Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов, қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев және қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Жүсіп Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен ардақты ардагерлер – Ақпантай Пірназаров пен Шырынкүл Баймаханованың шаңырағында болып, Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Биыл қос ардагер де 90 жасқа толып отыр. Олар сұрапыл соғыс жылдары тылда қызмет етіп, жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан.
Шаһар басшысы көпті көрген көнекөздердің өнегелі жолы жастарға үлгі екенін атап өтіп, елдің бірлігі мен ынтымағының сақталуына мұрындық болған мерейлеріне ризашылығын білдірді.-
-Өздеріңіздей қазыналы қарттарымыздың ерен еңбегі ел жадында, тарихта таңбаланған. Бүгінгі жарқын жетістіктеріміз Сіздердің сұрапыл соғыс жылдарында бел жазбай еңбек етіп, қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген жұмыстарыңыздың жемісі. Ел болашағы үшін еңбектен ерлік жасаған ерекше істеріңізге алғыс айтып, басымызды иеміз» – деп қала әкімі Нұржан Сәбитұлы қариялардың дендеріне саулық, әулеттеріне амандық тіледі.
Сондай-ақ, сый табыстап, құрмет көрсетті. Өз кезегінде қазыналы қарияларымыз ел-жұрттың амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
