Қазақ халқы ежелден қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, оның әр қадамын қадағалап, инабаттылыққа, ізгілікке, жауапкершілікке баулыған. Себебі қыз – болашақ ана, ал ана – ұлттың тәрбиешісі. Сондықтан да «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесімен тең» деген сөздің астарында терең мән жатыр.
Қазіргі қоғамда бұл мәселенің маңызы одан әрі арта түсті. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда жастардың санасына әртүрлі ықпалдар оңай әсер етеді. Осындай кезеңде қыз баланың тәрбиесіне тек отбасы ғана емес, бүкіл қоғам жауапты екенін ұмытпауымыз керек.
Мен өз қызметімде, яғни сот жүйесінде жұмыс істей жүріп, қоғамдағы түрлі жағдайларға куә боламын. Әсіресе, жасөспірім қыздарға қатысты құқық бұзушылықтарға. Өкінішке орай, мұндай жағдайлардың кейбірі отбасы ішіндегі қарым-қатынастың әлсіздігінен, бала тәрбиесіндегі осал тұстардан және өтпелі кезеңдегі психологиялық тұрақсыздықтан туындайды. Толық емес немесе ата-ана бақылауы әлсіреген отбасыларда өскен балалар сыртқы ортаның ықпалына тез түсіп қалуы мүмкін.
Дегенмен, кез келген жағдайда жауапкершілік ең алдымен құқық бұзушыға жүктелетінін ұмытпауымыз қажет. Қыз баланың қауіпсіздігі – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Жасөспірім кезеңінде балаларға тек тыйым салу жеткіліксіз, оларға түсіністік пен сенім және дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды. Ата-ана мен бала арасындағы ашық диалог, өзара құрмет пен бақылау қатар жүргенде ғана мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады.
Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен мемлекеттік мекемелер де тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды күшейтуі тиіс. Себебі қыз тәрбиесі – жеке отбасының ғана шаруасы емес, ол ұлттың болашағына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселе.
Ұлт тәрбиесі – тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі күннің де қажеттілігі. Қыз баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы біз болашақтың берік іргетасын қалаймыз. Әдептілік, ар-намыс, үлкенге құрмет, кішіге ізет – осы қасиеттер қыз тәрбиесінің өзегі болуы тиіс.
Қорытындылай келе, қыз тәрбиесіне немқұрайлы қарау – ұлт болашағына қауіп төндірумен тең. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір ұстаз, әрбір қоғам мүшесі бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы қажет. Себебі бүгінгі тәрбиелі қыз – ертеңгі саналы ана, ал саналы ана – тәрбиелі ұлттың негізі.
Д.М.Нағашыбай,
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот отырысының хатшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
