Сейсенбі, 24 желтоқсан, 01:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Үй алудың тиімді жолы қандай?

13.01.2024

748 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Бүгінде тұрақты табысы бар азаматтар үшін ипотекалық бағдарламалар арқылы үй алу тиімді екені даусыз. Сол себепті де елдегі ипотекалық бағдарламалар жайын бәрі де білгісі келеді. Халықтың баспаналы болуына мүмкіндік жасаған тиімді бағдарламалар қатары аз емес. Олардың қатарына биыл «9-20-25» жаңа бағдарламасы да қосылды.
Осы орайда «Kursiv» сайты елдегі ипотекалық бағдарламаларға шолу жасапты. Осы ақпаратты негізге ала отырып, жұртшылыққа пайдалы болар деген ниетпен елдегі ипотекалық бағдарламалар туралы ақпарат бергенді жөн көрдік.

«9-20-25»

Жаңа жылдан бастап іске қосылуы жоспарланған жаңа бағдарлама туралы айтыла бастағаннан ел елең ете қалды. Бағдарламаның халық табысына ыңғайлы болғаны керек. Осы орайда «9-20-25» деп аталатын жаңа бағдарламаның қандай ерекшелігі бар? Бұған дейін жүзеге асқан «7-20-25» бағдарламасынан артықшылығына тоқталайық.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «7-20-25» бағдарламасына сұраныс көп болғанын атап айтты.
– Тұрғындар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына кеңінен сұраныс болды. Бірақ бұл бағдарламаны іске асыруға қаражат керек. Ұлттық банк өзінің лимитін қойған еді. Бұл лимит сұраныс тұрғысынан жеткіліксіз. Ұлттық банк мұндай шектеу қойғаннан кейін Үкімет аясында, сондай-ақ «Отбасы банк» және «Бәйтерек» холдингі бірлесіп, қосымша бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Ол – «9-20-25» бағдарламасы, – деді Премьер-министр.
Бағдарлама арқылы 8 мың адам немесе отбасын баспанамен қамту мақсаты көзделіп отыр.
– Қазіргі жағдайда 9 пайыз деген төмен мөлшерлеме саналады. Соны іске асыру үшін тиісті есеп-қисапты жасап отырмыз. Оған жыл сайын 150 млрд теңге керек және 8 мың отбасы немесе адамға осы ипотеканы алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін 100 млрд теңгені нарықтан тартуымыз қажет, ал «Отбасы банк» өзінің таза табысынан 50 млрд теңге бөлуі тиіс. Осы қаражатты қосып, 9 пайыздық ставкаға шығу керек. Бұл бағдарлама негізінен жастарға арналады деп санаймын, – деді Үкімет басшысы.
«Отбасы» банкінің төрағасы Ләззат Ибрагимова көпбалалы емес жас отбасылардан баспаналы болу үшін арнайы бағдарлама болса екен деген өтініш көп келетінін айтқан еді.
Бұл бағдарлама іске қосылса, нарықтағы ипотекалық несиелер арасындағы ең төменгі пайыз болмақ. Бұл бағдарламадан пайызы төмен «7-20-25» бағдарламасы да халыққа ыңғайлы болғанымен жыл басынан ай сайынғы лимит болған соң, бұл бағдарлама бойынша жалпы жұртшылыққа несие рәсімдеудің қиындықтары да болды. Мәселен, бағдарлама бойынша өтініш қабылдау басталған сәтте қаржы институттарының сайттарына жарты сағатта 12 мың адам кіреді екен. Бұл – үлгерген алады, үлгермеген қалады деген сөз.
Жалпы елімізде ипотекалық несиеге сұраныс жоғары. Сарапшылар пікірінше, «Отбасы» банк арқылы мемлекеттік бағдарламаларға өтініш бергенде 1 үйге орта есеппен 150-ден аса адам құжат тапсырады екен. Бүгінде қолма-қол ақшаға үй алуға мүмкіндігі бола бермейтін қарапайым халықтың мемлекеттік бағдарламалардан үміт күтетіні аян.

Жас ғалымдарға арналған бағдарлама

«9-20-25» бағдарламасының қанатқақты жобасы ретінде «Отбасы банк» жас ғалымдарға арналған бағдарламаны таныстырды. Ол 1 желтоқсаннан бастап іске қосылды. Бұл бағдарлама академиялық ғылыммен айналысатындарға арналған. Бұл санатқа сай келетін Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты 53 ұйым бар. Жоба 5 жылға жоспарланып отыр. Осы уақыт ішінде банк жеке қаражатынан шамамен 16,6 миллиард теңге бөледі. Бағдарлама шарты:
• Бастапқы жарна – 10 пайыз;
• Жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз;
• Үй бағасы 20 миллион теңгеден аспауға тиіс;
• Несие 19 жылға беріледі;
• 40 жасқа дейінгі қазақстандық ғалымдар қатыса алады;
• Соңғы 5 жылда атында үй болмауы керек.
«7-20-25»
Көпшілікке танымал бұл бағдарламаның жылдық лимиті – 100 миллиард теңге. Бағдарлама талабында баспана бағасына қатысты да шектеу бар. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларынан 25 миллион теңгеге дейінгі үйді ғана ала аласыз.
• Мөлшерлемесі – 7 пайыз;
• Бастапқы жарна – 20 пайыз;
• Кепілдік ретінде алатын үй қойылады;
• 25 жылға рәсімдеуге болады;
• Құрылыс компаниясынан салынып біткен, дайын үйді ғана алуға болады;
• Атында үйі болмауы қажет;
• Бағдарлама арқылы бір мәрте ғана баспаналы болуға болады.
Жастарға арналған бағдарламалар
Жастардың баспаналы болуына мүмкіндік берген бағдарламалар бірнеше аймақта бар. Атап айтқанда, «Елорда жастары», «Алматы жастары» деген секілді өңірде де «Сыр елі жастары» бағдарламасы аймақ жастарының баспаналы болуына жасалған бір мүмкіндік екені даусыз.

«Нұрлы жер»

Үй кезегінде тұрғандарға басымдық беріледі. Жалпы алғанда бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банк» салымшысы болу керек. Бағдарлама шарты:
• Мөлшерлемесі –5%;
• Бастапқы жарна – үй бағасының 20 пайызы;
«5-10-20»
Бұрын «Шаңырақ» деп аталған бағдарлама. Үй кезегінде тұрғандарға арналған. Табысы соңғы алты айды есепке алғанда 3,7 күнкөріс минимумы мөлшерінен аспауға тиіс
. Шарттары:
• Мөлшерлемесі – 5 пайыз;
• Минимум жарна – 10 пайыз;
• 20 жылға беріледі.
«2-10-20»
Бұрын «Бақытты отбасы» деп аталған. Үй кезегінде тұрғандарға беріледі. Бұл бағдарламамен үй алғысы келгендердің атында үйі болмауы керек. Бұл бағдарламамен тек әлеуметтік осал топ азаматтары ала алады. Оның ішінде жетімдер, көпбалалы аналар мен отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек бала асырап отырған отбасылар.

«30/70»

«Отбасы банк» ұсынатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама. Дайын не енді салынып жатқан жаңа үйлерден ғана алуға болады. Егер салынып бітпеген болса, онда жылжымайтын мүлік құнының 70 пайызына пара-пар болатын қосымша кепілдік қою керек. Шарттары:
• Бастапқы жарна – 30 пайыз;
• Алғашқы 4 жылда пайыз мөлшерлемесі 7-10 пайыз болады да, одан соң 3,5 пайызға түседі;
•25 жылға алуға болады;

«Жаңа баспана»

Бұрын «Әскери баспана» деп аталған бағдарлама. Арнайы орган қызметкерлері мен әскерилерге беріледі. Мөлшерлемесі – 3,5 пайыз. «Отбасы банктегі» арнайы шотқа түсетін жинақ төлемдерінің 50 пайызын салу керек.

«Өз үйім»

«Отбасы банк» салымшыларына арналған бағдарлама. Жоба аясында берілетін үйлердің бағасы нарықтағыдан төмендеу. Әлеуметтік осал топтағылар мен мемлекеттік қызметкерлер қатыса алады. Банкте 500 000 теңге жинағы болуы керек. Бастапқы мөлшерлеме – 3,5-7 пайыз аралығында. Кейін 5 пайызға дейін түседі. Алатын үй бағасының 20 пайызын алдын ала салу қажет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: