сабырлық пен сақтықты, төзімділік пен табандылықты, темірдей тәртіпті талап ететін құқық саласын тандаған арулардың қоғамда орны ерекше. Еңбекқор полицей Гүлзат Әшімова соның дәлелі.

Құқық қорғау органының қызметкері өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап келеді. Бүгінде ол полиция аға лейтенанты. Кейіпкеріміз алты балаға жарық дүние сыйлаған алтын құрсақты ана, аяулы жар және өнегелі келін. Шендік қызметі мен келіндік қызметін қатар алып жүрген Гүлзат Бақытбекқызы Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек станциясында дүниеге келген. Бала кезінен ата-анасына қолғабыс болып, ауыл тіршілігін жақсы меңгерген. Сабаққа да көңіл бөліп, мектепте үлгілі оқушылардың бірі болған. Осы кезден бастап ол полицей атануды армандапты. Кейін осы мақсатына жету үшін тиісті оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын жасөс-пірімдермен жұмыс істеуден бастаған.

– Мен 2004 жылы құқық қорғау органына қызметке орналастым. Бастапқыда сол уақыттағы ОІІД кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығына жұмысқа тұрдым. Бұл мекемеде тағдыры қиын балалардың тәрбиесіне жауапты болдым. Әуелгіде оңай болған жоқ. Тәжірибесі мол әріптестерім көп қолдау көрсетті. Қазіргі таңда Қызылорда қалалық полиция басқармасына қарасты Жедел басқару орталығының маманымын. Адам көп шоғырланған аумақтарда бақылау камералары арқылы қылмыстардың алдын алуға және қылмыстарды тез ашуға жауаптымыз, – дейді полицей.

Көз алдымыздағыны көрмей қалатын кездер болады. Ал алып шаһардың әр бұрышында орналасқан сандаған бейнебақылау камерасы арқылы азаматтардың іс-қимылын бағамдап отыру оңай шаруа емес. Бұл жерде маманның біліктілігі шешуші рөл атқаратаны анық.

Расымен, Гүлзат Әшімованың жұмысы ең бірінші кезекте мұқияттылық пен қырағылықты қажет етеді. Қыбыр еткен күдіктіні камера арқылы дер кезінде көру, қылмысты уақытында ашып, қылмыскерді табу төзімділік пен табандылықты талап етеді.

– Жедел басқару орталығында жұмыс өте қауырт. Бақылаудан бөлек, құжатпен жұмыс істейміз. Белгілі бір даталарға сәйкес бейнежазбалар іздейміз. Көбіне тергеушілер мен жедел уәкілдерге қол ұшын созамыз, – дейді алты баланың анасы.

Күдік пайда болған жағдайда жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне ақпарат беріп, қылмысты болдырмау Гүлзат Бақытбекқызының жауапкершілігінде.

Берікбол ҚЫЗЫЛБАЕВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда студенті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: