Осы апта еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында, білім беру мекемелерінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Президент өкімімен Әділ Миратұлы Құсманов Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Әділ Миратұлы 1994 жылы 25 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Оксфорд университетінде (University of Oxford) математикалық модельдеу және ғылыми есептеулер мамандығы бойынша магистр дәрежесін, сондай-ақ Назарбаев Университетінде математика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. 2024 жылғы қараша айынан бастап «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы болды. Президенттік жастар кадрлық резервінің 3.0 мүшесі.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша және Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес полковник Ернұр Жүнісов ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары болып тағайындалды.
Ернұр Жүнісов бұған дейін құқық қорғау органдары жүйесінде басшылық лауазымдарды атқарған. Адал қызметі үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен, сондай-ақ бірқатар мерейтойлық және ведомстволық наградалармен марапатталған.
ҚР Үкіметінің Қаулысымен Сергей Компаниец Оқу-ағарту вице-министрі қызметіне тағайындалды.
1986 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Астана қаласының Мемлекеттік политехникалық колледжін, Басқару институтын, Академиялық инновациялық университетті және Джордж Вашингтон университетін бітірген.
2024 жылғы ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» ММ басшысының орынбасары қызметін атқарады.
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары қызметіне бұған дейін қоғамдық даму басқармасын басқарған Бақытжан Жайлаубаев келді.
Б. Жайлаубаев 1984 жылы туған. Еңбек жолын 2005 жылы Сәтбаев қаласында бастап, он жыл бойы қалалық мәдени-сауық орталығын басқарды. Кейін Сәтбаев қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде басшының орынбасары, одан соң ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
Енді Светлана Дүмбайқызы Маңғыстау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментін басқарады.
Светлана Дүмбайқызы 1967 жылы Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылында дүниеге келген. 1988 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Физика» мамандығы бойынша бітірген. 2014–2021 жылдары Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы болды. 2021–2022 жылдары Маңғыстау облысының білім басқармасын басқарды. 2023–2026 жылдары Маңғыстау облысы бойынша «Ауыл» партиясының өңірлік құрылымдарында жұмыс істеді.
Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болып Нұрлыбек Бимырзаев тағайындалды.
Нұрлыбек Шонжарұлы 1970 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтында есеп және аудит, «Болашақ» университетінде құқықтану мамандықтары бойынша білім алған. 2023 жылдан осы уақытқа дейін Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Осы аптада Қызылордада жаңадан құрылған екі басқармаға басшы тағайындалды.
Облыстық туризм басқармасының басшылық тізгінін Ермеков Дінмұхамед Жандарбекұлы қолға алды. Дінмұхамед Жандарбекұлы 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құқықтану және қаржы мамандықтары бойынша білім алған. Швейцария бизнес мектебінің іскерлік әкімшілік докторы.
Облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасы басшысы лауазымына Бәкіров Ерлан Әмірханұлы тағайындалды. Ол 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетінде заңтану, «Болашақ» университетінде экономика және құрылыс мамандықтары бойынша білім алған.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы лауазымына Кенесары Бағбанұлы тағайындалды.
Кенесары Бағбанұлы 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2015 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Алматы қаласының прокуратурасында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2021 жылдан осы уақытқа дейін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.
Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес жаңадан құрылған балалардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Эльмира Мырза-Ғали тағайындалды.
Эльмира Иниятқызы 1980 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 2001 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті, қытай тілі» мамандығын тәмамдаған. 2002 жылы аталған оқу орнында «филология» мамандығы бойынша магистратураны бітірген. 2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры болып еңбек етіп келді.
Шығыс Қазақстан облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына Әсет Сұлтанов тағайындалды.
Әсет Бейсенұлы 1985 жылғы 27 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Шар қаласында дүниеге келген.
Осы тағайындауға дейін Шығыс Қазақстан облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.
Алматы құрылыс басқармасының басшысы болып Нұрбол Нұрсағатов тағайындалды.
Нұрбол Нұрсағатов 1981 жылғы 29 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2005 жылы Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жол институты тәмамдаған. 2022 жылғы шілде-қазан аралығында Абай облысы әкімінің орынбасары, 2022-2024 жылдары Семей қаласының әкімі болып еңбек етті.
Сонымен қатар Сәкен Аралбаев Алматы білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Сәкен Аралбаев Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «шығыстану» және «тарих» мамандықтары бойынша тәмамдаған. 2025 жылғы желтоқсаннан бастап қазірге дейін Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы бұйрығымен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры лауазымына Серік Имашев тағайындалды.
Серік Имашев 1988 жылғы 19 ақпанда дүниеге келген. Мәскеу автомобиль-жол мемлекеттік техникалық университетін «Автомобиль жолдары мен әуежайларды салу және жобалау» мамандығы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында тәмамдаған. Сондай-ақ АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Ambassador Academy-де Pre-Master дәрежесін және Keele University университетінде MBA дәрежесін алған.
Осы аптада Жәдігер Қожахмет Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры болып тағайындалды.
Жаңа қызметінде Ж. Қожахмет еліміздегі арнайы және инклюзивті білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға жауапты болады.
Сот төрелігі академиясының ректоры қызметіне Қанат Мусин тағайындалды.
Қанат Қалқаманұлы — заң ғылымдарының кандидаты, доцент, заңгерлік білім беру және сот жүйесі үшін кадрлар даярлау саласында көпжылдық ғылыми-педагогикалық әрі басқарушылық тәжірибесі бар маман.
Сергей Трикоз Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.
Сергей Трикоз бұған дейін «Атырау» клубында (2017/18), «Ақтөбе» клубында (22.21.2020) жұмыс атқарған. Сонымен қатар Қазақстанның U21 жастар құрамасын жаттықтырып, Әлем чемпионатында ел намысын қорғаған.
«Қайрат» футзал клубының жаңа бас бапкері болып Густаво Парадеда тағайындалды.
Густаво — клуб тарихындағы ерекше азаматтардың бірі болды. Ол 2004-2009 жылдары «Қайрат» сапында Еуропадағы алғашқы тарихи жетістіктерге қатысып, UEFA футзал кубогының қола жүлдегері атанды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
