Сейсенбі, 21 мамыр, 17:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40-2050
21.05.2024
PDF мұрағаты

Тіршілігі толымды Талсуат

18.07.2023

291 0

Бұл аптадағы біздің  бағытымыз – Талсуат ауылдық округі.  «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына орай қалаға қарайтын ауылдардың тыныс-тіршілігін, тарихын саралап шығамыз. Кезінде Әл-Фараби ғұлама «Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жатқан дәуірінің қадірін бағалай алмайды» деген екен. Мақсатымыз – ауылдың  өткен шағы мен  жаңарған келбетін көзбен көріп, көңілге түю, бүгінгі  ауыл бейнесін сол қалпында оқырманға жеткізу.

Талсуат ауылы Қызылорда қаласынан солтүстік батысқа қарай 9 шақырым жерде орналасқан. Бұрынғы атауы Александровск болған. 1853-54 жылдары қыстаққа Ресейден жер аударылып, көптеген орыс отбасы келген. Ол кезде бұл елді мекен №18 Талсуат ауылдық кеңесі, «Колос» колхозы деп аталған. Кейінірек ауылды «Александровск» деп атап кеткен-ді.

Александровск және Геологтар ауылының іргесі 1929 жылы  кеңес дәуірінде қаланған. Комсомол ұжымшарының қарамағында болған (қазіргі Қызылжарма ауылдық округі).

1967 жылы Александровск ауылында геологтар мекемесі құрылып, жеке тұрғын үйлер салынған. Мекеменің өз алдына балабақшасы, дүкені, асха­насы, клубы, моншасы, орталық жылу жүйесі, ауызсу жүйелері жасалып, жас мамандар осында тұрақтанған.

Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі төрағасының 1992 жылдың 4 мамырындағы №27 қаулысымен Қызылжарма ауылдық кеңесінің Комсомол, Геологтар, Александровск ауылдары Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бағы­ныстылығына берілген. 2005 жылдың қаңтар айында Талсуат ауылдық округі құрылып, Қызылжарма ауылдық округінің құрамындағы Геологтар, Александровск ауылдары Талсуат ауыл­дық округінің қарамағына берілді.

1967 жылы Александровск ауылында гео­логтар мекемесі құрылып, жеке тұрғын үйлер салынған. Мекеменің өз алдына балабақшасы, дүкені, асханасы, клубы, моншасы, орталық жылу жүйесі, ауызсу жүйелері жасалып, жас мамандар осында тұрақтанған.

Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі төрағасының 1992 жылдың 4 мамырындағы №27 қаулысымен Қызылжарма ауылдық кеңесінің Комсомол, Геологтар, Александровск ауылдары Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бағы­ныстылығына берілген. 2005 жылдың қаң­тар айында Талсуат ауылдық округі құрылып, Қызылжарма ауылдық округінің құрамындағы Геологтар, Александровск ауылдары Талсуат ауылдық округінің қарамағына берілді.

Көненің көзі – мектеп

Сыр бойындағы ертеден келе жаткан іргелі білім ошағы – Талсуаттағы № 178 мектеп. Оның  іргетасы 1929 жылы қаланған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Колос» елді мекені Сырдария ауданы Комсомол совхозының бөлімшесі болған. Мұнда орыстар көп қо­ныстанған. Аштық пен қысымшылық көріп, Ресейден ауа көшіп келген орыстар осында тұрақтап қалған. Сондықтан алғаш 1929 жылы ашылған мектеп орыс бастауыш мектебі болған. Бұл мектепті басқарған Петр Павлович Шкрупело деген мұғалім екен. Мектеп сол заманда орыс балаларымен қатар, ересек қазақ жастарын да  оқытып, сауатын ашыпты. Қазақ балаларына Шайзада Жармағамбетов дәріс берген.

1935-36 оқу жылында осы бастауыш мектеп негізінде 7 жылдық «Шайкөл» орыс-қа­зақ мек­тебі болып жұмыс істей бастайды. Мектептің меңгерушілігіне өз заманының алдыңғы қатар­лы оқытушысы Жармағамбет Есмамбетов та­ғайындалды. Жаңалыққа жаны құмар сол кездегі көзі ашық азаматтар Жалғасбай Ахметов,  Құмыр Тоқабаев балаларды оқытқан. Математикадан Кемеш Ақдәулетов, қазақ тілі мен әдебиетінен Әсия Палымбетова сабақ беріпті. Сол уақытта мектепте  жүздің үстінде оқушы оқыған.

Бір қызығы, мектептің мұғалімдер құрамы әртүрлі ұлттан болған. Төртеуі  орыс, екеуі  неміс, екеуі татар, біреуі корей екен. Мектеп Ұлы Отан соғысы жылдарында да жұмысын тоқтатпаған. Соғыс басталғанда мұғалімдердің көпшілігі әскерге аттанған. Сол қиын шақта мектепте 350 оқушы білім алған.

Мұғалімдердің орнын қарт мұғалімдер мен жастар алмастырыпты. Сол жылдары Ерназар Жүнісов  мектепте мұғалім болып қыз­мет жасаған. Мектеп директоры мен бір топ жастар көптеген қиындыққа қарамастан жас­тарға білім беруде аянбай еңбек етті. Бір мез­гіл колхоз шаруашылығына көмек береді. Сы­нып­тар біріктіріліп, қосып оқыту қиындық келтіреді. Сонда да білім ошағы өз жұмысын атқарған. Соғыстан кейін мектеп директоры болып Бабаш Жөкенов  тағайындалды. Соғыстан аман оралған ұстаздар Асқар Елеукенов, Бұрқан Бапалақов, Құлмағамбет Қисықбаев, Жаппар Қуанышбаевтар өз  қызметіне қайта оралып, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда мектеп жұмысының өрге басуына көп күш салады.  1946-1947 оқу жылында мектепте Сардарбек Нұрмағанбетов пен Мұсылманбек Мажитовтер  ұстаздық етті. Осы жылдары Қ.Қисықбаев, Б.Бапалақов, Қуанышбаев сияқты мұғалімдер ауылшаруашылық саласына енбек етуге кетеді де, олардың орнына Қасымхан Демжанов, Құлбике Аймақова, Ақбазар Байзақова, Гүлсім Нарымбетова, Беренкүл Сүлейменова сияқты  кадрлар келеді. Соғыстан кейін өзге ұлттардың еліне қайтуына байланысты оқушылар саны азая бастайды.

1957 жылы колхоздарды біріктіруге байла­нысты «Колос» елді мекенін  «Комсомол» мектебіне қосады. Яғни 1957 жылдан бастап «Колос» елді мекенініндегі «Комсомол» бас­тауыш мектебі болып қалады.

1954 жылы көктемде Сырдария өзені тасып, елді мекендерді су басып, мектеп үйі де су астында қалады. Алайда оқу  жалғаса берді.

Мектеп үйі уақытша №11 аялдамадағы теміржол ғимаратына көшірілді. 1957 жылы мұғалімдер күшімен кесектен мектеп үйі салынып, іске қосылады.

1979 жылы Алматыда «Бастауыш мектеп­тердің оқу-тәрбие жұмысымен жаңа оқу жылына даярлығы жөнінде»  республикалық семинар өткізіліп, «Комсомол» бастауыш мек­тебі республика бойынша екінші орын алып, мектеп Қазақ ССР  оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапатталады. Ол кезде бастауыш мектеп меңгерушісі Сардарбек Нұрмағанбетов еді. Мектеп тарихында еңбектері еленіп, бұрынғы одақ көлемінде республикалық марапатқа ие болған мұғалімдер де бар. Олар – ардагер- ұстаздар Мұсылманбек Мәжитов, Сардарбек Нұрмағанбетов  «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» белгісімен және СССР Оқу Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 

 Танымал мектеп түлектері

Осы мектепте білім алып шыққан көптеген шәкірттер ғылыми атақ алды. Олардың қа­тарында Пак Владимир Денисович – медицина ғылымдарының докторы, казір Ақтөбе мед­институтында қызмет істейді.  Қайрат Ерназаров Құрметті құрылысшы, Қызыл­орда қаласының Құрметті азаматы және Қызылорда қалалық мәслихатының IV, V, VI шақырылымдарының депутаты болған. Қазіргі уақытта бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. Туған жерін түлеткен азамат 2021  жылы мектеп ауласына құны 15 млн тұратын футбол алаңын, 3 аялдама, жаяу жүргіншілер жолын салып, елдің батасын алған. Қандай шара болса да шарапатын тигізіп жүретін халық қалаулысы жомарттықтың үлгісін көрсетіп келеді.

Мектеп тарихында еңбектері еленіп, бұрынғы одақ көлемінде республикалық марапатқа ие болған мұғалімдер де бар. Олар – ардагер- ұстаздар Мұсылманбек Мәжитов, Сардарбек Нұрмағанбетов  «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» белгісімен және СССР Оқу Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 

          Жаңа дәуір мектебі

Мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 136,5 млн теңге бөлініп, құрылысты тендер жеңімпазы «Нұрай» ЖШС жүргізді. Құрылыс 2006 жылдың қараша айынан басталып 2007 жылдың желтоқсан айында аяқталып, 2007 жылы желтоқсан айының 25-нен бастап, жаңа үлгідегі типтік 150 орындық жаңа ғимаратқа көшірілді.

Мектеп бүгінгі заман талабына сай, асхана, спорт залы, акт залы, кітапхана, информатика кабинеті, заманауи химия кабинеті, Коворкинг орталығы бар. 18 пән кабинеттерінің 11-і   инте­рактивті тақтамен жабдықталған. Арнайы педагог қызметін ұсынатын дефектолог кабинеті  жұмыс істейді. Ауыл тарихынан сыр шертер  ауыл мұражайы мектеп ғимаратында орналасқан. Білім ордасында еліміздің гүлдене беруіне үлес қосар, ел болашағының білім алып, тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған.  

Қазіргі таңда №178 орта мектебін тарих магистрі Динарида Шәдібекова басқарады.   ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаевтың Сыр өңіріне сапары барысында мектепке сыйымдылығы  20 орындық жаңа автобус табыс­талды. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында мектепке биылғы оқу жылында 32 бейнекамера орнатылды.  2022-2023 оқу жылында барлық білім алушылар саны  403-ті құрады.

Мұғалімдер саны – 53, оның ішінде жоғары санатты мұғалім – 1, педагог-модератор – 14, педагог-сарапшы –13, педагог-зерттеуші – 7 ұстаз, 3 ғылыми-педагогикалық  бағыттағы магистрлер қызмет етуде. Биология, химия пән­дері ішінара ағылшын тілінде жүргізіледі.

№178 орта мектебі бойынша 5-6, 7-8, 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген республикалық олимпиаданың қорытындысымен  бір оқушыға ІІ орын, бес оқушыға ІІІ орын және екі оқушыға Алғыс хат табысталды.

2-4, 5-7 сынып оқушылары арасында өткі­зілген республикалық «Зерде» ғылыми жоба бойынша бір оқушы ІІІ орын, бір оқушы Алғыс хат алды.

Педагогтар арасында кәсіби байқаудан қала бойынша екі мұғалім ІІ орын, үш мұғалім ІІІ орын, облыс бойынша бір мұғалім  ІІІ орын, республикалық байқауда бір мұғалім  алғыс хатқа ие болды.

Мектеп 4 жобамен жұмыс істеуде.  Атап айтсақ, «Мектеп парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп театры», «Талсуат жастары» дебат клубы жобасы. Жоба бойынша сайыс пен байқауға қатысып жүлделі орын иеленуде.

Ауылдық округтегі «Заңғар» балабақшасы заманауи ғимаратқа орналасқан. Бүгінде 90 бүл­діршін тәрбиеленуде. Балабақша меңгерушісі Гүлнар Кенебаеваның айтуынша, барлық топтар жеке жатын, ойын, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер бар. Балабақша материалдық-техни­калық базасымен жабдықталған. Кішкентай балақайларға керемет жағдай жасалған. Ас мәзірі де талапқа сай. Балалар ойын алаңы әдемі безендіріліп, балаға керемет көңіл-күй сыйлайды.

Бүгінгі ауыл дидары

2445 адамға құтты мекен болған Талсуат ауылдық округі  бүгінде мемлекеттік  бағдарлама игілігімен өркендеп дамып келеді. 

Әлеуметтік ахуалы жақсарған елді мекенде жұмыссыздар саны азайған. 

Биыл ауыл тұрғындарын жұмыс­пен қамту нәтижесімен 1 тұрғын жастар практикасына, 2 тұрғын «Күміс жас» бағдарла­масына қатыстырылған. 9 тұрғын ақылы қоғам­дық жұмыспен, 23 тұрғын  тұрақты жұмыспен қамтылған.                

2023 жылы ауылдық округтің бюджеті 203 900 000 теңгеге түзетіліп, оның 36,9 млн теңгесі игерілген. Ауылдық округ бойынша жылдық жоспар 107,7%-ға орындалған.

Инфрақұрылым игілігі

Ауылдық округтегі 13 көшені электрмен жабдықтау үшін жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен қаржысы берілген. Қазіргі уақытта жеңімпаз мекеме анықталып, келісім-шартты тіркеу жұмысы жүргізілуде. 

Биыл ауылдық округтегі 8 көшеге асфальт төселуде. Олардың қатарында О.Сауытбаев тұйығы, Құмкөл, Сейхун, Отырар, Сырдария, 7-ші көше, Көкшетау, Қазалы көшелері бар. Жоба құны 65151,0 теңгені құрайды.

Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту бағ­дарламасы» аясында Ақтөбе көшесіне  жарық шамы  орнатылмақ. А.Құнанбаев көшесіндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмысы қолға алынбақ.

Кәсіп түбі – нәсіп

Кәсіпкерлік қазір елді мекендерде дамып келеді. Арнайы бағдарлама игілігін де ауыл халқы көруде. Бұл бағытта Талсуат ауылдық округінде 2 168 кәсіпкер тіркелген.

Ауылдық округ әкімі Айбек Жылқыбайдың айтуынша, жыл басынан 13 тұрғын жылқы, қой, түйе, шаруашылығымен айналысуға, жылы­­жай өсіруге, жүк тасымалдау жобасына жалпы қаражат 6 пайызбен  77 млн 660 мың теңге несие алған. Мәселен, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан 8 тұрғын 50 млн теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ  арқылы 2 тұрғын 9,9 млн теңге, 2 тұрғын 2760,0 мың теңге қайтарымсыз грант, 2021-2025 жылдарға ар­налған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 тұрғын 15 млн теңге иемденген.  Айта кетейік,  «Қанат» жеке кәсіпкерлік мекемесі атынан Фатима Кемалова 2023 жылдың басында Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 5,5 млн  теңге түйе шаруашылығына 6% несие алып,  екі түйені  ботасымен сатып алып, бүгінде игілігін көруде.

Жеке кәсіпкер Дөңес Күншығаров, өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 7,5 млн теңгеге жылыжай құрылысын  салды. Алдағы уақытта көкөніс егумен айналыспақ.

Мәдениет – ел мәйегі

Ауылдық округтегі  елдің рухани байлығын дамыту мақсатында 1 ауылдық клуб  және 1 кітап­хана жұмыс жасайды. Ауылдық клубта 5 үйірме бар.  Осы тұста мәдени саланың жетіс­тігін де айырықша атап өтуге болады. Ауылдық клуб қызметкерлері «Дариға Домбыра» халық­аралық өнер байқауында жүлделі 1 орынды иеленіпті. Ал қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сақтапберген Әлжіковтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған қалалық байқаудан клубтың үйірме мүшесі Ж.Нұрлыбай бас жүлде иеленіп, ауылдың абыройын асқақтатқан. Өнерлі ауыл халқына жуырда  150 орындық  клуб ғимараты пайдалануға берілмек.

Жаңа жоба – жаңалық жаршысы

Бұған дейін қанатқақты жобаларды жүзеге асырған талсуаттықтарға жаңа жобалар көп мүмкіндік береді. «Өңірлерді дамыту бағ­дарламасы» аясында ауылдағы Ақтөбе көшесіне түнгі жарықтандыру жүргізілмек. Жоба құны 2054,0 теңгені құрайды.

Осы жоба аясында А.Құнанбаев көшесінде орналасқан балалар ойын алаңын ағымдағы жөндеуге және № 7 көшені түнгі жарықтандыруға 5 млн теңге бөлінбек. Сонымен қатар   5 көшені жарықтандыруға жоба-сметалық құжаты жаса­лып, оң қорытындысы алынды.

Бұған қоса  «Ауыл-Ел бесігі» жобасы ая­сында 4 көшеге жаяу жүргінші жолын салуға жоба-сметалық құжаты жасалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ауылдық округ ау­мағындағы әлеуметтік қызмет көрсететін 3 меке­меге жаяу жүргінші жолын салу үшін 3058,0 теңгеге жоба-сметалық құжаты әзірленуде.

Ауылдағы Сығанақ көшесіне тас төсеу үшін жоба-сметалық құжатының сараптамасы жасалмақ. Жоба құны 617857 теңгені құрайды.

– Елді мекендегі Жанкент, Ақтау көшелері  мен №1 және №2 тұйықтарды   қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаты жасалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сонымен бірге ауылдағы 1 тұйыққа тас төсеу жұмысын жүргізуге жоба-сметалық құжаты жасалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған.  Жоба құны 15063,0 теңгені құрайды, – деді ауыл әкімі.

Иә, бұл ауылда қай жағынан қарасақ та алға адымдап өркендеу бар. Туған ауылын көркейтіп жатқан азаматтар да «бәрекелді» деп  ыкыласпен берген батаның құдіретімен дәулеті тасып, мерейі өсіп отыр. Сан ұлтқа сая болған Талсуат ауылының көркейе беруіне біз де тілектестік білдірдік.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суретті түсірген                                  Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: