Жұма, 21 маусым, 12:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48-2058
18.06.2024
PDF мұрағаты

Түйткілді мәселенің түйіні тарқар күн алыс емес

21.11.2023

106 0

Түйткілді мәселенің түйіні тарқар күн алыс емес

Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі – саяжай жайы. Көп жылдан бері қала маңындағы саяжай жұртшылығы базынасын айтып, түйткілді түйіндерін жеткізген. Бүгінде мұнда жол, су, ауызсу, аяқсу, көгілдір отын, қоғамдық көлік сынды мәселе жетерлік.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың халықпен тұрақты кездесуі саяжайдағы күрмеулі мәселелердің шетін шығарғандай. Тұрғындарды кезекті қабылдау барысында облыс әкімі орынбасарларына саяжайдағы өзекті мәселелерді зерттеп, зерделеуді тапсырған болатын. Соған сәйкес жақында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов, қала әкімі Асылбек Шәменов тиісті сала басшыларымен бірге «ПМК-29», «ПМК-66» саяжайы тұрғындарымен кездесіп, ондағы түйткілді бағамдап қайтқан еді.

Кездесу барысында  «Электромонтажник», «Мелиоратор», «Самал-2», «Аэрофлот», «Сантехник» саяжайын қамтитын «ПМК-29» тұрғындары қоғамдық көлік мәселесін көтерген. Олардың айтуынша, қоғамдық көлік саяжайға кестеге сәйкес аптасына 3 рет қатынайды екен. Екі мыңға жуық халық тұратын саяжайлықтар жолаушылар көлігі күнделікті қатынаса деген өтінішін айтқан еді. Бұл мәселеге қатысты «Автобус паркі» ЖШС басшылығына кестеге өзгерістер енгізу тапсырылған. Мұнда қоғамдық көліктен бөлек электр желілерінің тозуы, жолдың жайы да өзекті. Сонымен қатар саяжай аумағындағы «Иіркөл» жасанды көлінің жеке кәсіпкерге жалға берілуі салдарынан жергілікті тұрғындар аяқсу мәселесінен таршылық көруде. Аталған мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы жауапты сала басшыларына тиісті тапсырма жүктеген.

Жоғарыда аталған мәселелер 250 тұрғыны бар «ПМК-66» саяжайында да өзекті. Бұл ретте қала әкімі Асылбек Шәменов жол мен ауызсу жүйесінің жобасы әзірленіп,  түнгі жарықтандыру мәселесі жоспарға енгізілетінін жеткізген.

Облыс әкімінің орынбасары мен шаһар басшысы бұдан бөлек «Ягодка» және «Пищевик» саяжайы халқымен де кездескен.  Мұнда 1200-ге тарта халық қоныстанған. Өзге саяжайларға қарағанда қоғамдық көліктер күнделікті қатынайды. Саяжайдың 7 көшесіне қиыршық тас төселген, электр желілері тартылған. Дегенмен мұндағы жұртшылық тағы бірқатар көшені жөндеп, ауызсу желісін тартса, сондай-ақ көгілдір отынға қосса деген ұсыныс айтқан.

Тұрғындармен кездескен қала басшылары саяжайдағы түйткілді мәселелерге байланысты зерделеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтқан. Бүгінде ондағы жарықшам баға­наларын, аялдамалар, орнату, орташа жол жөндеу жұмыстары, қосалқы электр станциялары және электр желілерін жүргізу, құқықбұзушылық фактілерін алдын алу, қоғамдық көліктің қатынауы, сондай-ақ аталған саяжайларды қаланың бас жоспарына еңгізу сынды жайттар күн тәртібіне енгізілген.

Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов саяжай мәселесіне байланысты тиісті сала басшыларымен жиын өткізді. Ондағы мақсат тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді саралау, жүзеге асатын, оң шешім табатын жұмыстарды жүйелеу.

– Барлық мәселе кезең-кезеңімен оң шешім табатыны анық. Ең алдымен аталған мәселелердің ішіндегі өзекті деген және де қаражат мәселесін қажет етпейтін жұмыстарды жыл соңына дейін бітіруіміз қажет. Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды. Енді тапсырылған жұмысты тиісті мерзімінде орындауларыңызды сұраймын, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Жиын барысында тиісті сала басшылары өздеріне жүктелген тапсырма аясында атқарған жұмыстарын баяндады. Өз кезегінде әкім орынбасары жұмыстың жүйелі жүргізілу керектігін баса айтты.

Саяжайлықтар үшін күрмеуі қиын мәселеге айналған түйткілдің түйіні тарқар кезде алыс емес сияқты. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес қаражат мәселесін қажет етпейтін жұмыстар жыл соңына дейін жүзеге асса, тұрғындарға үлкен қолдау болары анық.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: