Сенбі, 24 ақпан, 11:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2026)
24.02.2024
PDF мұрағаты

Тіл үшін күрес – күрестердің ұлысы

13.08.2022

3358 0

Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, тұғырына қондыру өңірлердің тіл мәселелерінде атқарып отырған іс-шараларына тікелей байланысты. Осы орайда Сыр өңірінде жүзеге асырылып келе жатқан жұмыстар жөнінде облыстық тілдерді оқыту орталығы директоры Мартана Дәулетбаевамен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Мартана Қонысбекқызы, еліміздің ұлы құндылығының бірі – ана тіл. Осы қастерлі құндылықты дәріптеу жолында еселі еңбек атқарып келе жатқан тілдерді оқыту орталығы туралы айтып берсеңіз. Бұл – мекеме қашан ашылды, қалай құрылды?

– Иә, бүгінде тіл мәселесі – күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптың бірі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жұмыстарының басым бөлігі тілдерді оқыту орталықтарына жүктеліп отыр. Ең алғаш орталық 2008 жылдың маусым айында Қызылорда облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылған болатын. Қызылорда облысы әкімінің 2016 жыл­ғы 30 маусымдағы №509 қаулысына сәйкес Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Орталықта қазіргі таңда барлығы 35 адам, (оның ішінде 21 штат аудандарда) жұмыс істейді. Орталықтың негізгі мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, тіл мәдениетін одан әрі арттыру және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Орталық мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында қабылданатын мемлекеттік бағдарламаларды, іс-шаралар жоспарын іске асыруға қатысады, тілдерді меңгеру бойынша нысаналы индикаторлар мен нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге, оның ішінде мемлекеттік тіл мәселесі бойынша және алдағы уақытта қолданысқа енгізілетін жаңа әліпбиге  байланысты орталықтың жұмыс ауқымы кеңейетін болады.

– Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Орталықтың негізгі миссиясы ересек тұрғындарға тілдерді оқытып-үйрету болып табылады. Орталықта қазақ, ағылшын және орыс тілдері курстары жүргізіледі. Бүгінде әлем тілі саналатын ағылшын тіліне деген сұраныс өте көп. Әсіресе, магистратура мен «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алуға үміткерлер ағылшын тілі деңгейін көтеру үшін көптеп келеді. 2022 жылдың І жартыжылдығы бойынша орталық арқылы барлығы 1216 адам, оның ішінде 411 адам – мемлекеттік тіл, 227 адам – орыс тілі және  578 адам ағылшын тілі курстарынан өтті. Сонымен қатар орталық тілдерді дамыту, оның ішінде қазақ тілінің деңгейін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту бағытында түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Қазіргі уақытқа дейін 20-ға жуық іс-шараға 300-ден аса адам қамтылып, орталықтың кітап қорынан 25 мекемеге әдістемелік көмек ретінде 1 839 кітап таратылды.

Биыл ұлт ұстазы, ұлы реформатор, тіл білімінің ата­сы – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының шекара қызметі мекемесінің қызметкерлеріне «Ахаңның ай­шықты ойлары» тақырыбында диктант жұмысы, өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы және қазақ жазуы» тақырыбында ашық сұхбат алаңы, тіл мамандарының қатысуымен «Әдістеме әлемі» тақырыбында облыстық семинар, «Ахаңның айшықты ойлары» атты облыстық челлендж, мемлекеттік тіл оқытушылары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы» облыстық байқауы өтті. Орталықтың әлеуметтік парақшасы арқылы «Қатесіз жаз!», «Сауаттылық әліппесі», «Сөзтүзер» ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.

– Тіл үйрету мәселесінде этномәдени орталықтарының қыз­меткерлерімен байланыс бар ма?

– Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен әріптестік байланыстамыз. Этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге құрметін арттыру, қазақ тілін еркін меңгерген этнос жастарын ынта­ландыру және тілдерді дамыту бағытында  бірлескен шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар орталық тарапынан әдістемелік көмектер көрсетіліп тұрады.

– Көшедегі жарнамалар мен қоғамдық орындардағы қате аудармаларға тіл орталығының құзыреттілігі қандай?

– Бұл бағыттағы жұмыстарға орталықтың қандай да бір құзыреті бар деп айта алмаймын. Алайда, қате жазылған жар­намалар мен ақпараттарды анықтап, әдістемелік көмек көрсетіп тұрамыз. Орталық оқытушыларымен Қызылорда қаласы және аудан орталықтары көшелерінде ілінген билбордтардағы көрнекі ақпараттардың орфографиялық, стильдік жағынан дұрыс жазы­луын тексеру мақсатында тұрақты түрде рейд жүргізіліп тұрады. І жартыжылдық бойынша 4 рейд ұйымдастырылып, 30-дан аса кемшілік анықталды. Қазіргі таңда мейрамхана, дәмхана, асхана­лардағы ас мәзірінің қазақ тілінде жазылуына әдістемелік құрал дайындап, жеке кәсіп иелеріне ұсынуды жоспарлап отырмыз.

– Тіліміздің мемлекеттік мекемелерде қолданылуына қатысты сын әлі де баршылық. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға байланысты қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Дұрыс айтасыз, сын бұрын да болған, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі күшеймей, бола да береді. Ұлттың ұлт болып сақталуы үшін ең бірінші – тілімізді жоғалтпауымыз керек. «Тіл үшін күрес – күрестердің ұлысы» демекші, құлдық сана өзгермей, бұл күрес ешқашан тоқтамақ емес. Ең алдымен, кез келген жүрегі «елім, жерім, тілім» деп соғатын жанашыр азамат қазақ тілінің жер бетінен жоғалып бара жатқан тілдер қатарына түспеуіне барынша үлесін қосуы тиіс. Халықаралық тілдер қатарына кірмесе де, қазақ тілінің мемлекет ішінде маңызды бір ғана тіл ретінде орнығуына, оның ғылым тіліне айналуына атсалысуымыз керек. Бұл құр сөзбен емес, іспен жүзеге асса деймін. Орталықтың алдағы жоспарында әртүрлі салада қате қолданыста жүрген, аудармасы дұрыс берілмеген терминдерді зерттеп, оны тіл мамандарының талқысына салып, Терминология комиссиясына дұрыс нұсқасына ұсыныстар беруді, сондай-ақ өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тіл мамандары, сөздің мәйегін тамыза­тын жыршы-термешілер, журналистер, блогерлер және сөзі өтімді, өзіндік пікірі бар қоғам белсенділерінің басын қосып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту бағытында не істеуге болатынын, ащы да болса шындықты ортаға салатын ашық пікір алаңдарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осы орайда, бәріміздің мақсатымыз бір, тек даңғаза-шусыз ойымызды бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жұмыс жасасақ деген ниет. Орта­лық­тың ұйымдастыруымен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге іс қағаздарының дұрыс жазылуы мен толтырылуы бойынша арнайы оқыту курстары жүргізіліп, курсты жақсы көрсеткішпен аяқтаған тыңдаушыларға сертификат табыс­талады. Сондай-ақ жұмыс барысында тілге байланысты туын­даған сұрақтарына, аудармамен де әдістемелік көмектер көр­сетіліп тұрады. Қай уақытта хабарласса да, оқытушылар әрдайым көмек қолын созуға дайын.

– Қазақ тілін дамытуда тағы қандай қиындықтар бар?

– Бұрын да айтылған мәселе – бұл жастар тілі немесе әлеумет­тік желідегі қазақ тілі. Қазір ақпараттық технология дамы­ған заманда әлеуметтік желі, мессенджер, ең көп қолданыстағы ват­сап желісінде қазақ тілінде қате, сауатсыз жазу. Бұл адамдарды білімсіз деу емес, тек асығыс немесе қысқаша жазу барысында тіліміз­дің шұрайы жоғалып, сөздер қысқарып барады. Кейде не жазыл­ғанын жобалап түсініп жатамыз. Әдеби нормада сөйлеу де назардан тыс қалып барады. Тіл тазалығын сақтап, жазу стилін жо­ғалт­пауы­мыз керек. Әйтпесе бұл дағды қалыптасып қалып, жазу сауатсызды­ғына итермелейді. Бұл да – тілге төнген қатердің бірі.

– Толайым істер атқарылған жерде жетістіктер де көп болатыны анық. Осы тұрғыда орталықтың жетістіктеріне тоқталсаңыз…

– Биылғы біздің үлкен жетістігіміз облыстық «Үздік оқыту­шы» байқауының жеңімпазы, орталықтың мемлекеттік тіл оқыту­шысы, филология ғылымдарының магистрі, ізденімпаз жас маманымыз Орынбаева Алтынай Романқызы шілдеде Тараз қаласында өткен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқытушылар арасындағы республикалық байқауда бас жүлде иеленді. Бұл біздің орталық болып құрылғалы оқытушыларымыздың қол жеткізген ең үлкен жетістігі десек те болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: