Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық стратегиясын жетілдіреді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, – деп хабарлайды KAZINFORM
— Зейнетақы жинақтарының жоғары кірістілігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық стратегиясын жетілдіреді, яғни акциялар мен баламалы құралдар сияқты кірістілігі жоғары активтердің үлесін ұлғайтамыз, — деді Тимур Сүлейменов Үкіметтің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, осыған байланысты маусымда жаңа баламалы құралдар портфелі құрылды. 500 млн доллар сомасына бірінші транш жүргізілді.
— Зейнетақы активтерін жеке басқару институтын дамыту жұмысы жалғасады. Бұл олардың кірістілігін арттыруға септігін тигізіп, бағалы қағаздар нарығын дамытуға оң әсер етеді. Сонымен қатар, Үкіметпен бірге зейнетақы жүйесін реформалаудың тұжырымдамалық тәсілдері әзірленеді, — деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
