Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2026 жылғы 15 мамырдағы бұйрықпен Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру, жүргізу және типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қағидаларда:
- құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу тәртібі;
- мемлекеттік құрылыс жобалары банкінен типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы байланыстыру үшін ұсыну тәртібі айқындалған.
Мемлекеттік банкті қалыптастыру мен жүргізудің мақсаты – мемлекеттік банкте орналастырылған типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы пайдаланушыларға байланыстыру үшін ұсыну. Типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы өзге мақсатта пайдалануға жол берілмейді.
Мемлекеттік банктің негізгі қызмет бағыттары:
- каталогты қалыптастыру, жүргізу және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну.
Мемлекеттік банк «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен сараптауды ұйымдастыруға арналған порталдың бір бөлігі болып табылады.
Құжатта мемлекеттік инвестициялар есебінен жасалған сәулет, қала құрылысы туындыларына авторлардың мүліктік құқықтары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға және мемлекеттік сараптама ұйымына тиесілі екені айтылған.
Мемлекеттік банкте мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген жаңа құрылыс нысандарын салуға арналған типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттама орналастырылады.
Мемлекеттік банкте мыналар орналастырылмайды:
- кешенді ведомстводан тыс сараптаманың теріс қорытындысын алған типтік жобалар немесе жобалық-сметалық құжаттама;
- іске асырылуы мемлекеттік инвестициялар есебінен көзделмеген құрылыс жобаларының жобалық-сметалық құжаттамасы;
- құпиялылық белгісі бар немесе «қызметтік пайдалануға арналған» деген белгі қойылған типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттама;
- желілік құрылыстардың, инженерлік және (немесе) көлік инфрақұрылымының жобалары;
- азаматтық қорғаныс жобалары;
- ғарыш инфрақұрылымының жобалары;
- банктердің жобалары.
Сондай-ақ мынадай жұмыстарды көздейтін құрылыс жобалары да орналастырылмайды:
- құрылыс нысандарына күрделі жөндеу жүргізу немесе ғимараттар мен құрылыстарды реставрациялау;
- пайдаланылып жатқан құрылыс нысандарын реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту немесе техникалық қайта жарақтандыру;
- апатты құрылыс нысандарын бұзуды қоспағанда, құрылыс нысандарын кәдеге жарату;
- құрылысы тоқтатылған аяқталмаған құрылыс нысандарын консервациялау (қайта консервациядан шығару).
Кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілгеннен кейін типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік банк операторы олардың қағидаларға сәйкестігін 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Тексеру нәтижесі бойынша оператор олардың соңғы нұсқаларын порталға орналастырады.
Мемлекеттік банкке енгізілген типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттама бойынша мынадай мәліметтерді қамтитын каталог қалыптастырылады:
- атауы;
- тапсырыс беруші;
- жобалау ұйымы;
- жоба бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен күні;
- техникалық-экономикалық көрсеткіштері.
Каталогқа қол жеткізу үшін пайдаланушы порталға тіркеліп, типтік жобалармен және (немесе) жобалық-сметалық құжаттамамен жұмыс істеу тәртібі туралы келісімге өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) қол қоюы қажет.
Типтік жобаны немесе жобалық-сметалық құжаттаманы байланыстыру үшін алу мақсатында пайдаланушы портал арқылы ЭЦҚ-мен куәландырылатын хабарлама жолдайды.
Типтік жоба немесе жобалық-сметалық құжаттама порталдағы пайдаланушының жеке кабинеті арқылы автоматты түрде беріледі.
Пайдаланушыға жобаның тиісті бөлімдері үшін жауапты сарапшылардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған типтік жоба немесе жобалық-сметалық құжаттаманың соңғы редакциядағы электрондық нұсқасы жіберіледі.
Мемлекеттік банктен типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы байланыстыру үшін пайдаланушыларға ұсынуды мемлекеттік сараптама ұйымы тегін негізде жүзеге асырады.
Жобалық-сметалық құжаттама бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары мемлекеттік банкте кемінде үш жыл мерзімге орналастырылатыны белгіленді.
Ал типтік жобалар мемлекеттік банкте тұрақты түрде орналастырылып, сақталады.
Бұйрық 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Сонымен қатар 2015 жылғы Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемелерді, типтік жобалар мен жобалық (жобалық-сметалық) құжаттаманы ұсыну қағидаларының күші жойылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
