Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облыстық мәслихаты мен Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігінің ұйымдастыруымен «TURKISTAN – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты конференция өтті.
Ауқымды жиынға Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тлеумбетов, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық мәслихаттардың төрағалары, ғалымдар, сала мамандары, туристік ұйымдардың өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жуырда Түркістан төрінде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өңірдің халықаралық беделі мен рухани мәртебесін айқындай түсті. Осы сабақтастық аясында ұйымдастырылған конференция Мемлекет басшысының Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен дәріптеу, оны халықаралық деңгейде насихаттау және Түркістанды түркі дүниесінің рухани әрі туристік орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында өткізілді.
Сонымен қатар, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Мұқашев және Түркістан облысының прокуроры М.Тлеубердиев рухани мұраны сақтау, тарихи құндылықтарды келер ұрпаққа аманат ету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Жиын қорытындысында Түркістанның туристік әлеуетін арттыру, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ел арасында дәріптеу және тарихи-рухани бағыттағы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
