Достық үйінде Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыстық «Қызылорда – Невада – Семей» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.
Оған ҚР Семей ядролық сынақ полигоны ерекше тәуекел етулер бөлімінің заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ержан Дүйсенбаев, осы бірлестіктің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілдігінің төрағасы Қайырбек Құсаинов арнайы қатысты.
Жиынға қатысқан қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов Семей ядролық полигонында әскери борышын өтеген ардагерлеріміз бүгінде түрлі салада қызмет етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келетінін атап өтті.
Қонақтар өз кезегінде бірлестік тарапынан республика көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Қызылорда – Невада – Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбіш Сәбит Ыдырысұлы, ардагерлер Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарын жою, әскери қызметте болған азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері төңірегінде пікірін білдірді.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша алдағы уақытта аталған мәселелер бойынша кешенді жұмыстар атқару жоспарланды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!