Жексенбі, 25 ақпан, 11:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2026)
24.02.2024
PDF мұрағаты

«QAZAQ STROY» кемшілікті жөндеуге кірісті

15.08.2023

243 0

Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде қайғылы жағдай орын алды. Оқиға Жүнісова 8\8 мекенжайында, 11 тамыз күні кешкі сағат 22:30 шамасында болған. Анасының туған күніне жиналған ұл-қыздары бір сәтте 1 жастағы бүлдіршіннен көз жазып қалған. Салдарынан, кішкентай бала дәлізге шығып кетіп, 8-қабаттан құлап мерт болыпты. Марқұмның әпкесі болған оқиғаға «QAZAQ STROY» ЖШС компаниясын кінәлап отыр. Баспалдақ маңындағы темір қоршаудың аралары ашық болуы салдарынан бала құлады дейді. Себебі екі жылдан бері мәселені қанша айтсақ та, қайғылы оқиғаға дейін қимылдаған бірде бір қызметкер болмаған екен. Massaget.kz  тілшісі оқиға орнына барып тұрғындармен тілдесіп қайтты. 

Қуаныштың арты қайғымен аяқталған қаралы күнге 3 күн өтті. Бүгін 8-қабаттан құлап мерт болған бүлдіршін жер қойнына тапсырылды. Марқұмның әпкесі енді ғана өсіп келе жатқан бүлдіршіннен қас-қағым сәтте айрылып қалғанына сене алар емеспіз дейді. Оның сөзінше, бар кінә мәселені біле тұра жүйелі шара қолданбаған «QAZAQ STROY» компаниясы алуы тиіс. Себебі, бұл жағдай бірнеше мәрте қайталанған көрінеді. 

«Екі жыл бұрын берілген үйде камера істемейді. Оның өзін тұрғындардың бірі темекі тастап, үй өртенуге шақ қалғанда барып орнатып берді. Екі жыл бойы баспалдақтардың қоршауына қатысты арыз-шағым жазылып келеді. Бұл жағдай бір емес бірнеше мәрте болған. Мәселен, кеше менің ата-анама Жүнісова, 8\7 үйде тұратын көршілер хабарласып бастарынан осындай жағдайдың өткенін айтты. Кішкентай бала 3-қабаттан құлап аяқ-қолын сындырған. «Біз «QAZAQ STROY» компаниясына бардық. Бірақ қуып шықты деді». Бұл компанияның баспалдақтың қоршауын жасаймыз дегеніне 2 жыл болды. Бала өлген соң 2 күннен кейін жасап береміз деді. Тіпті бізден кешірім де сұраған жоқ. «QAZAQ STROY» баламыздың түбіне жетті», – дейді Айжан есімді әпкесі.    

Көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары «біздің де баламыз құлап кетпесіне кім кепіл» деген талап-тілектің негізінде топтасып, компания өкілдерінен баспалдақтың қоршауын бала сыймайтындай  етіп жасап беруді талап етті. Сондай-ақ тұрғындар былтыр күз айынан бастап шағым түсіргенін айтады. Компания өкілдерімен бірнеше мәрте кездесулер де өткізіліпті. Мұны заңгердің өзі де мойындап отыр. 

«Кездесу өткізгеніміз рас, кездескеннен кейін жалпы шешімдер қабылданғаны да рас. Соның бәріне хаттама жасалынған. Сөйтіп біздің компания міндетті түрде осындай қауіпсіздік шараларын қолдануға міндетті болған. Сол хаттама бойынша осы бірінші қыркүйекке дейін осы жұмыстардың бәрін бітіру керек еді негізі. Алайда жұмыс осы тамыз айының ортасына жетті. Енді 1 қыркүйекке дейін құрылыс жұмыстарының бәрін бітіреді», – деді «QAZAQ STROY» ЖШС заңгері Ердәулет Кулшиков. 

Бұл маңда аталған компания салған 12 үй бар екен. Алайда олардың ешқайсысында дәл осындай қауіпсіздік шаралары сақталмаған. «QAZAQ STROY» ЖШС директорының орынбасары Дархан Маркумов қыркүйек айына дейін мәселені толық шешіп беретіндерін айтты. 

«Бүкіл қалада баспалдақ қоршаулары осылай алшақ орналасқан. Сондықтан біз баспалдақ қоршауына көлденең емес, тігінен трубалар орнатуды көздеп отырмыз. Бізде қазір бұл іспен айналысатын 4 мердігер бар. Ертеңнен бастап жұмысқа кірісеміз. Алдымен осы маңдағы 4 үйге орнатуды бастаймыз. Қыркүйек айына дейін бітіріп беруге тырысамыз. Алайда осы уақыт аралығында біз физикалық тұрғыда барлығына бірдей орнатуға үлгереміз бе білмеймін». дейді құрылыс компаниясы өкілдері.

Тұрғындар компания өкілдері алдымен қауіпсіздікке басты назар аударса дейді. Себебі, Alma City тұрғын үй кешенінде тұралап қалған мәселе көп. 

«Алдымен баспалдақтың араларын тормен бітесе дейміз. Содан кейін әр этаждағы камераларды қоссын. Біздегі бейнебақылау камераларының біреуі де істемейді. Сонымен қатар өрт болған жағдайда дабыл беретін құрылғылар дұрыс жұмыс жасамайды. Электр жүйесімен де мәселе көп. Нақты жұмыстар атқарылмайынша құрғақ уәдеге тойдық. Балаларымызды ары-бері көшеге шығаруға қорқатын болдық. Қауіпсіздікке баса мән берілсе дейміз», – деді Назгүл Тоқтасынқызы. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: