Сәрсенбі, 16 қазан, 06:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі қандай?

30.01.2024

518 0

Ұлылардың ұлағаты, тағылымды өсиеттерінен ана – қоғамды қозғаушы күш, бірлік-тірлік негізі, ел бейнесін айқындайтын өмір айнасы, ел тұтқасы екендігін тереңірек ұғынамыз. Әйел-ананың бейнесі қан¬дай бол-са, сол елдің бейнесі, салт-дәстүрі сонымен өлшенеді.
Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке лайық болды және құрметтелді де.
Ел басына күн туғанда білігі асса билікке, өнері асса бәйгеге шапқан қазақ әйелінің болмысы тарихымыздан белгілі. Соның арқасында біздің ел үлгілі ұлт болды. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналар елдік пен имандылықты перзентінің бойына сіңіре білді. Осындай қасиеттері үшін әр уақыттарда халқына ұран болған бейбілеріміздің қатары азайған жоқ. Қазақ қоғамындағы әйел заты ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған. Дегенмен, қазіргі таңда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында биік белестерден көрініп, абыройлы басшы боп жүрген әйел адамдары қаншама. Десек те, әйел – биліктегі саясаткер емес, отбасындағы саясаткер болса нұр үстіне нұр болар еді?!
Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген мақалдар осының айғағы. Әсіресе, «ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі»,- деген ұлағатты сөзді бұлжымас қағидасына айналдырған ардақты аруларымыз көп арамызда. Әйел әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады. «Даналардың өзі аналардан жаралады», – деп бекер айтылмаған».
Қазір «Әйел бәріне шыдауы тиіс, олардың қырық жаны бар» деген түсінік қалыптасқан. Отбасының барлық ауыртпалығын анаға артып қойған ерлердің мәртебесі артып жатыр ма? Әйел қамқорлыққа, қолдауға мұқтаж болса сұлулығынан, денсаулығынан айырылады. Табиғатынан өзіне тән ерекшеліктерін жоғалтқан ана отбасына жылулық, қуаныш сыйлаудан қала бастайды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз дегенмен, ұлының арқасынан қағып, қыздарын еркелетіп, сырласа білмеген ата-анадан рухты ер, тәрбиелі қыз шығуы екі талай.
Ертеде қазақ халқы құдандалы болып жатқан кезде «Қызымның барған жері жақсы болса гүл болады, жаман болса күл болады» деген сөздерін тілге тиек еткен. Бұл сөздің астары қызы барғалы жатқан үйде зорлық-зомбылық көрмесін, әлімжеттік жасалмасын деген ниетпен айтылған. Ерте кезде анасының берген құс жастығын құшақтап жас келін сырын айтып, көз жасын сүртіп отыратын. Ол заманда жас отбасы ақылы дария ата-енелер институты болған. Олар берген тәрбиеден өткен жас отбасының діңгегі мықты, шаңырағы биік болған. Ежелден қазақ халқымызда ана наласы мен қыздың көз жасы жауапсыз қалмаған. Елмен ер болып жазықтылардың жазасын беріп отырған.
Қоғамда жұмысбасты әйел аналар көбейді. Жолдасының тапқанына қанағат қылайын десе қаражат қыспағында қалған отбасы нарықтың күннен күнге шарықтауына ілесе алар емес. Ал, қаражат табайын десе, отбасындағы тәрбие ақсап жатыр. Қоғамда көпшілік аналарымыз «былай жүрсең өгіз өледі, былай жүрсең арба сынадының» кебін киіп, қара базар аралап кеткені белгілі. Қазіргі аналарымыздың қоғамдағы бейнесін осындай бірнеше түрге бөлуге болады.
Сондықтан қай заманда болмасын қоғамдағы әйел мәртебесін биік дәрежеге қойған ұлттың еңсесі әрқашан биік болатынын ұмытпағанымыз абзал.

Ж.Сатыбалдиева
Қызылорда облысының дін істері басқармасының
дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: