Асқарбек Ертаев 2026 жылғы 18 мамырда Жұмыс берушілер қауымдастығы форумының кулуарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға арналған жеткіліктілік шегін арттыру туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министрдің айтуынша, жеткіліктілік шегі осы айдың соңына дейін ұлғайтылады.
«Біз ең төменгі жеткіліктілік шегін шынымен көтеріп жатырмыз. Бұл қаражатты алуға тыйым салынады деген сөз емес. Алу мүмкіндігі сақталады, бірақ оны барынша шектеу қажет. Жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі есептеледі: 23–35 жас және 35–63 жас аралығы бойынша. Жалпы өсім шамамен 79%-ға дейін болады. Қазір біз формула мен барлық есептеулерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірге дайындап жатырмыз. Бұл ресми түрде жарияланады», – деді министр.
Оның мәліметінше, соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы қорынан 5 трлн 700 млрд теңге алған.
Министрдің айтуынша, бұл қаражаттың басым бөлігі несие өтеуге жұмсалған.
Сондай-ақ ол жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты мақсаты – азаматтардың қартайған шағына қаржы жинау екенін атап өтті. Оның сөзінше, әр азамат зейнет жасына жеткенде лайықты зейнетақы алуы үшін жеткілікті көлемде қаражат жинауы қажет.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
