Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 06:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда облысында алаяқтықтың алдын алу акциясы өткізілді

10.07.2023

875 0

Қызылорда облысы ПД басшылығының ұйымдастыруымен облыс тұрғындары арасында құқықтық мәдениетін арттыру, қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға «нөлдік» төзімділікті қалыптастыру мақсатында «Алаяқтық әрекеттен сақтаныңыз!» атты акциясы өткізілді.

Акция барысында полицейлер интернет-алаяқтықтың түрлерін, жасалу жолдарын, олардың кеңінен пайдаланылатын айла-амалдарын әшкерелеп, халыққа алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін не істеу керектігін түсіндірді. 

Жыл басынан бері өңіріміздегі барлық алаяқтық қылмыстардың саны 560-қа жетсе, соның ішіндегі 441-і интернет-алаяқтық болған. Алаяқтардың құрған тұзақтарына түскендердің қателерінен сабақ алмай, өзіміздің басымызға түскен кезде ғана бармақтарымызды тістеп отырамыз. Әр ауданда, әр қалада, әр ауылда да оңай жолмен алдап ақша табатын алаяқтар баршылық.

Қазір Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері еріктілермен бірлесіп қылмыстың бұл түрінің алдын алу бойынша кең ауқымды операцияны бастап кеткен. ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ілияс Жұмағұловтың айтуына қарағанда, облыс бойынша акцияға жүзден астам полицей тартылыпты. Олардың бәрі әкімшілік учаскелердегі аулалар мен кіреберістерді аралауда. Тәртіп сақшылары кіреберістерге жадынамалар жапсырып және тұрғындарға буклеттер үлестіреді. Ал алаяқтыққа қарсы тұруға ең осал топ – зейнеткерлермен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. «Жадынамалар әзірленді, профилактикалық акциялар барысында облыс орталығының барлық шағын аудандарын қамту жоспарлануда. Қызылордалықтарды әлеуметтік желілерде және мессенджерлер чаттарында интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы ұсынымдарымен бөлісуге шақырамыз. Жас азаматтар қылмыстың осы түрі туралы егде тартқан туыстары мен көршілерін ескертуі қажет. Интернет-алаяқтармен байланысқан кезде шешім қабылдауға асықпай, банкке тексеру үшін қоңырау соғу, қандай жағдай болсын, жеке мәліметтерді айтпау не жолдамау маңызды екендігін халықтың есіне салудамыз. Алаяқтықтың алдын алу жұмысы ауқымды түрде жүргізіле береді», дейді Ілияс Жұмағұлов.

Шарада адам көп шоғырланатын жерлерде, демалыс орындарында алаяқтық жөнінде ақпараттық үлестірмелі қағаздар таратылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: