Сенбі, 27 сәуiр, 04:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Қазақстан халқына»қорына қанша ақша түсті?

05.01.2023

834 0

Сурет ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының ашыл­ғанына  бір жыл толды. Аталған қор мемлекеттік қолдау шараларынан тыс өмірдің негізгі салаларындағы қазақстандықтардың нақты мәселесін шешуге бағытталған.

– Бұл – халық қоры. Ол әкімшілік­тің немесе үкіметтің жанынан құ­рылмайды. Беделді бақылау кеңесі құрылады. Адал, жауапты басшы тағайындалады. Оның қызметі толы­ғымен ашық болады.  Қоғамға есеп береді. Жоспарлары, бюджеті мен жобалары сайтта жарияланады. Бүкіл ақпарат ашық болады,  – деді қор жайлы Мемлекет басшысы.

Қор басшысы – Болат Жәмішев. Баста қарапайым халықтың мүддесі үшін құрылған қордың жұмысына күмәнмен қарап, түрлі қауесет тарағаны жасырын емес. Сондай-ақ әлеуметтік желіде қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесі құрамына көңілі толмайтындар өз ойларын ашық біл­дірді. Бір сөзбен айтқанда қазақ хал­қына арналған бұл қордың мақсаты мен міндетін қарапайым халық толық түсініп, бірден қабылдай алмады.

Қорға қанша қаржы түсті? Бір жылда қанша қаржы жиналды? Ол қалай жұмсалды? Бұл сұрақтар көптің көкейінде жүргені баршаға мәлім. Өткен жылдың 30 желтоқсандағы мәлімет бойынша, қорға заңды және жеке тұлғалардан 131,7 млрд теңге ақшалай қаражат түскен.

Қор немен айналысты?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоры немен айналысатынын түсіндірді. Нәтижесінде, қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысты. Мәселен, сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға көмек көрсетілуде. Сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында елді мекендерде балалар үшін спорт нысандары салына бастады. Қабілетті балаларға көмек көрсетілді. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимі енгізілгенде зардап шеккен халыққа көмек берілді. Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау ке­зінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау мақсатында біршама игі жұ­мыс жүзеге асырылды.

Бүгінде қор өз алдына бағдарламалар мен ірі жобаларды қолға алып, соның аясында жұмыс істеуде. Атап айтсақ, қаңтар оқиғасында зардап шек­кендерге қайырымдылық көмек көрсетілді. Қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер мен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына  7 млн  теңге төленді. Ауыр жарақаттар алған әскери қызметшілерге, ішкі істер мен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне 3 млн теңге берілді. Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған қаза тапқан азаматтық тұлға­лардың отбасыларына 7 млн теңге төленді. Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған балалардың отбасына  3 млн теңгеден берілді. Сондай-ақ оқ тиіп жарақат алған ауыр жараланған кәмелетке толған азаматтарға 3 млн теңге төленді.

Ерекше бағдарламаның бірі – Қазақстан халқына» қоғамдық қоры білім беру гранттары. Ауыл мек­тептерінің түлек­тері мен ха­лықтың әлеуметтік осал топ­тарынан шыққан студенттерді қолдау, ел азаматтарының осы санаты үшін жо­ғары білімнің қолжетімділігін арттыру.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдар­ға арналған мем­­лекеттік бағдар­ламасында көр­сетілген салалардағы әлем елдерінің басым­дықтарының бірі отбасының әлеу­меттік-экономикалық мәрте­бесіне қарамастан білім алушылардың мүм­кіндіктерін теңестіру. Бағдарламаның өзек­тілігі «Білім беру» саласында еліміздің азамат­тарынан қордың цифр­­лық платформасына келіп түсетін өті­німдер мен өтініштерді талдаумен не­гізделген: аз қамтылған отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі балалардың, жетім балалар мен мүгедек балалардың көп бөлігінің жоғары білім алуы үшін қаржылық мүмкіндіктері жоқ. Негізгі мақсат – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту. Өйткені білім беру сапасындағы қазіргі алшақтық ауыл мектептерінің түлектері үшін жоғары білімді қол жетімді етпейді. Қазақстанда іске асырылып жатқан халықты қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары барлық мұқтаж жанның қажеттілігін толығымен жаба алмайды.

Сонымен қатар тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды роботтық құралдармен (экзоскелеттермен) қамтамасыз ету. Анығырақ айтқанда, церебральді сал ауруы, ми жарақаттары, жұлынның зақымдануы, параплегия, бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы және басқа да ауруларды тиімді оңалту, өз бетінше қозғалуға және әлеуметтенуге көмектесу үшін заманауи жоғары технологиялық роботты құралдармен (экзоскелет­тер) қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларды тех­никалық құралдармен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Сондықтан экзоскелеттер тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін заманауи, жоғары технологиялық және тиімді оңалту құралы болып табылады.

Сондай-ақ офтальмологиялық скрининг және шала туған ретинопатияны емдеу үшін медициналық ұйымдарды жабдықтармен қамтамасыз ету басты орында. Шала туған балаларды офтальмологиялық скринингпен қамтуды ұлғайту және шала туған балалардың ретинопатиясын уақтылы емдеу, нашар көретін және соқырлықпен мүгедектік дең­гейін төмендету. Бағдарламада өңірлердің медици­налық ұйымдарын офтальмологиялық жабдықпен жарақтандыру көзделеді: 12 дана маңдайлық бино­кулярлық офтальмоскоппен, 24 дана диагностикалық асфералық линзалармен және 4 дана офтальмологиялық лазермен.

Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру өзекті. Бүгінде 8 орталықты аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған материалдық-техникалық жабдықтау, инфра­құры­лымды дамыту және орталық қызметкерлерін оқыту басталып кетті.

 Шалғай елді мекендерінде балалар спортын дамыту мақсатында «24 балалар спорт залы» қайырымды­лық жобасы жүзеге асты. Осыған ұқсас тағы да бірне­ше бағдарлама мен ірі жобалар легі өте көп. Олардың басты мақсаты – қарапайым халыққа жан-жақты көмектесу.

Алдағы уақытта қорға донорлардан түскен барлық қаражат қордың жобалары мен даму бағдарламаларын жүзеге асыруға жоспарланған. Сондықтан әр донордың үлесі маңызды. Аталған қор осы қарқында дами берсе,  көптеген Қазақстан азаматы өмірін өзгерте алады, тіпті құтқара алатыны сөзсіз.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: