Сенбі, 04 мамыр, 05:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қазақтың миы

16.01.2021

6471 0

Ол үйде ешкімнің үйінен жей бермейтін тағамның дәмін татуға болатын: помидордың вареньесі /қызанақ тосабы/, сәбіздің вареньесі, духовкаға қақталған асқабақ, ұн араластырып қуырылған пияз. Себебі бес баласы бар, әкесінің аузы арақтан құрғамайтын отбасы үшін ең қолжетімді ас түрі сондай болатын.
Еден жуып, аз-маз айлық алатын әйел аракідік ішек-қарын сатып әкелгенде ол отбасында үлкен мереке еді. Бір қызығарлығы, бес баланың ауызбіршілігі, бір-біріне деген қамқорлығы бөлек болатын. Жұрт баласына ұрысқанда «Қадишаның баласындай неге болмайсың?!» деп кейитін. Шешелеріне қолғанат, ас-суын әзірлеп бәрі бәйек. Бастарын кітаптан алмайды. Есеп шығарып жарысады. Жауабы дұрыс еместерінен тықымай алады. Ал жеңімпаздардың аттары есікке бормен жазылады. Соған өздері мәз. Жылдар жылжып жатты. Бірақ отағасы арақ ішуін тыймады, қайта үдете түсті. Бұрын әйелін тепкінің астына алатын, балалар өскен соң солар араша болып, Қадиша көкала торғайдай болып жүруін азайтты. Көршілер: «Ай, Қадиша, ажырассай, бүкіл жастығыңды қор қылдың ғой мына алқашпен» деп жаны ашитын. Әйел байғұс «құдай салды – мен көндімнен» басқаны айтпайтын.
Қыркүйектің басы болатын. Қадиша қыс қамын жасап, банкі басып жүрген. Таң ата бала-шағаны ойбайлап аяғынан тік тұрғызды. Отағасы түнде арақ іздеп, бір шөлмек сірке суын /уксус/ сіміріп, бет-аузы көгеріп, ес-түссіз қалған. Жедел жәрдем – аурухана – реанимация – жерлеу. Осы аралықта балалар ерте есейіп кеткендей еді.
Үлкен ұлы Қылышбек Ресейде жарық көретін «Высшая математика» деген журналдағы есептің бірін қалдырмай шығаратын. Сол есептердің жауабын поштамен салып жіберетін. Бір күні Ресейден хат келді. Қылышбекті оқуға шақырған. Көрші-көлем, ағайын-туысты аралап, аз-маз ақша жиып, Қадиша ұлын орманды өлкеге жіберді. Үш айдан соң тағы хат келді. Онда Қылышбек ғылымдағы анау-мынау емес, академиктердің мақтағанын, оқуын тәмамдағасын сонда қалдыратынын қуана жазыпты. Қадишаның төбесі көкке сәл-ақ жетпей қалды. Барлық көршіге сүйіншілеп кіріп шықты. Жұртшылық «Қадишаның маңдайы ашылды» деп бірге қуанды. Бірақ сол қуаныш ұзаққа созылмады. Талай жылғы тұрмыс тауқыметі мен күйеуінің тепкісіне шыдамаған жүрек тоқтап тынды…
Қадишаның балалары бірінен соң бірі оқуын бітіріп Ресейге бет алды. Бәрі шетінен білімді, бірі математик, бірі физик, бірі химик болып бір-бір саланы меңгеріп кетті. Қылышбек Америкаға кетті деген. Қалған бауырлары сол Ресейде көрінеді.
Қыздары әлі күнге дейін помидор мен сәбізден варенье жасайды деп естідік. Сірә, балалық шақтың бал дәмі талай жыл өтсе де таңдайдан кетпеген болуы керек. Бір баласы қызына Қадиша деп анасының атын қойыпты. Орыстар оны бәрібір Катя деп атайды екен.
Қазақтың ойы озық балалары осылайша өзге елдің көсегесін көгертіп жатыр…


Айнұр Тұңғышбаева

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: